"СӘБИДІҢ ТАЗАЛЫҒЫ": КӨЛСАЙҒА СҰЛУ ДЕГЕН СӨЗ АЗДЫҚ ЕТЕДІ

Уақыты: 14.02.2020
Оқылды: 2178
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгін сіздерге өмірімнің бір күнінен әңгіме айтып берейін. 2019 жылдың тамыз айының 23-і күні Алматы қаласынан Көлсайға жолға шықтық.

Көлік тізгінінде - анам. Құлжа трассасымен жүріп келеміз. Жолдан таңқурай бақшасына кірдік, иісі аңқып, дәмі ұрып тұр. Көк шөпке жайылған малша, таңқурайдың бағына аралап кеттік. Ол жерден таңқурайды тоя жеп, ыдыстарымызға теріп алып, жолды жалғастырдық. Көзім ілініп, ұйқыға кетіп қалыппын. Көзімді ашсам, «келдік, келдік» деп жатыр.

Көлсайдың жанындағы Қарабұлақ ауылында тұратын әкемнің досы Беделбек ағаның үйіне келдік. Расына келсек, бізді көлді тамашалауға шақырған да осы кісілер. Түсте келдік, даладағы қара қазанға ет асылып тұр. Дастарқанға әкелген еттің, шыны керек, жартысын да жемедік-ау. Қалада өскен біз үшін бір қыстық соғымдай болып көрінді.

Ауыл табиғатының сұлулығын сипаттарға сөз жетпес. Құдды бір жұмақ бақша сияқты. Тамақ ішіліп, тынығып, көлге шығамыз деген кезде жаңбыр да құйып кеткені. Сонымен, көлге ертең барамыз деп шешіп, көрші ауылға қыдырып кеттік. Көрші Жалаңаш деген ауылға әкемнің ағасының қызы, әпкем тұрмыста. Әпкемнің үйіне барып, тағы да қазақтың ең сыйлы асы - ет жедік. Етінің дәмі таңдай қақтырады.

Сол түні әпкемнің үйіне қонып, таң атпастан тұрып, Қарабұлаққа жетіп, ары қарай Көлсайға бардық. Көлсайды көргенде тұрып қалдым. Өзім көп жерді көрмесем де, жер әлемді шарласа да, Көлсайдай сұлу мекен таппаспын деп ойладым. Жақында интернет желісінен Д.Ақтөренің өлеңін оқыған едім. Сол өлеңде:

Шын тау керек десеңіз - Хан-тәңірдей шыңым бар,
Мөлдір керек десеңіз - Көлсайдай мөлдір көлім бар.
Сұлулық керек десеңіз - Шарындай шатқал жерім бар,
Батырлық керек десеңіз - Райымбектей ерім бар! –
деген жолдар бар.

Сол өлең есіме түсіп кетті. Шынымен де, Асан Қайғы Көлсайды көргенде «жер жаннаты – Көлсай» дер еді-ау деп ойладым. Суы қандай мөлдір, ауасы тынысыңды ашады.

Адам көп. Туристер де қаптап жүр. «Good, beatuful!» деп қояды. Менің кеудемді мақтаныш кернеді. Көлсайға жақсы, сұлу деген сөздер аздық етер ау! Оның тазалығы – сәбидің тазалағы, оның мөлдірлігі – құралайдың көзіндей мөлдір, оның құшағы – анаңның ыстық құшағындай ғой, шіркін! Ел су салқын деп, шомылмайды екен. Мен сонау Алматыдан келіп, түспесем болмас дедім де, суық суға сүңгіп кеттім. Судан шыққанша тісім сақылдап кетті. Менен қалыспай, інім де суға түсіп кетті.

Түс қайта үйге барып, сірнеге тойып алып, жолға шықтық. Жолда келе жатып, әкем ағамның матчына үлгеру үшін асығып айдады. Келе жатып дөңгелек жарылды. Оны ауыстырдық. Тағы кішкене жүріп ек жанармай бітті. Міне қызық десеңші, қайта заправкаға дейін жетті. Ағамды матчқа үлгертіп, шаршап үйге келдік. Жол ауыртпалығы біздің көрген сұлулық жанында түк болмай қалды. Біз, осы демалыс үшін әкеме рахмет айттық. Міне, меніңше нағыз демалыс деген осы!

Заңғар ӘБДІРӘСІЛ,

№178 лицейдің оқушысы

Алматы қаласы

Сурет ғаламтордан алынды