"ЖЕҢІП ТҰРЫП, ЖЕҢІЛДІ": ТАЛДЫҚОРҒАН ТЕАТРЫ "АБАЙ" ТРАГЕДИЯСЫН САХНАЛАДЫ

Уақыты: 15.02.2020
Оқылды: 1188
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қоғамының қойторы аяңына налыған адамзаттың алыбы, ең алдымен, қараңғылықпен алысты. Білімсіз қараңғылық емес, бәлки, пайымсыздықтың қараңғылығымен десек дұрыс болар?! Өз ақылымен жол тауып, жорға-жортаққа түсіп кете алмастардың тобырлық әрекетіне азу қайрады. Ақиқатқа жақ болды. Еңлік пен Қамқаның жанарын жарық ғаламнан тайдыруына себепкер болған Қарабай, Кеңгірбай мен Құнанбайдың шалыс басқан жерінен шыр айналып шыға алмаған пайымсыздардың толқын қуатына жалаң кеудемен тойтарыс беруге тырысты. Алайда Абай жеңіп тұрып, жеңіліс тапты. Неге?

Осы сауал Бикен Римова атындағы Алматы облыстық драма театрына «Абай» премьерасын тамашалауға барған әрбір көрерменнің көкейінде сайрап тұрды.

Иә, адамзат ақылманы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай жетісулық өнер ошағы хәкім өмірінен сыр шертер, дәуірін көз алдымызға алып келер ерекше қойылым ұсынды. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің "Абай" трагедиясы сахналанды. Басты рөлді, яғни, Абай образын екі құрамда Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, елге танымал актер Сағындық Жұмаділ мен ҚР Мәдениет саласының үздігі Базарбек Тоқымтаев сомдады.

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», – деп заманның запыранын қасиетті қаламмен қашап, адамзат ғұмырындағы ұлы қателіктерді саралап, ұлы қасиеттерді айшықтап, ұлт құндылықтарын бұтарланбастан бедерлеген Абай образы көңіл тебірентті. Қойылымда ұлы ақынның айналасын қоршаған ақжүректілер сөз құдіретіне еріксіз бас ұрып, ақынның тереңінен мейірлене шөл қандырады.

Еменге қарап бой түзеген жас өскіндей Абайды ұстаз тұтқан ақын Айдар көңіл күмбезін зерлі етіп, ес тандырған Ажармен көңіл қосады. Алайда қара жамылған жесірді әмеңгерлік жол деген «есекдәмемен» ойша құшып үлгерген Нарымбет пен Оразбайдың жымдаса, жесір дауын от қып үріп, Айдар мен Ажарды өлімге таңып, осы арқылы алдынан арастандай жон көрсетіп, надандығына тыйым болып жүрген Абайды жазалағысы келгені өткен дәуір соқырлығын танытты.

Би біреу, дау екеу болған сол тұста қанатына тығылған қаршығадай ақынды арашалап, оның жаза басқан жеріне кеңшілікпен қарау керектігін, әке жолы жөн екен деп Қодар мен Қамқаның, Еңлік пен Кебектің қанын мойнына артқан кешегілердей кесім айтып, шешім түйіндеуге болмайтыны жанайқаймен жеткізілді.

«Мыңмен жалғыз алысқан» данышпан даудағы ара би болып, тел өскен қозыдай Айдарды арашалап ал деп, Керімге иек артпап па еді? Сол дана сенген Керім Абайдың: «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты», – дегендей, Айдардың ақындығына іштарлық танытып, жырда бабасын жазғырғаны үшін кек сақтап, Нарымбет тобына ілесіп кетпеді ме? Ақырында Айдарға у ұрттатты. Абайдың басына қамшы үйіргендерге септесті.

Жалпы мазмұны осылай баяндалған қойылымдағы ду-думан, дүбір-дүрмек кешегі заманды көз алдымызға алып келді. Би шешімдері, ара билердің айтысы сол замандағы дала заңын берік ұстанған бабалардың асыл қасиетін, ділмарлығын айшықтады. Түптеп айтқанда, «Абай» қойылымы жетісулықтардың жүрегін тебірентті. Бикен Рмиова атындағы драма театры ұжымының қабілет-қарымының жоғары, актерлердің таланты тау қопарарлық екеніне илантқандай болды.

Қойылым соңында Алматы облысы әкімінің атынан облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов сөз алып, өнер ошағының ұжымына шығармашылық табыс тілеп, Абай қойылымын жоғары деңгейде сахналағандарына өлке басшысы атынан ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар, қойылым режиссері Қуандық Қасымовтың иығына ұлт кәдесі бойынша шапан шапты.

Осы орайда айта кетерлік жайт, «сын шын болуы керек» деп Әшірбек Сығай айтпақшы, театр қоржынына қосылған тың туындыдағы кейбір дүниелер көңілден шықпағаны жасырын емес. Мәселен, хәкімнің қойылымның соңына дейін жалаңбас жүруі; жекелеген актерлердің (жанама эпизод) заманауи киімі, қолдорба (сумка) асынуы; шынымен (бутылка) арақ ішуі сияқты жайттар Абай дәуірін аңсап барған біздерді өткенге сана жетелетуімізге кедергі болғандай.

Осындай кішігірім жайттар Абай дәуіріне жат болып көрініп, көзге оғаш шалынғаны бар. Мейлі, мұны режиссерлік шешім десек те, қабылдау қиынға соқты. Көрерменге мұның әсері бола қойған жоқ деп түйіндедік. Заманауи киім, бұйымдар Абайға, оның кезеңіне жақындата алды ма? Міне, осындай сауалдар көңілге орнығып, іштей әр тұлға өз заманының құндылықтарымен, бұйымдарымен, өз образымен жүрекке жетеді-ау деп пайымдадық. Дей тұрғанмен, елге танымал режиссердің де, театр ұжымының да еңбегі бағалауға лайық.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы