"КИІЗ ҮЙ ФАБРИКАСЫ АШЫЛСА": ДЕПУТАТ ҰСЫНЫС БІЛДІРДІ

Уақыты: 18.02.2020
Оқылды: 2070
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биылғы жыл елімізде көптеген жақсылықпен, игі жаңалықпен басталды. Шалғай жатқан біздің Ұйғыр ауданына газ жүйесі тартылып, тұрғындар оның қызығын көре бастады. Бұйыртса, жаңа құс фабрикасы сәуір айынан бастап іске қосылып, аудан тұрғындары жұмыспен қамтылмақшы. Мұндай өнеркәсіп нысандары мен жаңа өндіріс орындары өңіріміздің өркендеуіне айтарлықтай септігін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Осының бәрі – мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып отырған шаруалар.

Облыс әкімі Амандық Баталовтың облыс тұр­ғын­дарына есеп беру жиынында алдағы кезеңге арналған даму жоспарына тоқталатыны белгілі. Соған байланысты өз пікірімді айтсам деп едім.

Мал шаруашылығы – атакәсібіміз. Оның өркендеуіне оң ықпалын тигізетін негізгі факторлардың қатарында малшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мәселесінің тұрғаны белгілі. Соған орай көп жерде малшылардың еңбекақысының тұрақты төленуі мен олардың зейнеткерлік қорындағы есепшоттары­на төлем аударылуы, шаруа қожалықтарының мате­риалдық-техникалық жағдайы, шопандардың тұрмыстық ахуалын жақсарту жұмыстарының жүйелі бақылауда болмай тұрғаны алаңдатады.

Мал шаруашылығын өркендетудің бұрынғы дәстүрлі қағидалары көп жерлерде ұмыт болып барады. Соның салдарынан шалғайдағы жайылымдарды пайдалану, сол арқылы арзан да сапалы ет, сүт, жүн өндірудің ақсап тұрғандығы жасырын емес. Тағы бір үлкен мәселе – шалғайдағы мал жайылымдарында шопандар отыратын киіз үйдің тапшылығы болып тұр.

Кезінде Үштөбе қаласын­да бүкіл Қазақстанды ғана емес, басқа да көрші республикаларды қамтамасыз ететін атақты Үштөбе киіз үй жасау фабрикасының жұмыс істегенін аға буын, біздер жақсы білеміз. Оның өнімі жоғары сұранысқа ие болған.

Бұл орайда айтпағымыз – тиісті мүмкіндіктер іске қосылып, сол фабрика өз жұмысын қайта жаңғыртса деген тілегіміз бар. Мұның өзі облыс экономикасының дамуына қосымша серпін беріп қана қоймай, мал шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрген шопандар қауымына да көрсеткен үлкен қолдауымыз болар еді деп ойлаймын. Нарық тұрғысынан алып қарағанда да бұл жоба өзін толықтай ақтайтындығы күмәнсіз.

Амандық Ғаббасұлының облыс тұрғындарымен есепті кездесуінде осы ұсынысқа байланысты ұстаным, пікірін естігіміз келеді.

Ызғарбек БЕКТҰРСЫНОВ,

Алматы облыстық мәслихатының депутаты

Сурет ғаламтордан алынды