ЭСТРАДА ЖҰЛДЫЗДАРЫ ЕСЕНҚҰЛ ЖАҚЫПБЕКТІҢ ӘНДЕРІН ШЫРҚАДЫ

Уақыты: 19.02.2020
Оқылды: 1245
Бөлім: РУХАНИЯТ

Т.Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясында «Алпысқа сонша асықтың неге, ғұмырым?» атты әдеби-сазды кеш өтті. Есенқұл Жақыпбекті еске алу шарасында республикалық «Ақ орда» қозғалысының жетекшісі Қайрат Сатыбалдыұлының арнайы жолдаған жүрекжарды сәлемін оның өкілі Қанат Мұсақұлов жеткізді.

Ақынның туғанына 66 жыл толуына арналған жиынның кіріспесінде аталған оқу орнының ректоры Ақан Әбдуәлиев:

- Мен Ес-ағамның жанында бала күнімнен бірге жүрдім. Оның жазған әр өлеңінің сыр-тарихын менен жақсы білетін жан жоқ шығар, сірә?! Ес-ағам мені үнемі жанынан тастамаушы еді. Сол уақыттарда дүниеге енді келіп жатқан өлеңдерін алғашқылардың бірі болып мен орындайтынмын. Маған бір күні қалжыңдап: «Сені бала кезде «Ақанчик» дейтін едім, кейін өнерің өрге жүзіп «Ақан» болдың, енді қазір бәрімізге «Пахан» болдың», – деп жұртты бір күлдіргені бар. Ес-ағам жайлы осындай қызықты естелік көп қой. Оның бәрі ауыздан-ауызға тарап кеткенін білесіздер. Одан да ардақты ағамыздың әні мен сөзіне жазылған «Бақ пенен қызыр қонса да» термесін орындап берейін, - деп шығарманы орындады. Ақынның жары Меңсұлу Нағашыбекованың иығына қазақы салтпен камзол жапты.

Өнер ордасының студенттері Есенқұл Жақыпбектің жырларын сахналық қойылыммен көрермен жүрегіне жеткізді. Бір көріністе ақынның балалық шағы бейнеленсе, енді бірінде жігіттік шағы, тағы бір сәтте алпысқа аяқ басқан кезі сомдалды. Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Құдайберген Бекіш, Бекжан Тұрыс, Саят Медеуов, Мәди Дәуренұлы, Мейрамбек Бесбаев, Роза Әлқожа, Бағлан Әбдірайымов, Ербол Спаналиев, Гүлшат Тәкежановалар ақынның сөздеріне жазылған әндерді орындады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Алматы