АУҒАН СОЛДАТЫ (көзге жас алдыратын әңгіме)

Уақыты: 23.02.2020
Оқылды: 1081
Бөлім: РУХАНИЯТ

Күнұзақ қарбалас тіршілігі мол жұмыстан шаршап-шалдығып үйіне келгені сол еді, зайыбы Қаншайым ас үйде дастарқан жайып жүріп:

– Бүгін түс ауа жұпыны киімі бар, қаңғыбасқа ұқсайтын бір адам сені іздеп келді. Қақпа сыртындағы қоңырауды шылдырлатып тұрған кім екен деп шықсам,  самайын ақ қырау шалған, сөлбірейген  біреу тұр. Оның түрінен шошып кеттім, – деді  жайбарақат.

– Ол кісі кім екен? – деді Абай зайыбының сөзіне мән беріп.

– Мәжитпін, Ауған солдатымын дейді.

– Не?! – деп жігіт ағасы басын көтеріп алды, – Мәжитпін, ауған солдатымын дей ме?

– Иә, онда тұрған не бар? – деп Қаншайым таңғалғаннан қолындағы қасығын түсіріп алды.

– Ал сен сол Ауған солдатын табалдырықтан да аттатпай қуып жібердің бе? – деді Абай ашуы жүзіне теуіп.

– Жоқ, қуған жоқпын. Абай үйде жоқ, жұмысында. Сол жаққа барыңыз деп жөнімді айттым. Көмек сұрап келген мүсәпірдің бірі екені анық. Кешкі ас дайын, дастарқанға кел, – деп әйелі қипақтап қалды.

– Жоқ, тамаққа тәбетім жоқ, – деп ренжіген Абай үйінің жоғары қабатына көтеріліп кетті.

– Мен соншалықты не істеп қойдым? Ол түрінде тұр мүсәпір біреу, мүмкін қаңғыбас шығар. Келген адамның барлығын қалайша үйдің төріне шақырамын, – деген Қаншайым күйеуінің соңынан ілесті.

– Сен дұрыс істеген жоқсың. Менің Ауған жерінде қанды шайқаста болғанымды білесің? Неге ол кісіні үйге кіргізіп, маған қоңырау шалмайсың? – деп ренжіген жігіт ағасы төргі бөлмеде киімін ауыстырып жатып, есікті жауып алды.

– Мен қайдан білейін, өзіңді мазалағаныма кей кезде ренжисің ғой, – деп әйелі жабық есік сыртынан ақтала бастады.

– Мама, не болды? – деп демалысқа келген, шетелде жұмыс істейтін ересек ұлы бөлмесінен шықты.

– Мама, папа, неге ренжісіп жатырсыңдар? – деп  жоғары оқу орнында сабақ беретін қызы Гүлім де үшінші қабаттан төмен түсті.

– Күндіз қаңғыбас кейіптегі бір Ауған солдаты әкелеріңді іздеп келген, соны неге үйге кіргізбедің деп ол маған қатты ренжіп жатыр, – деп аналары болған жайды айтты.

– Яғни, ол кісі әкемнің отыз жыл бұрынғы қаруласы болып шықты ғой. Алайда ол соғыс бәз-баяғыда-ақ аяқталды, ол күндердің елесін ғұмыр бойы сақтау дұрыс емес, – деп ұлы бөлмесіне қайта оралды.

– Мам, сен әкемнің Ауған соғысына қатысқан адамдарға деген ерекше сый-құрметін білетін едің ғой. Не болса да үйге шақыру керек еді. Енді әкем көп уақыт бойы қапаланып жүретін болды, – деп қызы да өз ойын білдірді.

Күйеуінің мінезін жақсы білетін Қаншайым дәл бүгін Абайдың мазасын алуға болмайтынын түсініп, жеңіл күрсініп, төменгі қабатқа өз шаруасымен айналысуға кетті. Түні бойы Абай көз іле алмады.

Иә, Мәжит сонау жылдары қандыкөйлек қаруласы болды. Сол талай жас боздақтың өмірін қыршынынан қиған Қандытау шатқалындағы шайқасты ғұмыр бойы ұмыта алмайтын шығар?! Жан-жағынан анталап, қаптаған жаналғыш дұшмандарға олардың әскери тобы үш рет төтеп беріп, ақыры кейін шегінген. Қарша жауған оққа қарамай оң аяғына, сол иығына оқ тиіп, жараланған Абайды иығына салып, шатқалдың қия белімен сүйреп алып шыққан осы ержүрек Мәжит еді. Оның ерлігі солдаттар арасында аңыздай айтылатын. Өзі епті, жылдам қимылдайтын өжет, соғыстың тактикасын да жете білетін Мәжитпен сол ауған жеріне барған алғашқы күні-ақ танысқан. Оның басты қасиеті – қандай қауіпті жағдай болмасын жолдасын жолға тастамайтын қайсар мінезі еді. Бұрын оқ-дәрі иісі мұрындарына келмеген жас солдаттардың сол бөтен жерде болған соғыста бастан кешпегені, көрмеген қиындығы жоқ. Әлденеше рет өлімнің көзіне тура қарау үшін де батырлық қажет болды.

Бірде жолда абайсызда тасадан тап беріп, оларды дұшмандар қоршап алып, қолға түсірді. Мұндай қатыгездікті Абай, Мәжит, Иван, Коля, Вася есімді ондаған солдаттың алғаш көруі еді. Ұрып-соғып, аяусыз қорлағандарымен қоймай тау беткейінде олардың қолдарын артына қайырып байлап, атып, өлім құштыру үшін қаздай тізіп қойды. Абай жанындағы Мәжитке қараса қарақошқыл жүзі түнеріп, тістеніп алыпты. Ал басқа солдаттардың әлем-тапырақ түрлерінен ештеңені байқау мүмкін емес еді.

– Қап, ақыры ажал құшады екенбіз, жастығымызды ала кетпегеніміз-ай, – деген Мәжиттің өкінішті дауысын естіді. Сол кезде Абайдың көзінің алды тұманданып,  денесі қалтырап  біртүрлі болып кетті. Алыс қалада қалған ата-анасы, бауыр, қарындастары есіне түсіп, алаңсыз балалық шағы көз алдынан өте бастады. Апасы кішкене күнінде көп айтатын «Балам, Алла тағалаға сыйынып жүр, көмегі болады» деген сөзін ойына алды. Содан соң жас жігіт екі білегін қиған арқанға шыдап, басын көк жүзіне қаратып, іштей бар білген сөздерімен құдіретті жаратушыға сыйына бастады. Жерлеріне келген жау солдаттарын қолға түсіргендеріне мәз болған дұшмандар ауған тілдерінде шүлдірлеп, мылтықтарын оқтап оларды ату үшін дайындала бастады.

Осы кезде Абай телміре қарап тұрған көк аспанның жиегінде бір қара нүкте пайда болды. Оның артынан екінші, үшінші қара нүктелер пайда болып, көз ілмейтін жылдамдықпен бері жылжи бастады. Жақындағанда бәрінің көзіне түскені жаудың зәре-құтын қашыратын өздерінің қара қарғадай әскери тікұшақтары ұшып келеді екен. Әуедегі тікұшақтар лезде келіп, дұшмандарды бұрқылдатып оқ астына алды. Тұтқындағы солдаттар тізерлеп жерге жата-жата қалды. Бұл тікұшақтардың кез келген кезде әуеде аяқастынан пайда болып, соғысқанда алдарына жан салмайтынын білетін дұшмандар бытырай қашып, тау шатқалдарына кіріп-кіріп кетіп,  әуеге оқ бората бастады.

Айналадағы  сары құмды желімен көшірген тікұшақтың екеуі келіп жандарына қонып, ішінен бірнеше әскери адамдар секіріп түсіп, тұтқындарға «тез мініңдер» деп белгі берді. Қолдары байлаулы солдаттар  жер бауырлап, жауған оққа қарамай тікұшаққа қарай жанталасып, еңбектей жөнелді. Жете бергенде әскери адамдар  тікұшақ ішіне оларды көтеріп кіргізіп, көзді ашып-жұмғанша әуеге көтеріліп кетті. Ажалдың ауызынан  құтылған жүздері сатала-сатпақ солдаттарға қарап, тікұшақ ұшқышы:

– Қорықпаңдар, біз өзіміздің жауынгерлерді жауға тастамаймыз, – деп күліп, жымың еткен. Бұл бастарына төнген бір ғана қауіп-қатер болса, алдарында сан түрлісі тосып тұрды. Әрбір ажал оғынан құтылу үшін қаншама көзсіз батырлық пен тапқырлық қажет болғанын бір өзі ғана біледі.

Кейін жарақат алғандықтан  әскер қатарына жарамсыз деп танылып елге қайтқан Абайды иығына асынған автоматын ұстап тұрып, қимастық сезіммен шығарып салған Мәжит:

– Бір күні мен сені іздеп келемін де, Ауған солдаты Мәжитпін деймін, сонда танымай қалып жүрме, – деп әзіл-шыны бар соңғы сөзін айтқан. Одан бері ойласа отыз жылдай уақыт өтіп кетіпті. Ал Мәжит өзін іздеп келген жоқ. Ол тірі ме, жоқ әлде оққа ұшты ма, ол жағынан да хабары болмады. Сол қанды соғыс жағдайында оның елдің қай мекенінде туысқандары тұратынын сұрап та үлгермепті. Ол қарбалас күндері ажал жаудырған оқ астында жүріп тіпті елге аман-есен ораламыз-ау деген ой да саналарында сансырап адасып қалып  еді.

* * *

Ертеңіне таңертеңгісін кеңсесіне келген Абай дереу күзет жігіттерін жинаған. Сол соғыс кезінде құшақтасып түскен Мәжит екеуінің көне суретін көбейтіп, олардың қолдарына ұстатқан.

– Мына кісіні бүгін қаладан іздейсіңдер! Автобекет, пойыз вокзалын түгел тінтіп қарап шығыңдар, – деп шұғыл тапсырма берген.

– Ол кісі қылмыскер ме? – деген бір күзетшінің сөзіне: «Жоқ, керісінше, ол батыр. Ауған соғысына қатысқан батыр. Егер таба қалсаңдар дереу маған хабарлаңдар», – деп жауап берген.

Күнұзақ Мәжитті іздеп кеткен жігіттерден хабар болмаған соң Абай шынымен уайымдай бастады. Зайыбының айтуынша, ол қаңғыбасқа ұқсайды екен. Қалтасында тиын-тебені болмауы да кәдік. Сонда қайда түнеп шықты екен? Мүмкін жол-жөнекей көлікпен келген жағына қайтып кеткен шығар. Онда өзінің оны іздеп табуы неғайбыл. Қандай жағдай болмасын, ол өзін іздеп келді ғой, яғни бұйымтайы болды. Қап... деп іштей енді қатты өкіне бастады. Осы кезде ұялы байланыс телефоны шылдыр ете қалды.

– Абай Қалауұлы, білмеймін, сол кісі ме, жоқ па, бір адам вокзал алдындағы орындықта қара нан жеп, су ішіп отыр, – деп суретке түсіріп салып жіберіпті. Абай қатты қуанып кетті. Қараса Мәжит! Әрине, өзгерген, жүзі жүдеу, киімі де оңып тұрған жоқ. Әйелінің қаңғыбасқа телігені бекер емес екен.

– Сырттай бақылаңдар, мен жеткенше ешқайда кетіп қалмасын, – деп Абай сыртқа ытқып шығып, есік көзінде тосып тұрған жеңіл көлігіне отырып жүріп кетті. Межелі жерге келгенде күзетші жігіт орындықта жайбарақат отырған кісіні сыртынан нұсқап жіберді. Мәжит қолындағы қалған нанның тұқылын алаңдағы құстарға шашып, олардың шоқып жегендеріне үнсіз қарап отыр екен. Жанына келген Абайға  көңіл де аударған жоқ.

– Ауған солдаты Мәжит, сіз кімді күтіп отырсыз? – деген  Абай  әзілді сөзбен үн-түнсіз оның қатарына отырды.

– Жай, бір ауған досымды іздеп келіп едім, таба алмадым. Енді мына құстармен сөйлесуден басқа жұмысым қалмады, – деп ол қарлығыңқы дауысымен  жауап берді.

– Қалай мені таба алмадың? Мен сені күні бойы іздеп табанымнан таусылдым ғой, – деп жылап жіберудің аз-ақ алдында қалған Абай оны ту сыртынан құшақтай алды. Мәжит те кемсеңдеп жылап жіберді.

– Мен сені теледидардан осыдан бір ай бұрын ғана көрдім. Тірі екеніңе, бұл өмірде бар екеніңе қуандым, – деп Мәжит көзіне келген жасты сілкіп тастады.

– Осы жылдары қалай өмір сүрдің? Араққа салынып кеткен жоқсың ба? Бала-шағаң бар ма? Немен айналысасың? – деп Абай Ауған солдатының қажыған жүдеу жүзіне көз жүгіртті.

– Әйтеуір, ағзамда орнығып алған бір оқпен ауғаннан тірі оралдым. Әкем молда болған адам еді, қанша жаным зардап шексе де арақты аузыма татып алған жоқпын. Ол жолға түссем бөтелкенің түбі мені тартып кетер еді. Ақылға келіп, үйлендім, балалы-шағалы болдым. Өмірім жақсы болды деп айта алмаймын. Қанды соғысты көрген адамның жүйкесі де дұрыс болмайды екен. Барлық қиыншылықты өзімнің қырсық мінезімнен таптым, – деп Мәжит  күстенген қолдарымен бетін сыйпады.

– Ол бөтен елде не үшін соғыстық? Неге басымызды бәйгеге тіктік? Сұрақ көп, жауап жоқ. Сен елге қайтқаннан кейін де «қара тюльпанмен» ілесіп, екі рет елдің боздақ жігіттерінің денесін ата-анасына әкеліп тапсырдым. Бұл маған жаумен соғысқаннан да ауыр тиді. Елге оралған соң Кеңес өкіметі тарады, жұмыс жоқ, ми шайқалған, денсаулық ауған жерінде құрыған. Жоқшылық пен тапшылыққа тап болдым. Ал үйдегі балалар күн сайын тамақ, киім-кешек сұрайды. Содан әйеліміз екеуміз бизнеспен айналысамыз деп банктен несие алып едік. Пайда таппақ түгіл, күйіп кеттік.

Одан қарап жүрмей баспанасыз болған соң тағы да несиеге пәтер алдық. Оны уақытылы төлей алмай әуре-сарсаңға түстік. Алған несиеміз пайызымен тым қатты өсіп кетті. Ондай миллиондар менде қайдан болсын? Әрине, оңай олжа табуға болатын еді. Сенсең, бір байкеш өзінің қарсыласын өлтіріп берсең 10 миллион теңге төлеймін деген ұсыныс жасады. Иә, иә, ауған соғысына қатысқан адамдарға кісі өлтіруді жоқтан оңай санайды. Мен бас тарттым, мойынға жазықсыз адамның қанын  жүктей алмадым. Мен қанішер емеспін.

– Сонымен не болды? – деді әңгімені мұқият тыңдаған Абай шыдамсызданып.

– Не болушы еді? Несие төленбеген пәтерден коллекторлар келіп қуып шығарды. Олар келіп шуылдаған бала-шағамды пәтерден қуа бастағанда бір-екеуін ұрып жығып, қашып кеттім. Қазір сол маңдағы ормандағы жеркепеде тығылып өмір сүріп жатырмын. Маған қарсы қылмыстық іс қозғапты. Ауған жерінде жаналғыш дұшмандардан қорықпап едім. Енді сағым сынып, өз елімде өгей болып, қорқып өмір сүріп жатырмын. Бала-шағам әр туыстың есігін сағалап жүр, – деген Мәжиттің дауысы дірілдеп кетті.

– Ауған соғысына қатысқандарға жеңілдіктер бар емес пе? – деді  Абай аузына қапелімде басқа жөнді  сөз түспей.

– Анда-санда беретін 15 мың теңгесін айтасың ба? Әуелде сендерді біз соғысқа жіберген жоқпыз деп маған айып таққан адамдар да жетерлік болды. Сонда біздің жазығымыз не? Соғыстан келген соң  алған жарақатымнан ауру меңдеп, білім ала алмай қалдым. Жұмысқа да алуға ешкім құлшыныс білдіре қоймады. Өйткені, мына көз бен құлақ әділетсіздіктің бәрін көріп, естіп отырады. Айтшы, мен сияқты қаңғыбасқа айналған ауған солдаты кімге керек?

– Түсінікті, неғылса да мені іздеп тауып алғаның дұрыс болды, – деп Абайдың қабағы түсіп, қабырғасы қайысып кетті.

– Егер шындықты білгің келсе айтайын. Несиесін төлей алмай адам өліп қалса, қарыздарын банктер кешіреді екен. Осы ой көптен бері мені мазалап, жанымды қажытып бітті. Бір сәтте өзімнің де, бала-шағамның да барлық мәселесін осы жолмен шешкім келді. Менің ажалдан қорықпайтынымды сен білесің ғой.

– Не, сен жаудан қорықпаған жауынгер енді қиыншылықтан қорқатын болғансың ба? Қанша рет ажалдың бетіне тура қарап, сытылып шықтың? Бұл жаман ой қалай миыңа келіп жүр? – деп Абай ашулы кейіппен  сілкініп орнынан тұрып кетті.

– Сол күні кешке жақын теледидар қарап жатсам сені бір хабардан көрсетті. Жақсы іскер азамат болыпсың. Шын айтамын, қатты қуандым. Соғыстағы күндер есіме түсті. Мына тұрмыс-тауқымет мені оқсыз жеңді ғой деген ой жанымды қинады. Содан кейін   орманға ұрланып келген әйеліме сен туралы айтып едім. Ол бейшара  барда-бар, бала-шағаң үшін қаруласыңмен кездес деп құлағымның етін жеді. Міне, бар отызжылдық өмірім осы ғана, – деп Мәжит қалтасынан умаждалған қағаз қорабынан темекі алып тартты. Абай селт етпей тыңдап, қатты ойланып қалды. Содан кейін:

– Мәжит, есіңде ме, бізді дұшмандар атып өлтірейін деп жатқанда тікұшақ ұшып келгені, – деді.

– Әрине, бәрімізді ажалдан құтқарды, – деді Мәжит ауғандық досының түріне аңырая қарап.

– Қазір де сол тікұшақ сені құтқару үшін шұғыл ұшып келді деп есепте. Ауғандықтар бір-бірін ешқашанда қиын кезде тастамайды. Барлық мәселеңді бір күнде емес, бір сәтте шеше алатын досың – ауғандық солдат алдыңда тұр. Еңсеңді түсірме, кеттік, батырым! Біздің әлі де қиыншылықпен күресіп жеңіске жете алатын күш-қайратымыз сарқылмаған, – деп Мәжитті қолтығынан демеген Абай алыстан өздеріне қарап тұрған жігіттеріне иек қақты. Олар үлкен  қара «джип» машинасын ауғандық екі солдаттың алдына жүргізіп әкеліп, есігін айқара ашты.

Нұрила БЕКТЕМІРОВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды