"ТАНЫЛМАҒАН ТҰЛПАР ЕДІМ": АСТАНАНЫ АЯЛАҒАН АҚЫН

Уақыты: 25.02.2020
Оқылды: 1325
Бөлім: РУХАНИЯТ

Күн борады, борады,
Жел екпiндеп соғады:
Жерге түспей –
Жауған қар,
Қайта ұшады жоғары.

Астанада ақ ұлпа қар жауып тұр. Оралхан Бөкей айтқандай, қыстың ұза-а-ақ кеші... Терезеге қарап ойланып отырмын. Әрине, қалықтаған қарға қарап қиялдайтын жастан әлдеқашан асып кеткем. Тек жазайын деп отырған мақаламның кілті әлі табылар емес. Сосын қарға қарамағанда қайда қарайсың?! Шынында да биылғы қыс біртүрлі болды. Қала қардан көз ашпады. Әкімге де, әркімге де қиын болды. Қалың қардың бейнеті де қалың екен. Қысқасы, бұл қыс шаршатты талайды.

Шаңырақ шуағы

Тоқта, қыс демекші, менің кейіпкерімнің де қыс келбеті туралы біраз өлеңдері бар-ды. Астананың басқа мезгілін білмейтін, қысқы сәтін жырлаудай жырлаған бір ақын болса, ол Өтепберген Ақыпбекұлы еді.

Ардақты аға қысы онша қытымыр емес өңірде, жер жаннаты Жетісуда туып-өсті. Сондықтан оның табиғат лирикасының шуағы төгіліп тұратын. Өзендер өрнектеген өлкеден анағұрлым алыс қонған Аралдың перзенті болсақ та өмірі көрмеген Өтекеңді сырттай жақсы білетінбіз. Ол кезде қалам ұстауға құмар бала бұрын-соңды ақын-жазушылардың қай-қайсысын да түстеп танитын еді. Газет-журналдың бетін бермейтін танымалы да, баспасөзде арагідік жарияланып жүрген елеусіздері де есіңде сақталып қалатын.

Сол тұста қоғамнан аулақтатылған Мұстафа Шоқайдың шығармаларын оқымасақ та қатардағы қаламгер Мұхамедсафа Шлыковтың мақалаларына дейін көз салып қоятынбыз. Себебі, кімнің не жазып жүргенін біліп отыру – жазылмаған заң. Ал Жетісу жақта жүріп жазған жырлары үлкен-кіші үтір-нүктесіне дейін қалдырмай оқитын «Жалын» журналына жарияланып тұратын Өтепберген Ақыпбековті де, айтыстың жаңа дәуірінде алғаш танылған таланттардың бірі, ақын қыз Жұмаш Оспанбекованы да көшеде кездестіре қалсақ, жазбай таныр едік. Себебі, газет-журналдарда олардың өлеңдері ғана емес, суреттері де қоса басылады.  Бірақ ол кезде екеуі бір үйдің адамы деп ойлағанымыз жоқ, әрине.

Әсіресе, Өтепберген ағамның жас кезіндегі суреті керемет еді. Мығым денелі жігіттің толқынданған шашы, мейірім ұялаған көзі, қыр мұрыны, сұлу мұрты «нағыз ақын осындай болатын шығар» деген ойға жетелейтін. Ажары мен базары келіскен ағамызды студент шағымызда Алматыда талай көріп жүрдік. Бұл жылдарда ол «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеді. Тек ойлы өлеңдер ғана емес, өткір мақалалар да жазды. Бірақ ол кісімен жөнді араласа алғанымыз жоқ. Әншейінде жетісулық бір қаламгерді көрсе жабысып айырылмай, бізбен таныстырғанша тағат таппайтын курстасым Талғат Батырхан да «Қазақ әдебиеті» жаққа ат ізін сала қоймады.

Оның есесіне, кейін еліміздің жаңа астанасында жолымыз түйісті. Қақаған қыстың ортасында елордаға қызметке келдік. Бас қаланы аяз буып тұрған кез еді. Далада боран ұйтқып соғады. Өкпек жел өзіңді жұлқылап, қойны-қонышыңды түгел тінтеді. Жұмыстан үйге жеткенше дірдек қағасың. Сондай бір күні Өтепберген аға Талғат Батырханды үйіне қонаққа шақырды. Тек өзін ғана шақырмапты. «Ана үйіңде жатқан досыңды ала кел», – депті. Кәдімгі соғымнан дәм таттыру дәстүрі. Бардық. Мен сөйтіп онымен алғаш рет жақынырақ таныстым. Ақын аға бір көргеннен ұнады. Жақсы адам екенін бұрыннан да білетінмін. Бірақ жан дүниесінің осыншама тазалығына таңғалдым. Ішкі әлемі мен сыртқы бейнесі соншалықты үйлесімді жанды көптен көргенім осы. Сені бірден баурап алады. Жүзі өте жылы, алайда көзінде бір түрлі мұң бар. Мұң болғанда да бір тәтті мұң. Әйтсе де күлген кезінде әлгі мұң сейіліп сала береді. Жалпы, жанары тұп-тұнық. Байыппен сөйлейді, әр сөзін ойланып айтады. Алматыда ұшып-қонған сабырсыз шайырлармен бірге жүріп, солардың тірлігіне әбден көндіккен басым, «осындай да орнықты ақын болады екен-ау» деп қайран қалып отырмын.

Бір кезде ол домбыраға қол созды. О, қазір енді бақсыдай ойнайтын шығар. Бәсе, ақын адам орнықты болушы ма еді... Жоқ, сол салмақтылығынан танбады. Әдемі қоңыр даусымен әуелетіп ән салды. Бұл ауылдың алтыауызы емес еді. Ол сол жолы көңілденсе ән шырқауға бейім тұратын арқыраған ақыннан гөрі кәсіби әншіге көбірек ұқсады. Ара-тұра дастарқан қамымен жүрген жеңешеміз де қосылады. Ән әлдилеген әулет. Ерлі-зайыпты екеуінің жарасымдылығы жұрт қызығатындай еді. Екі жақсы қосылады екен-ау дейсің мұндайда...

Жалпы, бұл үйдің қонақ күту дәстүрі ерекше екен. Шаттыққа толы шаңырақта қазақтың этнографиялық салт-санасының сабағы өтіп жатқандай болады. Бәрі әдемі, бәрі әдепті, бәрі келісті. Жасандылықтың ізі де жоқ. Келген қонақтарын аялап отырады екен Өтепберген ағам. Өзгелер секілді төріне шыққандарды көпіртіп мақтамайды. Ыстық-ықыласын қас-қабағымен-ақ аңғартады. Сол меймандарын да мінездерінің үйлесімділігіне қарай іріктеп шақырған ба дерсің. Осы үйге келгендер бірін-бірі қырық жылдан бері білетіндей бірден араласып-құраласып кетеді.

Дастарқан түн ортасына дейін жиналмайды. Ешкімнің үйіне қайтқысы келмейді. Ал қайтуға жиналғандарды Өтеш аға ерекше бір құрметпен шығарып салады. Бар болғаны қонаққа келсең де құдды бір думанды мерекеден еріксіз алыстап бара жатқандай, босағаны қимай аттанасың. Соның әсері ме, сыртқа шыққаныңда Арқаның ақырған аязының бірден беті қайтқандай болады. Қытымыр қыстың өзі сенің мысыңды бас алмай қалады. Өйткені жақсы адамдардың жан жылуын өзіңмен бірге ала шығасың.

Ол үйде бір емес, бірнеше рет болдым. Бәрінде де солай. Осы шаңырақтың әр мүйісінде мейірім шуағы ұялап тұрған секілді көрінетін маған.

Бас қаланың қамқоры

Көкте –
Текке дөңгелеп,
Қар қонбай жүр жерге кеп:
Шамды айналып ұшатын,
Бейне жынды көбелек.

Қаңтарда танысқан соң ба, көбіне Өтепберген ағамның қыс мезгіліндегі кейпін көзге елестетем. Қоңыз мұртына қар ұшқыны қонақтап, елорданың көшесінде алшаң басып келе жатады. Балуан денелі. Әр қадамын нық басады. Ақ қардың бетінде ізі сайрап жатады. Аязды Астананы жүрегімен жылытып, ілгері қарай адымдайды. Сол сәтте Жарасқан ағамның «Ақын кетіп барады көшеменен» деген әйгілі өлең тіркесі ойға оралады.

Ол еліміздің жаңа елордасын жан-тәнімен жақсы көрді. Өзі әсем Алматыдан бас шаһарға алдымен қоныс аударды. Содан соңғы өмірі бұл қалаға келгендерді жерсіндірумен өтті. Астанаға жұмысқа орналасқан біреуді көрсе, шап беріп ұстап алып, үйіне ертіп кетеді. Соғымнан ауыз тигізбей жібермейді.

Өтепберген Ақыпбекұлы мемлекеттік қызметтегі санаулы ғана ақынның бірі еді. Әділет министрлігінің тілге жауапты департаментінде қызмет істеді. Жалпы, бұл мемлекеттік органдағы тілдің ахуалы дұрыс-ты. Өйткені құрылымды Тіл комитетінің тұңғыш төрағасы болған ардақты азамат, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалинов басқаратын. Өтекең сол кісімен бірлесіп, мемлекеттік тілдің тағдыры үшін күресті. Өзі де министрліктегі ықпалды адамның бірі, басқарма басшысы еді. Бұл тұста танымал балалар ақыны шығармашылығын да тіл мәселесіне арнады. Балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларының тілін ұстартатын оқу құралдарын өлеңмен жазды. Тіл игерудің жаңа әдістемесін енгізді. Сөйтіп, баршаға белгілі бұл проблеманың да тоңын жібітті.

Ару Алматыдан алғаш келгендер Ақмоланың қаһарлы қысына көндіге алмайтын. Шыдамағандары келген жағына тайып тұрды. Үйренісе бастағандардың тұрақтауы да оңай болмады. Солардың бірқатарын жұбатып, жігерлендіріп, жаңа қаланың төріне орнықтырумен шындап шұғылданды Өтекең. Шынында да елорданың келбеті ол кезде жұрт қызығатындай емес-ті. Республика көшесінің бір үзігі ғана жұлдызқұрттай жарқырап тұратын. Жұрттың бар қызығы осы. Ел аузында «Пять минут Голливуда» деп аталатын. Қазіргі көкпен таласқан әсем ғимараттардың ізі де жоқ еді. Сондайда біреу-міреуді осы қалада қалуға үгіттеп көр! Бірақ елорданың толыққанды тұрғынына айналып үлгерген Өтепберген ағадан үлгі алған жолдас-жоралары, аға-інілері біртіндеп осында қоныс аудара бастады. Жақсы ағаның тағылымды бір ісі осы еді.

Бұл мақаланы жазу барысында Өтекеңнің өлеңдерін қайта қарап отырып, тағы бір нәрсені аңғардым. Ол елорданың қытымыр қысының бедерлі бейнесін армансыз суреттепті. Сол арқылы жалпы жұртқа жайсыз көрінетін аяз буған қаланың жағымды жақтарын барынша көрсетіп бағыпты. Ол кісінің өлеңдеріне қарасаң, Астананың қысынан артық әдемі де әсерлі мезгіл жоқ. Сол арқылы қайран ағамыз Арқа төсіндегі жаңа қаланың имиджін жасаған екен! Бір мекеменің миллиондап қаржы жұмсап, айлап-жылдап істейтін қыруар жұмысын ешқандай ақы-пұлсыз жалғыз өзі-ақ атқарып шығыпты.

Енді оның елорданың қысын жырлаған өлеңдеріне көшейік. Мынау «Қысқы Астана аспаны» деген өлеңінен үзінді: «Көк төрi – құтты орны, жап-жарық тiптi өзi: толған ай, кәдiмгi, тегене  сүт толы». Мұнан соң елорданың қысына қалай қызықпайсың?! Осындай жыр моншағы одан әрі былайша өріледі:

«Себелер жерге нұр, құбылып лезде бұл:
Жұлдыздар – салбырап, қол жетер жерде тұр
».

Жалпы, Өтепберген Ақыпбекұлы шығармашылығындағы қысқы галереяны зерделеп көрейікші. Өлеңдерінің тақырыптарының өзі бір әңгімеге арқау болады. Мінекей, «Қысқы Есіл», «Қарашықтай қалашық», «Президенттiк шырша», «Қысқы түн. Өлара...», «Әнші қыс», «Мұз-палуан», «Боран», «Қарлы боран», «Қысқы бұлт», «Астана. Қыс. Көктайғақ», «Қысқы Астана аспаны», «Жылбысқы қар»... Жететін шығар...

Сөзбен сурет салу жағынан шеберлігінде шек жоқ. Жүрекпен жазылған поэзия пейзаждары бірінен-біріне өтеді. Үлкеннің де, кішінің де көкейіне қона кететін қыстың қысқа күнінің қимас сәттері көз алдыңда тұра қалады. Өтепберген аға қар жамылып, мұз құрсанған Есілді де («Мұз көрпенi – қыс түсе, бүркендi де үстiне: Қалғып кеттi қарт Есiл, сезбейдi ол түктi де…»), елорда төріндегі мұз-қалашықты да («Қала iшiнде, қала бар, қонағы оның – балалар… Нән қамалдар, сәндi үйлер, ертегiге барабар…»), көшедегі аяғын аңдап басқан жүргіншіні де («Ауа салқын, шыңылтыр, бiр тылсым күш бұғып тұр: Бейқам жанды мұз-палуан, жалп еткiзiп жығып жүр…»), астананың аспанын да («Қыстағы бұлт – түтiндей, көктi жабар бүтiндей: Аяқ асты қар жауар, күн күркiреп, күрсiнбей…») келістіре кейіптейді. Бір кезде «Қазгидромет» мекемесінде қызмет істеген арқалы ақын табиғат құбылыстарын жеріне жеткізе суреттейді.

Өтеш ағаның өлеңдерін оқыған соң Астананың қысы туралы ой-пікірің өзгеше қалыптасады. Арқаның ақ боранына дейін жаныңа жақын көрініп кетеді. Ақынның нақты ұстанымы мынау. Табиғатта қолайсыз ауа райы деген болмайды. Тіршіліктің әрбір күні – керемет! Ол қоршаған ортаны аялауға үндейді. Елорданың қысқы бейнесін қара сөзбен жырлау арқылы астаналықтардың жүрегіне келешекке деген сенім орнықтырады. Қазір екінің бірі бас қаланың тұрғыны болуға тырысады. Ал әдепкі жылдарда ат-тонын ала қашуға дайын жүргендер жеткілікті еді. Өтепберген ағаның жыр маржанынан өрілген қысқы элегия сонысымен де қымбат.

...Қар әлі жауып тұр. Жаяу бұрқасын басталды. Бүгін де боран соғатын түрі бар. Өтепберген ағам айтқандай, «жерге түспей жауған қар, қайта ұшады жоғары...». Қыстың әдемі бір сәті. Тек оны жаңаша жырлайтын ақын арамызда жоқ...

Балалардың бағбаны

Ызбарланып, күйiнiп,
Қарды қойдай иiрiп:
Ашуланып боран жүр,
Жел-қамшысын үйiрiп…

Өтепберген Ақыпбекұлын тек Астананың қысын ғана жырлаған табиғатшыл шайыр деп қалмаңыз. Бұл оның шығармашылығының бір қыры ғана. Ол – белгілі балалар ақыны. Балаларға арнап жыр жазу – қиынның қиыны. Олардың ішкі әлеміне еніп, ұғынықты тілмен өлең өру әйгілі ақындардың бәрінің бірдей қолынан келе бермейді. Оның үстіне жас ұланға арнап сыр сабақтайтын қаламгердің өз өмірі де ел-жұртқа үлгі болуы керек. Бұл жағынан Өтекеңе мін таға алмайсың. Тіршілігі қайнаған ауылда туған. Мектеп бітіре сала еңбекке араласқан.

Ақын боларына көрінген шығар, ұлы Абайдың атындағы колхозда трактор айдаған. Ауыл клубын басқарып, көркемөнерпаздардың көрігін қыздырған. Жалпы, ақын атаулы комсомолдан алты шақырым аулақ жүрсе, біздің кейіпкеріміз осы ауылдың жастар ұйымының жетекшісі болған. Оны айтасың, кейіннен қып-қызыл саясатты оқытатын Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Бұдан соң Жетісу өңірінің және республиканың белді басылымдарында қызмет істеді. Мемлекеттік қызметті де абыроймен атқарды. Қазақ балаларының кәдесіне жараған «Балабақтың бір күні», «Балдай тәтті әліппе», «Жарыстан соң жарыс», «Футболшы боламын»,  «Доп»,  «Жарыс», «Жылдың төрт мезгілі», «Қырық қызық», «Экологиялық әліппе»,  «Қызықты әліппе», «Ажарлы Астана» атты кітаптар өмір жолы өнегеге толы осындай  беделді тұлғаның қаламынан туған.

Ол балалардың танымын оятып қана қоймайды, ұлтты ұлықтауға, халықтың салт-дәстүрін білуге тәрбиелейді. Жас ұрпаққа жеті атасын үйретеді. Туыстық атауларын жаттатады. Мүшел туралы мәліметке қанықтырады. Мәселен, оның «Жеті ата мен жеті ұрпақ» деген өлеңіне зер салайық:

Жеті ұрпақты білмейміз
Әлі күнге көбіміз.
Және бізге беймәлім
Біздің ататегіміз.
Ең алдымен сөз етем,
Бірінші ата – өз әкем.
Екіншісі – атамыз,
Үшіншісі – арғы ата,
Төртіншісі – бабамыз,
Бесіншісі – түп ата.
Қалай тыныш жатамыз,
Маған да, ата, бер бата!
Алтыншысы – тек ата,
Жетіншісі – ұлы ата.

Міне, қай оқулықтың мәліметінен, қай ұстаздың дәрісінен кем?! Этнографиялық дәстүр тұрғысынан айтар уәжіңіз бар ма? Баланың өз тілімен, өз ұғымымен түсіндіруі жағынан қандай кемшілік таптыңыз? Ол шынында да, баршаға танымал балалар ақындарының жолын жалғаған нағыз талант иесі еді. Өтеш ағам жеті ұрпақ туралы түсінікті де («Бірінші ұрпақ – ол бала, ұрпағыңды қорлама! Екіншісі – немере, үшіншісі – шөбере, төртіншісі – шөпшегің, бесіншісі – немене, алтыншысы – жүрежат, жетіншісі – туажат»), мүшел туралы ұғымды да («Бірінші мүшел – балалық, екінші мүшел – жиырма бес, майданға кірер қол алып. Отыз жеті – үшінші, енетін кезі сана нық. Қырық тоғыз – төртінші, білінер бойдан даралық») жас оқырманына қарапайым тілмен жеткізеді.

Кейде ол балалар поэзиясының ауқымынан шығып, азаматтық лирикаға ден қояды. Тіршіліктің түрлі құбылыстарының сырын ашуға ұмтылады. Сондай-ақ, өзінің ішкі әлеміне де жіті үңіледі:

Өмір қызық,
Әрі тұйық,
Кім білген,
Танылмаған тұлпар едім тың жүрген.
Бірақ, бірақ...
Тақап келген бақытты,
Шалмаға да іліктірмей жүрмін мен.

Осындай жаны жайсаң ақын еді ол. Аман-есен арамызда жүргенде жетпіс жасын тойлауға әзірленіп жатар еді.

Ана бір жылы біз Астанада тұрақтай алмай, Алматыға қайта көштік. Өтепберген ағамен көптен хабарласпай кеткенбіз. Бір күні үлкен ұлым үйленетін болды. Қонаққа шақыратындардың тізімін жасап, Өтепберген ағама хабарластым. «Осылай да осылай, жеңешемді ертіп6 Алматыға тойға келіңіз!» Тұтқаның ар жағынан мұңды дауыс естілді. «Ойбай-ау, айналайын-ай, мен сенің бұл тойыңа баруым керек еді ғой»...

Сөйтсем, қайран ағамның науқасқа шалдыққанына біраз болған екен. Ауру меңдей бастаған сияқты. Үні құмығып шығады.

Келесі жылы Астанаға ақпан айының боранды бір күнінде қайта көшіп келдік. Бұл кезде аяз қысқан елорданың суретін сөзбен салған шебер шайыр өзі керемет жақсы көретін қыс мезгілінде мәңгілік мекеніне аттанып кеткен еді...

Міне, тағы да бір қыс ұзап барады... Өзі көрмеген жетпістің қысы...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Нұр-Сұлтан қаласы