"КӨШЕГЕ АТЫ БЕРІЛСЕ": ЕШМҰХАМБЕТ ЕРЛІГІ ЕЛ ЖАДЫНДА САҚТАЛАДЫ

Уақыты: 02.03.2020
Оқылды: 1096
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әр ауылдың дамуына үлес қосқан немесе ерлігімен, еңбегімен танылған жандар болады. Олардың жарқын ісі өзгелерге үлгі болсын деген мақсатта ауыл, көшеге есімін беріп жатады. Жамбыл ауданының Қарақастек ауылында 1937 жылы қылмыскерлерді қуып, мерт болған Ешмұхамбет атаның да ерлік ісін паш етуге тұрарлық.

Ешмұхамбет атаны көпшілік Тампай деп атап кеткен. Сонау қиын-қыстау заманда жылқы бағып, аңшылықты кәсіп еткен жан ауыл жұртын асырап, мергендігі, батырлығымен де көзге түскен. Ол кісінің ерлік істерін көнекөз қариялар бүгінге дейін айтып отырады. Ал мына бір оқиға атаның көзсіз ерлігін айғақтай түседі.

Сол жылдары түрмеден қашып шығып, ұжымшар бастығын атып, мал ұрлаған үш адамды қуып, ұстамаққа әрекеттенген Ешмұхамбет ата қапияда көз жұмады. Ол кісі қылмыскерлерді Бұлақ деген жерге дейін қуып келеді. Олар сол жердегі қалың қорыстың ішіне тығылады.

Ешмұхамбет ата олар тығылған жаққа оқ атады. Қасында аңшылыққа бірге ертіп жүретін Ұшар атты тазысы болған. Сол ит ұрылардың ізімен барып, бірін қабады. Амалы қалмаған соң «болды, берілеміз» деп қолдарын көтеріп екі қылмыскер шығады, үшіншісі жоқ. Ешмұханбет ата: «Үшінші адам қайда?» - деп сұрағанда: «Сен оны атып тастадың, ол мерт болды», - дейді. Оның не өлі, не тірі екенін тексермек болып, жақындап барғанда өтірік өлген болып жатып, айласын асырған әлгі қылмыскер атаны атады. Сөйтіп жау қолынан небары 49 жасында қаза табады.

Олар Алматы түрмесінен қашып, тау арқылы Қырғызстанға өтпек болып бара жатқан қылмыскерлер еді. Сөйтіп бұрынғы қылмыстарына қоса екі адамның қанын жүктеп кеткендер он жылдан соң ұсталып, тиісті жазасын алады. Ал Ешмұхамбет атаның артында бес баласы жетімдік күйін кешіп қала береді.

Зайыбы Зілиман да бұдан екі жыл бұрын дүние салған еді. Соңында қалған Қасымқұл, Құрманқұл, Жолдасқұл, Гүлжаһан, Сейілхан атты ұл-қыздары әке-шешеден бірдей айырылып, бір-бірін жетелей жүріп өседі. Бүгінде осы балаларынан тараған ұрпағы аталарының осынау ерлігі ескерусіз қалмаса, ел жадында мәңгі сақталса деген мақсатта туған жері Қарақастек ауылының бір көшесіне Ешмұхамбет Дүйсебайұлының есімі берілсе деген ұсыныс айтуда.

Бабалар есімін мәңгі есте сақтау мақсатында өткен күзде Ешмұхамбет атаның ұрпағы Марат Топантайұлының ұйытқы болуымен Қарақастек ауылының «Октябрь» ұжымшары кезінде осы елдің малы мен жаны үшін қарақшылардың қолынан құрбан болған Ешмұхамбет Дүйсебайұлы мен Фин соғысын тамамдап, Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен ерлікпен соғысып, Берлинге дейін жеткен Қасымқұл Ешмұхамбетұлының, Калининград маңындағы шайқаста ауыр жараланып, елге оралған Жабалы Әмзекұлының құрметіне қанатты барыстан ескерткіш қойылды.

Ескерткіш тастың ашылуына ауылдық округ әкімі Бақыт Жораев пен ауыл ақсақалдары мен азаматтары қатысты. Жиылған көпшілік алдында Бақыт Жораев пен ауылдың беткеұстар азаматы генерал-лейтенант Амантай Күреңбеков ескерткіштің лентасын қиып, салтанатты түрде ашып берген болатын. Сондай-ақ, Дархан Ешмұхамбетовты еске алудан футбол турнирі өтіп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Марат Ешмұхамбетов бабаларының жарқын ісін жас ұрпаққа танытып қана қоймай, ауылдың дамуына да өз үлесін қосып жүрген арда азамат. Бойына ата-бабасының асыл қасиеттері дарыған, солардың есімін ел есінде қалдырсам деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ауыл перзенті атасының атына көше берілсе дейді. Оның ізгі тілегін тиісті мекеме, аудан, облыс басшылары қолдайды деп сенеміз.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Жамбыл ауданы

Алматы облысы