"ҚАЛТАМЫЗ КӨТЕРМЕЙДІ": МҰҒАЛІМДЕР БАҒА ҚОЮ ҮШІН 120 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖҮРЕДІ

Уақыты: 28.02.2020
Оқылды: 1529
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бірнеше жылдан бері мектептерде «Кundelik.kz» жүйесінің жұмыс істеп жатқанын мұғалімдер қауымы мен ата-аналар жақсы біледі. Бірақ бұл жүйенің жұмысын әлі күнге дейін орындай алмай жүрген мұғалімдер қатары көп. Осыны алға тартқан Панфилов ауданы, Ынталы ауылындағы Аманбайұлы атындағы орта мектептің мұғалімдері «Жетісу» газетінің редакциясына көмек сұрап, хат жолдады.

Бірнеше айдан бері электронды журналға баға қоя алмай жүйкесі тозған мұғалімдер жылдамдығы жоғары интернет желісінің ауылда орнатылмағанына наразы.

- Мектептегі 44 компьютердің тек 2-уі ғана интернет жүйесіне тіркелген. Мектеп ұжымы журнал толтыруға әр мұғалімге бір сағаттан уақыт бөліп, кесте орнатқан. Бұл – мәселеден шығатын жол емес. Бір сағаттың жарты сағаты тек құрылғыға телмірумен өтіп кетеді, - дейді ұстаздар.

Егер баға уақытында қойылмаса, мектептің рейтингі түсіп қалады-мыс. Жоғарыда аталған білім ошағы аудан мектептері бойынша жүргізілген рейтингте ең соңғы орында тұрған көрінеді.

- Біздің ауыл шалғайда орналасқандықтан, интернет желісі нашар. Бірақ бізге ұялы байланысы, интернеті бар көш ілгері ауылдармен бірдей талап қойылады. Жалпы, күнтізбелік-тақырыптық жоспар, оқушының бағасы уақытылы қойылуы тиіс. Алайда бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Аудандық білім бөлімі жіберген деңгейлік ақпарат бойынша біздің мектеп ең соңғы орында тұр. Мұғалімдер қауымы бұл жүйе жұмысын жандандырып, деңгейімізді жоғарылату үшін өз есебімізден ауданға баруға мәжбүрміз. 120 шақырым қашықтықтағы Жаркент қаласына барып, компьютер клубтарына кіріп, сағатына ақша төлеп, жұмысымызды атқарып жүрміз. Бұл бір рет қана істей салатын шаруа емес. Бірінің мүмкіндігі келсе, екіншісінің қалтасы көтермейді. Егер ауылымызға жоғары жылдамдықтағы интернетті қосса, мұндай проблема болмас еді. Мұғалімдердің мұңына құлақ асып, осы мәселенің шешілуіне атсалыссаңыздар екен, - дейді ауыл мұғалімі Анар Батырбекова (аты-жөні өзгертілді).

Біз өз тарапымыздан Панфилов аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Қастеевпен телефон арқылы байланысып, ұстаздардың мұңын жеткіздік.

– Ауданымыздағы барлық мектеп 100 пайыз интернет желісіне қосылған. Ынталы ауылы шалғайда орналасқандықтан интернет желісі бойынша кемшілік жоқ емес. Мектепте 44 компьютер бар. Оның барлығы интернетке тіркелгенімен, жылдамдық күші аз болғандықтан тек екеуі ғана негізгі жұмысқа жарамды. «Қазақтелеком» АҚ басшыларымен кездесіп, мәселенің мәнісін анықтаймын. Бүгінде ақпараттық технологияларды дамытуды, интернет желісімен барынша барлық ауылды қамтуды басты жоспарға енгіздік. Алдағы уақытта жылдамдығы дұрыс және қажетті мөлшердегі серверлерді іске қосатын боламыз. Бұл мәселені өзім қолға алып, жақын арада шешемін уәде беремін, – деді Тұрар Бақышұлы.

Алақандай ауыл мектебінде 125 оқушы білім алады. Саналы ұрпақ тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздардың жағдайын жасау кезек күттірмейтін мәселе екені сөзсіз. Қысқасы, интернеттің әлсіздігінен облыстың көптеген ауылындағы мұғалімдер «Кundelik.kz» жүйесін өз деңгейінде пайдалана алмай отырғандығы ащы да болса шындық. Мұндайда жүйеге қойылған бағаны ата-ананың қалай қадағалайтыны туралы әңгіме айтудың өзі артық секілді.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Панфилов ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды