АУЫЛДА ЕСЕНҚҰЛҒА АРНАЛҒАН АЙТЫС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 03.03.2020
Оқылды: 1373
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сарыбастау ауылында Есенқұл Жақыпбековтің туғанына 66 жыл толуына орай аймақтың жас ақындары айтысты. Мектепте өткен сөз сайысына қиырдағы елді мекеннің еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін жиналып, халықтың төл өнерін сүйсіне тамашалады.

Сарыбастау орта мектебінің бір топ оқушысы Есенқұл жырларын мәнерлеп оқып, ақын сөзіне жазылған «Жамбыл ауданы» әнімен шара шымылдығын ашты.

Оқушылар, студенттер және айтыс сахнасына жаңадан шығып жүрген өзге де жас ақындар бірімен-бірі сөз қағыстырып, тұңғыш телевизиялық айтыстың лауреаты Есенқұл Жақыпбеков рухын асқақтатты. Аудандардан келген 14 ақынның сөз қағыстыруын жамбылдық Ерасыл Жұмабек пен алматылық Мөлдір Айтбай бастады.

Одан кейін жамбылдық Әмір Сатыбалды мен талғарлық Нұрислам Абитилда, алматылық Нұрбол Жауынбаев пен жамбылдық Жұлдыз Керімбай, кегендік Расул Сауытбек пен алматылық Жадыра Жолтаева, райымбектік Айбын Жәмәли мен қарасайлық Қуандық Күргенов, алматылық Жанарыс Тілеубек пен аққайнарлық Айым Асылбекқызы, алматылық Бейбарыс Садықов пен алматылық Жаңагүл Дашын өзара жұп болып шеберлік байқасты.

Олардың өнерін 2019 жылдың «Алтын домбыра» иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Рүстем Қайыртай бастаған қазылар алқасы – Есенқұлдың шәкірті Елдос Үмбетәлиев, Айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер одағының мүшесі Айтуған Жетебаев, Қарғалы ауылдық өнер мектебінің ұстазы Асхат Бақтыбаев бағалады.

Алғашқы айналымда суырылып алға шыққан сегіз ақын финалға өтті. Оларды жұптастыруды енді кездейсоқ анықтауды жөн көрген қазылар алқасының төрағасы Рүстем Қайыртай залдағы көрермен ішінен ақсақалдар мен ақжаулықты аналарға жеребе тартқызды. Сөйтіп, үздік төрт жұп айтысты одан әрі қыздырды.

Қорытындысында жүлделі үшінші орын талғарлық Нұрислам Абитилда, жамбылдық Ерасыл Жұмабек және кегендік Расул Сауытбекке бұйырса, екінші орынға аққайнарлық Айым Асылбекқызы мен алматылық Нұрбол Жауынбаев ие болды. Бірінші орынды Жамбыл ауданының өрені Әмір Сатыбалды, ал бас жүлдені Алматы қаласынан Мөлдір Айтбай жеңіп алды.

Мектеп директоры Гүлжанат Дүйсемханқызы айтысты өткізгендерге тұрғындар атынан алғыс айтып, қазақы салтпен иықтарына шапан жапты.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Сарыбастау ауылы,

Жамбыл ауданы

Алматы облысы