"ЖАЛПАҚ ЖҰРТТЫ АУЗЫНА ҚАРАТҚАН": БАҚТЫБАЙ ЖОЛБАРЫСҰЛЫНА - 185 ЖЫЛ

Уақыты: 04.03.2020
Оқылды: 1606
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақтың заңғар ақыны Бақтыбай Жолбарысұлының 185 жылдығына орай әрі республикамызға белгілі қаламгерлер Тұрсын Әбдуәлиев пен Сәбит Биболовтың екі томдық «Бақтыбай ақын» жинағын жастарға насихаттау мақсатында «Көнермес асыл мұра» атты шара өтті.

Жиынға Текелі қаласының Құрметті азаматы Сәбит Жұмабайұлы, жергілікті ақын, жазушы Қыдыр Байдүйсенов, кітапхананың тұрақты оқырманы Қуат Құдайбергенов қатысты. Бұл басқосуға Текелі қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Марат Дәуренбаев және қаланың №5 орта мектебінің оқушылары да атсалысты.

Кітапханашы Еркежан Баймолданова шараны ақынның өміріне арналып жасалған бейнеақпаратпен ашып, жиналғандардың назарына ұсынды. Содан соң кіріспе сөз сөйлеп, бүгінгі кездесуге шақырылған жазушыларға алғыс айтты.

– Бүгін біз Бақтыбай ақынның шығармашылығын асыл мұра ретінде зерделеп, қағаз бетіне түсірген, бүгінгі күннің дариясы, бұған дейін де көптеген кітаптарымен оқырман қауымға жақсы танылған жазушылар Тұрсын Әбдуәлиев пен Сәбит Биболовтың бірлескен шығармашылық ізденісі нәтижесінде дүниеге келген екі томдық «Бақтыбай ақын» атты кітапты негізге алып отырмыз, – деді кітапханашы.

Шара барысында жазушылар Бақтыбай Жолбарысұлының өмірі жайлы, сонымен қатар, «Бақтыбай ақын» кітабының шығу тарихы туралы тартымды да әсерлі әңгімелеп берді. Текеліде дүниеге келген Бақтыбай ақынның тіл құдіретімен жалпақ жұртты аузына қаратқандығын, әсіресе, Бақтыбайдың суырыпсалма ақындық дарынын, шындықты шыңғыртып, ақиқатты айқайлатып айтатын қайтпас қайсар, ықпайтын өр мінезі оны асқақтата түскенін айрықша атап өтті.

Жастар жазушыларға Бақтыбай ақынға байланысты сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алып, тарқасты.

Шора БАТЫРБАЕВ

Текелі қаласы