"ЖЫЛЫЛЫҚ ПЕН ҰЛЫЛЫҚ": АНАНЫҢ АЛДЫНДА МӘҢГІ СӘБИМІЗ

Уақыты: 08.03.2020
Оқылды: 1790
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ана – тіршіліктің бастауы. Күллі әлем бас иетін бір-ақ бейне бар. Ол – АНА! Оған ешкім тең келмейді. Тең келер жан әлемде жоқ.

Ананың құдіретін есі бар адам түгілі, көзін әлі ашып та үлгермеген жаңа туған шарана да емшек сүтінің иісімен біледі. Ал ана болса, құрсағына бала біткен сәттен бастап кіршіксіз таза махаббатын арнайды. Тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібітіп, ауыр мехнат тартып, дүниеге алып келген шаранасын ең алғаш бауырына басу АНА үшін ең бақытты да мерейлі сәт. Тоғыз ай, тоғыз күн жүрегінің астында көтерген, түн ұйқысын төрт бөліп, бесік тербеткен, қыстың аязына тоңып, жаздың аптап ыстығына күйіп, ұлын ержеткізген, қызын бойжеткізген аяулы жанға бәріміз мәңгі қарыздармыз.

Адам адам болғысы келсе, алдымен АНАНЫ сыйлай білуі керек. Өмірде ана алақанының қызуы мен мейірімін ештеңемен алмастыра алмаймыз. Аялы алақанымен маңдайымыздан сипағанда, жып-жылы бауырына құшқанда, бар мейірімін төгіп еркелеткенде, өмірде сенен артық бақытты жан болмайтыны анық.

Адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен АНАДАН тарайды. Ананың ақ сүтін емірене ішіп, ақылын санасына құйған, бірауыз сөзін жерге тастамаған адамның жаман болуға еш хақы жоқ. Перзентіне жарық дүние сыйлаған ана махаббатын ақ жаулығының ұшына түйіп, жүрегіне мәңгі сақтап жүруінің өзі үлкен ерлік.

Күндіз-түні Жаратқаннан перзентінің амандығын тілеп, көз ілмей таң атырған күндерінің қарызын ешқашан да өтей алмаспыз, сірә?!

Бала құласа, ананың жүрегі жылайды. Осыдан-ақ, ана жүрегінің қаншалықты дарқан екендігін білуге болады. Ал біздер көп жағдайда анамыздың жанында жүріп, қадіріне жете бермейтініміз өкіндіреді. Қасында болсақ, тіпті, тепсіне тіл қатып, сілкініп сөйлейміз, зіркілдеп жауап беруіміз мүмкін. Түйеден түскендей ауыр сөздің салмағы жанына батып тұрса да, ана жүрегі еш ренжімейді. Көңіліне алмайды. Өйткені, ол АНА ғой.

Осы орайда, Міржақып Дулатұлының «Бізді сүйетұғын, күйетұғын, әрқашан қамымызды ойлап жүретұғын абзал жанды адам, бұл – АНА» деген сөзі еріксіз ойға орала кетеді. Ана үшін перзентінің амандығы мен адам болып өсуі ең үлкен марапаттың марапаты емес пе?! Баласының титтей де болсын қуанышына шын жүректен қуанып, ақ батасын арнайтын да АНА. Қандайда бір биікке көтерілсек, өмірде олжалы болсақ, бәрі-бәрі ананың арқасы екенін ұмытпағанымыз жөн.

«Анасы бар адамдар ешқашан да қартаймайды». Расымен де, анасы бар адамдар өздерін әлі де сәбидей, сәби болмаса да, қорғаны бар, ұясы бар қанатсыз балапандай, жұлдызымен әдемі аспандай,  жапырағымен жайқалған бәйтеректей, самал желі бар көктемдей, жайнаған гүлі бар жаздай, жаңбыры бар күздей, қары қыстай, қысқасы, төрт құбыласы тең адамдай сезінеді. Тіршілігімізге нәр берген, бойымызға қуат берген, өмірімізді сәнге бөлеген, жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылықты ұялатқан тіршіліктің сәні анаға мәңгі ҚАРЫЗДАРМЫЗ!

Еңлік КЕНЕБАЙ