ҚЫЗЫЛАҒАШ АПАТЫНА - 10 ЖЫЛ: ЖАЗЫЛҒАН ЖАРА, ЖАҢАРҒАН АУЫЛ

Уақыты: 11.03.2020
Оқылды: 2383
Бөлім: РУХАНИЯТ

Осыдан 10 жыл бұрын Қызылағаш ауылын бір түнде тасқын су шайып кетіп, елді дүр сілкіндірген еді. Елдің ауызбірлігі арқасында тасқыннан зардап шеккен ауыл үш ай мерзімде түгелдей қайта қалпына келтірілді. Барлығы 70-ке тарта компания 500-ден аса баспана тұрғызды. Тасқыннан зардап шеккен Егінсу, Ақтоған ауылдарының да қираған үйлері жөнделіп, тұруға жарамайтындарының орнына жаңасы салынды. Тасқын су алған ауылдардың инфрақұрылымы толығымен жаңартылды. Су, электр желілері тартылды. Көше асфальтталды. Мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, сыныптар заманауи компьютермен жабдықталды. Ауылға кең жолақты интернет желісі тартылды. Жаңадан «Нұршуақ» балабақшасы пайдалануға берілді. Оқушылардың біразы жазда Көкшетау және Жаркенттегі демалыс орындарында тынықты. Сол жылы мектеп бітірген балалардың жоғары оқу орнына түсуіне мемлекет тарапынан грант бөлінді. Халыққа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсететін сәулеті сәнді ғимараттар салынып, елдің игілігіне берілді. Мал-мүлкі суға кеткендерге төрт түлік және үйге қажетті техникалар мен жиһаздар үлестірілді. Шаруашылықтардың астық егуі үшін тұқым таратылып, «Қызылағаш» машина-трактор стансысы құрылды. 45 техника алынды.

Бүгінде Қызылағашта үш мыңнан аса тұрғын бар. Елді мекендегі 186 шаруа қожалығының жартысы мал, қалғаны астық өсіріп, несібелерін арттыруда. Сын сағатта Қазақстан жұртшылығы су апатынан зардап шеккен елді мекенге жан-жақты көмек көрсетті. Ел елдік танытты. Соның нәтижесінде, тұтас бір ауыл қайта тү­леп, сәулеті мен сымбаты келіскен елді мекенге айналды. Осыдан он жыл бұрынғы апат мәңгі жадымызда, мәңгі ұмытылмайды. Елестетудің өзі қорқынышты...

...Ауыл іші дүрлігіп кетті. Әшейінде қоңыр тірліктеріне риза болып, жайбарақат жататын Қызылағаштың тұрғындары бүгін ерекше алаңдаулы. Әсіресе, ерлер жағы бір-бірімен ақылдасып, бала-шағаны ауылдан алып кету жағын ойластыруда. Тоспаны арнайы көріп келгендер жағдайдың қауіпті екенін айтып, елді ауылдан тезірек кетуге үгіттеуде. Таудан келіп жатқан қардың суы тоспадан асатын сыңайлы.

Әлібай ол маңда біраз уақыт істегендіктен жағдайды жақсы біледі. Түске дейін тоспаға барып, көріп келді де бала-шағаны тез жиналдырды. Айтқандай-ақ, түс ауа ауылға ағын су көптеп келе бастады. Жылдағыдан ерекше мол. Қора-қопсы белшеден судың ортасында қалды. Қыстың мал азығы біраз жеріне дейін суға батты. Енді тездетпесе болмайды.

Қоңсы отырған Наурыздың келіншегі ауыраяқ еді. Оларға да көршісі ауылдан шығып кетейік деді. Наурыз бен Қалима жинала қоймады. Кетіп бара жатып асығыс-үсігіс терезесін тағы қақты, асығытын емес. Амал жоқ, өздері кетуге тура келді. Айы-күні жетіп отырған Алтынгүлдің аяғы тайғанақтап, қашаға әрең жетті. Қасында басқа да балалары бар. Өздері Қытай жерінен атақонысқа бір-екі жыл бұрын көшіп келген. Қызылағашта туған қызының есімін Елмира қойған. Ол 6 жаста. Қызды көтеріп, Алтынгүлді сүйемелдеп, көлік жүретін орталық көшеге әрең жетті.

Қарақұрым ел. Тоқтаған көлікке жапатармағай отырып кетіп жатыр. Ауылда қарбыз өсірумен шұғылданатын Қазбек деген шешен ұлтының өкілі тұратын. Сол қызылағаштықтарды «ГАЗ- 53» маркалы жүк көлігіне сыйғанынша тиеп, қауіпсіз жаққа көшіріп жүр. Жанашырлық, бауырмалдық осындайда байқалады ғой. Дәл сол кезде Қазбектің ісі жай ғана көмек сияқты көрінген.

Қазір ойлап тұрсақ, Қазбек талай адамды ажалдан арашалапты. Нағыз азамат! Жекеменшік «ГАЗ-53» көлігіне ауыл тұрғындарын аузы-мұрнынан толтырып тиеп, қауіпсіз жаққа тасып жүр. Апарып тастайды да қайтадан қайтады. Бар болғыр-ай! Ауылдың ішімен өтіп бара жатқан жүк көлігі Алтынгүлді көрісімен, тежегішін басты. Айы-күні жетіп тұрған әйелдің қасынан өте алмады білем. Әлібай бала-шағаны сол көлікке отырғызып жіберді. Алтынгүл қалаға жетісімен толғағы қысып, бірден перзентханаға жеткізілді. Қазақ даласын іңгәлаған дауысқа бөлеп, ертеңінде өмірге ұл бала келеді. Ел-жұрттың тілеуін тілеген анасы жарық дүние есігін ашқан ұлына тарихи күнді есте сақтау үшін Тасқын деп ат қояды.

Сонымен, жаңа босанған келіншек Талдықорғандағы перзентханада 20 күндей жатты. Облыс басшылығы Алтынгүлдің хал-жағдайын өздері қадағалап, ауруханаға барып тұрды. Керек-жарағы тоқтаусыз жеткізілді. Алтынгүл ол күндерді бүгінде ерекше тебіреніспен еске алады. Елге, дәрігерлерге айтар алғысы шексіз. Облыстық перинатальдық орталық жаңа босанған келіншекке бала ширағанша осында болыңыз деп бар жағдайды жасады.

- Ел басқарған азаматтардан айналайық, бізді қиын-қыстау кезде далаға қалдырмады, - дейді Алтынгүл 10 жыл бұрынғы жағдайды тебіреніспен еске алып.

Амал не, сол күні жолға шықпай қалғандар ауыр жағдайға тап болды. Бірі ештеңе ете қоймас деп жайбарақаттық танытса, енді бірі мал-жанды иесіз тастап кетуден қауіптенген. Апат айтып келмейді. Түнде бар екпінмен келген тау суы алдындағының барлығын жайпап, ағызып әкетті. Ауылдан қашып шыққандарды Үкімет қамқорлыққа алып, жылы жерге орналастырды. Жатын орын, киім-кешек, ас-судан таршылық көрмеді.

Ер азаматтар Қызылағашқа қайтып келіп, су шайып кеткен ауылды қалпына келтіруге атсалысты. Кейбір отбасылар Үкімет тігіп берген шатырда бала-шағасымен жатып, жаңа баспананың берілуін күтті.

Жұмыс бірден қызып кетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылағашты назарда ұстады. Көмек барлық облыспен жекелеген кәсіпкерлерден де келіп жатыр. Дәрігерлер күн сайын тұрғындардың денсаулығын қадағалайды. Арнайы құрылған комиссия елдің әлеуметтік жағдайын күні-түні қадағалап отырды. Күн сайын Қызылағашта жауапты мамандардан құрылған штаб отырысы өтеді. Онда халықтың жағдайы, ауызсу мәселесі, тұрғын үй салу жайы айтылады. Ауылдан 14 көшенің үйі бірден салына бастады.

Тасқынның дүниеге келгеніне жиырма күн болғанда сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Амандық Баталов жергілікті басшылыққа жаңа босанған әйел мен баланы Жансүгір кентіне апарып, ерекше қадағалауға алуды тапсырды. Алтынгүл мен Тасқынды арнайы машинамен Қызылағашқа әкелгенде шатыр қасында Амандық Ғаббасұлы күтіп алды.

Алтынгүл жаңа туған нәрестемен шатырда  қалғысы келді.

- Балаларым жәутеңдеп қалыпты. Осылардың қасында болайыншы, - деді. Бірақ әкім орынбасары: «Бұл жер шаң-тозаң. Саған мұнда қалуға болмайды. Баланы сырқаттандырып аласың. Жансүгірдің ауруханасында боласың», - деп ана мен баланы ауруханаға аттандырды. Балаларының бетінен сүйіп, амандығына көз жеткізген келіншек аудан орталығына жіберілді.

Сонымен, су тасқынынан кейін екі- үш айда үй тұрғызылды. Көше шаң-тозаңнан күнде тазаланып тұрды. Арық тартылды. Көше бойларына қайың, терек, емен, шырша отырғызды. Жаңа ауыл ел танымастай түрленді. Елді мекенге танымал өнер жұлдыздары келіп, қайырымдылық концерттерін қойды. Елге танымал әншілер ауылдың рухын көтеру үшін кезек-кезек келіп тұрды. Алтынгүл мен Тасқынды жап-жаңа үйге кіргізді. Суға ағып кеткен малдың орнына қораға мал әкеліп берілді. Бүгінде сол мал өсіп, Әлібайдың қорасында біраз ірі қара және ұсақ мал өз төлі есебінен өсіп келеді.

Тасқын биыл он жаста. Ауылдағы Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектепте оқиды. Білім шаңырағындағы оқушылар саны бүгінде 600-ден асты. Ал осыдан 10 жыл бұрын аталмыш мектеп оқушыларының саны – 300-ге жуық болыпты. Ауылда туу көрсеткіші артқан. Мектеп ұстаздарының саны 100-ден асады. Оның 70 пайызы жастар. Оқу орнында компьютер кабинеті бар. Мектеп директоры Данияр Ақмолдановтың жұмысына ел риза.

Жыл сайын ауылда 70-80 бала дүниеге келеді. Мектеп жанында мектепке дейінгі дайындық тобы бар. Ондағы балалар саны – 74. Соңғы 10 жылда мектептен 400-ге жуық бала түлеп ұшқан. Тасқын сол бақытты балалардың қатарында ойнап-күліп, өсіп келеді. Биыл да ауылдың әлеуметтік жағдайына бюджеттен қаржы бөлініп, көркейту, көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек.

Гүлжан ТҰРСЫН

Қызылағаш ауылы

Ақсу ауданы

Алматы облысы