Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

КОРОНАВИРУС: АҚБЕРЕН ЕЛГЕЗЕК ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ЕСКЕРТКІШ ҚОЮДЫ СҰРАДЫ

Уақыты: 16.03.2020
Оқылды: 335
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен ЕЛГЕЗЕК әлеуметтік желідегі парақшасында коронавируспен күресуші дәрігерлерге арнап, жазба жариялады. Өз сөзінде ол Мемлекет басшысынан халықтың денсаулығы үшін жан алысып, жан берісіп жатқан дәрігерлерге Нұр-Сұлтан қаласынан ескерткіш қоюды сұрады. Толық мәтіні төмендегідей:

Екі-үш күн өтпей-ақ, бәріміздің өміріміз күрт өзгерді. Санамызға үрей, көңілімізге алаң кірді. Құдай Тағала бәрімізді панасына алып, адамзатты тезірек бұл індеттен құтқарсын!

Осындай қиын жағдайда әрқайсымыз жағдайды бақылап, сыртқа шықпай үйде отырмыз. Талап сондай. Орындау керек. Ал, енді тап осы жағдайда біздің ардақты дәрігерлеріміздің, медбикелер мен мейіргерлеріміздің, жедел жәрдем жүргізушілердің, ауруханалардың қабырғасы мен еденін жуып, сәт сайын вирус жұқтырып алу қаупін басынан кешіріп жүрген санитарлық қызметкерлердің жағдайы нешік десеңізші! Олардың көңіл-күйлерін кім ойлап отыр?!

Бұл кісілердің де бала-шағасы, туған-туысы бар. Бұл кісілердің де жеке өмірі бар. Ал, олар мына жалмауызбен жүргізіліп жатқан соғыстың өтінде, ауырып жатқан әр азаматымыз үшін жан алысып, жан берісіп жатыр. Әрине, кейінгі кезде біздің медицина саласына көңіліміз толмай жүр. Кей дәрігерлеріміздің біліктілігіне, салада қалыптасқан жемқорлыққа, басқа да дүниеге наразымыз. Баяғы бір “ақ халатты абзал жан” деген қастерлі ұғымның құны да түсіп кеткен сияқты.

Бірақ қазіргі жағдайда біздің медицина мамандарына еш оңай емес. Күндіз-түні ауа өтпейтін формаға қымтанып, басын қатерге тігіп жүрген әр дәрігердің орнына өзіңізді қойып көріңізші! Өте қиын жағдай! Үйде жатып ап, ақ бопты, көк бопты деп жату - кім-кімнің болсын қолынан келеді. Ал, әлгіндей сәт сайын, сағат сайын, тәулік сайын кірпік қақпай сіз бен біздің денсаулығымыз үшін аянбай еңбек ету - нағыз қаһармандық!

Сол себептен, біздің ардақты да жанкешті дәрігерлерімізге кішкене болсын қолдау сөз айтқым кеп отыр.

Ақ халатты абзал жандар! Сіздердің дәл қазіргі жағдайдағы еңбектеріңіз ерен, халыққа жасап жатқан әр жақсылықтарыңыз үшін әрқайсыларыңызды Тәңірім жарылқасын! Көп рахмет сіздерге! Адамзатты осы бір індеттен құтқару - әуелі Жаратқанның әмірі болса, екінші өздеріңіздің қажырлы да өлшеусіз еңбектеріңіздің арқасында болмақ!

Осы ретте мен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлынан короновирусты жеңген күннің ертесінде Нұр-Сұлтан қаласында Дәрігерге еңселі ескерткіш қоюды тапсыруын сұраймын! Денсаулық министрлігіне, әр аурухана басшыларына шыдамдылық пен қайрат-қуат тілеймін! Біз тек осындай жағдайда ғана емес, мәңгі бірге болуымыз керек!

Сөзіммен келіскен әр азамат осы постымды бөліссін. Дәрігерлеріміз оқып, халық олармен бірге екенін білсін, қолдап отырғанымызды сезсін, қайраттана қызметін атқарсын.

Ақберен ЕЛГЕЗЕК,

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары