"ХАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕСІ": БАЛА ТӘРБИЕЛЕУ - ЕҢ АЛДЫМЕН, АДАМ ТӘРБИЕЛЕУ

Уақыты: 18.03.2020
Оқылды: 1018
Бөлім: РУХАНИЯТ

Адам өмірінде әр алуан сәттер болады. Соның ішінде, менің есімде айрықша қалғаны – балабақша есігін алғаш ашқан кезім. Сол кезде балабақша – бақытты балалық шақ әлемі екендігін, өзімнің осы әлемге тап болғанымды түсіндім.

Балалар әлеміне бір бойласаң, басқа мамандыққа ауысып кете алмайсың деп ойлаймын. Өйткені, бала – пәк, тап-таза. Ол қайнар бұлақтың бастауын, көзін ашып, тұнығына қану үшін қаншама қиын да, қызықты еңбек пен тер төгу керек. Бүлдіршіндерді ана тілінде таза сөйлету, оларды ойын анық, еркін, көркем жеткізе алуға баулу, танымдық қабілеттерін дамыту – тәрбиеші мақсаты.

«Бала тәрбиелеу, ең  алдымен, адам тәрбиелеу». Бұл өте қиын шаруа. Оны осы салада жүрген адам ғана түсіне алады. Тәрбиеші күн сайын ерлікке пара-пар жұмыс істейді. Бірде сөз маманы, енді бірде суретші-бейнелеуші, әртіс, баланың жан-дүниесін түсіне алатын психолог әрі дос бола білуің керек.

Бала тәрбиесінде халқымның ғасырлар бойы қалыптастырған бай тәжірибесіне арқа сүйеймін. Эстетикалық тәрбиеге көп көңіл бөлемін. Отанын, туған жерін сүюге баулимын. Осы орайда өткізген «Менің Қазақстаным», «Менің сүйікті қалам», «Қазақстан қалаларына саяхат» атты алғашқы ойын сабақтарының мақсаты балалардың патриоттық сезімін ояту. Мұнымен шектелмей, ұлы тұлғалар туралы алғашқы түсініктерін қалыптастыруға тырысамын.

Эстетикалық тәрбие беруде балалардың жан-жақты дамуына әсер ететін қызықты ойын-сабақтар өткіземін. Мысалы, ересектер тобында жүргізген «Көңілді бауырсақ» атты бейнелеу сабағында балаларға төрт бұрышты бауырсақ салуларын өтіндім. Тәрбиешінің «Бауырсақты түлкі неге жемеді?» деген сұрағыма балалар «Ол төрт бұрышты болды, бұталардың арасынан көрінбей қалды» – деген қызықты жауап айтты. Қазіргі таңда тәрбиеші балалардың ойлауының, шығармашылығының дамуына әсер етіп, ертегіні жаңа жағынан көрсете білуі қажет.

Менің кәсібіме деген көзқарастың қалыптасуына әріптес ұстаздардың септігі көп болды. Олардан алған ең басты сабағым – балаға деген мейірімділік, қамқорлық және жанашырлық.

Мен әр күні өзімнің кішкентай достарымды асыға күтемін, олардың әрқайсысы қандай көңіл-күймен келетіндігін уайымдап, ойлаумен боламын. Олар да маған сенеді. Сол сенімнен шығу үшін барымды саламын.

Таңғажайып балалар әлемін тереңірек танып, жүректеріне  мейірім дәнін себу – жұмысымның мәні. Тәрбиеші болу – үлкен бақыт. Оны бүлдіршіндерді жан жүрегімен жақсы көрген адам ғана сезіне алады.

Дина НҰРЖАНОВА,

№7 ясли-бақшаның тәрбиешісі

Талдықорған қаласы