"ЖИІ ДАЙЫНДАЙМЫН": ӨРМЕТӨС - ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ТАҒАМЫ

Уақыты: 21.03.2020
Оқылды: 3018
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шанақтан шашылған ырысты да берекелі күні қазақтың ақ дастарқаны ұлттық тағаммен толығады. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында кешегі ақ самайлы, ақ жаулықты аналарымыздың аманаты болып қалған «Өрметөс», «Қарын бүрме», «Әсіп» сынды ас тағамдарын дайындап, шаңырақтың берекесін еселеп отыратын нәзік жандар қатарын талдықорғандық Сәния Сағымбаева толықтырып жүр.

Наурыз мерекесінде ғана емес, үнемі ұлттық тағамды ұмыт қалдырмай, шаңырағына енген әрбір сыйлы жанға қазақы салт-дәстүрмен табақ тартуды жөн санайтын Сәния Орынбекқызының айтуынша, аспаздық өнер әжесі Биғамилия апай мен анасы Ғалия Әуелбековадан дарыса керек. Кішкене күнінен ас әзірлеуге қызығушылық танытқан қызына әжесі мал сойыла сала, өрме, жөргем секілді тағамдарды лезде дайындап берген. Ананың сүтімен, әжесінің тәрбиесімен дарыған дара өнер иесі бала күтімімен үйде отырса да, ұлттық тағамды ұлықтап, бірнеше шәкіртті тәрбиелеп жүр.

Әйел адам асхананың патшайымы болуы керек. Мұны анам ес білгелі айтып келеді. Аспаздық – талғаммен қарайтын тамаша мамандық. Мен өмірлік тәжірибе, отбасында апам мен анамнан көрген-түйгенім арқылы осы кәсіпке келдім. Ал қазір осы мамандықты оқып меңгеретіндер қатары көбейіп келе жатқанына қуанамын. Әрбір қыз бала аспаздық кәсіпті оқуға міндетті. Аспаздық қатып қалған рецептерге жүгіну емес, онда адамның ой-қиялына ерік берілуі керек. Шығармашылық еркіндік болғанда, бар ынта-жігеріңмен дайындағанда ғана атқарған еңбегіңе өзгелер де риза болады, өзің де ләззат аласың. Әр істі асқан жауапкершілікпен орындау, махаббат пен мейірімділікті ұштастыру – менің басты қағидам. Асыл анамның ақ сүті мен тәрбиесінің арқасында қазір келін болып түскен жерімде де ұлттық тағамдарды үнемі әзірлеймін. Өрметөс тағамын жиі дайындап жүрмін. Өрімділік те үлкен шеберлікті талап етеді. Жұмырлап өру арқылы көздің жауын алатын тағамның түр-түрін жасауға болады. Бұл асты қаншама қыз-келіншек үйренді?! Сол үшін апама, анама шексіз алғыс айтамын. Апам Елбасының жеке тапсырысы бойынша өрме төстік пен қарын бүрме секілді ұлттық тағамдар дайындап, ол кісінің алғысын арқалаған асыл жан. Ол кісінің әр тағамы ерекше. Бір шетінен қарасақ, бұл біздің отбасылық мұрамыз десек те болады. Мұны жалғастыру менің парызым, – дейді екі баланың анасы.

Ұлтыңды жаныңмен, жүрегіңмен сүю арқылы салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, ұлттық тағамдарын асқан жауапкершілікпен орындауға болатындығын айтқан Сәния Орынбекқызы мұндай тағамдар денсаулыққа өте пайдалы дейді.

Қазақтың ұмыт болып бара жатқан тағамына жан бітіріп жүрген бір шаңырақтың ибалы келіні, аяулы ана өрме төсті дайындаудың жолдарымен бөлісті. Ол үшін төс етін пышақпен бірнеше жерден тіліп, бетін сарымсақ, бұрыш, түрлі дәмдеуіштер, қызанақпен толтырып орап, қойдың бүйеніне салады. Аш ішекті өріп, дайын тұрған бүйенге ораған соң асты қайнатып, қонақтарға тартады.

Асқар таудай әкесі Орынбек пен асыл анасы Ғалияның тәрбиесін көріп, ақыл-кеңесін өмірлік ұстанымы еткен Сәния қолөнер бұйымдарын жасаумен де айналысады. Қазақтың ұлттық қолөнеріне бала кезден қызыққан ол ұлттық өнердің ерекшеліктерін бойына сіңірген. Болашақта қазақтың ұлттық тағамдары мен ұлттық қолөнерін әлемге танытсам деген арманының орындалуына тілекшіміз.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы