САЯТ МЕРЕКЕНОВ: "ОСЫ СЫННАН ДА СҮРІНБЕЙ ӨТЕЙІК"

Уақыты: 25.03.2020
Оқылды: 2022
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шығыс күнтізбесі бойынша табалдырығымыздан аттаған Тышқан жылымен барша қазақстандықтарды құттықтағым келеді. Алла тағала қазақ баласының өз қолын өз аузына жеткізіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнасын. Ол деген не, ол – бейбітшілік, ол – ел ішіндегі береке-бірлік, ол – адал еңбек, адал табыс.

Біздің халық жаманды да, жақсыны да көп көрді емес пе?! Қазір әлемді дерт жайлап, әбігерге түсіріп жатыр. Осы сыннан да жұртшылық сүрінбей өтсе екен деймін.

Жұмырбасты пендеге ең басты керегі не? Ұлы Абай бір ғасыр бұрын «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» деп айтып кеткен болатын. Шын мәнінде, адамдардың бір-біріне деген сенімі мен сыйластығына не жетеді?! Адамзатқа ортақ құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың бойынан жұтамаса екен деймін. Елімізде мамыражай заман салтанат құрса екен деп тілеймін.

Бүгінде Сарқан ауданында театр ашып, өнер ұжымын өркендету жолында еңбек етіп жатқан жайым бар. Қазір бұл театр Абайдың 175 жылдығына орай Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» қойылымын, Мұхаметқали Қасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» деген спектаклін дайындап қойды.

Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз құтты болсын, ағайын!

Саят МЕРЕКЕНОВ,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, киноактер