ЖАНКҮМІС ЖӘМЕҢКЕ: "АППАҚ ТІЛЕГІМ - АДАМЗАТТЫҢ АМАНДЫҒЫ"

Уақыты: 23.03.2020
Оқылды: 1723
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жер-ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіп, күн мен түн теңелді. Жан-жануарлар төлдерін өргізді. Тіршілік қайта түлеп, жыл құстары әсем әнін шалқытып, жер үстіне сөзбен айтып жеткізгісіз керемет бір шаттық орнайтын, адамзатқа құшақ-құшақ қуаныш сыйлайтын тамаша мереке – Ұлыстың ұлы күні келді.

Жаңа күн деп жар салатын осынау көгілдір көктемнің адамзатқа берер жылуы мен мейірімі қаншама?! Өзіңіз ойлаңызшы, баршамызды бауырына басып, сұлулыққа, көркемдікке, тазалыққа ұмтылдырып отырған табиғатымыз жаңарған, жайнаған, нұрланған сәттен артық ұлы күн, аяулы күн бар ма екен, сірә?! Бұл кешірім мен мейірім, үміт пен сенім, ізгілік пен түсіністік бір арнаға тоғысқан, бірін-бірі толықтырған ерекше мереке. Жаңа күніміз барша адамзатқа қуаныш алып келсе деген тілектен артық сөз жоқ.

Күлімдеген күн нұрына қарап биыл 65-ші көктемімді қарсы алып тұруымның өзі жаңа күннің маған берген ең үлкен сыйы деп білемін. Оған шексіз ризамын. Жұдырықтай жүректен шыққан аналық аппақ тілегім – адамзаттың амандығы. Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен келер күннен мол үміт күткен әр жанның тілегі қабыл болса, осының өзі мен үшін үлкен бақыт болар еді.

Наурыз мейрамы туған жер топырағына құты мен берекесін, бірлігі мен татулығын алып келсін. Жер-ана төсін жып-жылы, жұп-жұмсақ мамық төсек еткен барша жанға амандық, саулық, дастарқандарыңызға молшылық тілеймін!

Жанкүміс ЖӘМЕҢКЕ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

ардагер-журналист