"ҰМЫТҚАН ЕМЕСПІН": ТҮРКИЯЛЫҚ ТҰРҒЫН ТАЛДЫҚОРҒАНҒА СӘЛЕМ ЖОЛДАДЫ

Уақыты: 24.03.2020
Оқылды: 997
Бөлім: РУХАНИЯТ

Армысыздар, Қазақ елі! Мен осы бір жазбамды жазбас бұрын Қазақстан мемлекетіне, оның ішінде, Алматы облысына, Талдықорған қаласына ыстық сәлемімді жолдағым келеді. Күллі Түркі халықтарының мерекесінде менің жастық кезеңім өткен Талдықорған қаласынан хабар келгенде қатты қуандым. Мен Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің түлегімін. Сондықтан, Талдықорғанды қатты жақсы көрем. Осыған байланысты барлықтарыңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын!

Ал Түркия мемлекеті Наурыз мейрамын ерекше қарсы алады. Көнеден келе жатқан Түркі халықтарына ортақ мейрамды біз де асыға күтеміз. Бұл күні жиылған көпшілік бір-бірімен төс қағыстырып, дидарласып, барша халыққа ақжарма тілектерін жолдайды.

Түркияда әз Наурыз – халықтық мереке. Анадолы топырағында бұл мейрам сонау Селжұқтар мемлекеті мен Осман империясы тұсында бұқаралық сипатта тойланды. Игі дәстүр бойынша бұл күні дүйім жұрт ескі-құсқы киімдерін тастап, жыл басын жаңаша қарсы алуға тырысады. Түрік халқы Наурыз мерекесін Ергенекон дастанымен байланыстырады.

Ескі аңызға сүйенсек, Ергенеконды Көк түріктер ұзақ жыл мекен етіпті. Халық ол жерді тарлық көріп, көсе-көлденең қоршап жатқан теміртаудың құрсауынан шығу үшін оны отпен балқытқан деген аңыз бар. Осылайша, Көк бөрінің жол сілтеуімен қапастан шыққан жұрт бұл күнді жылдың басы деп есептейді. Содан бері әз-Наурызда көрік басып, балға ұрып, төс соғады. Тіпті, кей деректерде от жағып жанып тұрған оттың үстінен де секірген. Бойымыздағы ауыру-сырқаудың барлығы отпен кетеді деген сенім болған.

Бүгінде ол дәстүрлер көп атала бермейді. Наурыз мейрамы Түркияның түкпір-түкпірінде «Сұлтан Наурыз», «Наурыздың тоғысы», «Наурыздағы мұз бұзылысы» және тағы да басқа атаумен аталады. Оңтүстік Анадолыда 22 наурыз «Сұлтан Наурыз» деп аталады. Тағы бір деректерде күн теңелетін түні белгісіз уақытта аяғындағы білезікті сыңғырлатып, кесте тоқи отырып, ғажап сұлу қыз батыстан шығысқа қарай аспанды кесіп өтеді. Кейбір аңыздарда құс киімін киген жігіт деп те айтылады. Сұлтан Наурыз уақытын көрген адамдардың тілегі қабыл болады деген сенім қалыптасқан. Сондықтан да, Наурызды түрік халқы «Жыл басы» деп есептейді. Мереке қарсаңында ұлттық тағамдар пісіріледі. Күллі жамағат таза киімдерін киіп, бір-бірлерінің үйіне барып, мерекемен құттықтайды. Бұл күні бейіт басына барып, дұға оқытылады. Қала көшелерінде мерекелік іс-шаралар өткізіледі.

Мен Талдықорғанда оқып жүргенде Наурыз мерекесіне көп қатыстым. Қазақ халқының Наурыз тойын көрдім. Олар да біз секілді салт-дәстүрді ұстанып, мереке кезінде көрсетеді. Ұқсастық өте көп. Маған ұнайтыны - наурызкөжесі. Әлі күнге дейін сол тағамның дәмін ұмытқан емеспін.

Махмуд ЮРДАГУЛ

Каһраманмарач қаласы,

Түркия