Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"АСТАУДЫҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ПАЙДАСЫ ЗОР": ШЕБЕРМЕН ӘҢГІМЕ

Уақыты: 10.04.2020
Оқылды: 539
Бөлім: РУХАНИЯТ

Халқымыздың көнеден келе жатқан тұрмыстық бұйымдарының бірі – ас салынатын астау жасауды Жетісу жерінде қайта түлетіп, ілкімді істі ілгерілетіп отырған іскер азамат – Өмірбек Ерасылов. Әр күн, әр сағатын тиімді пайдаланудың маңыздылығына аса мән беретін ағаш өңдеу шеберінің «Қуаныш» жеке кәсіпкерлігін ілгерілетудегі ізденісі орасан зор.

Атакәсіптің иесі 1990 жылы Алматы халықшаруашылық институтын экономист мамандығы бойынша тамамдап, Жаркент өңірінде он жыл қызмет атқарады. Кейіндеп кеңшарлар тараған соң Алматыға келіп, «Филип Моррис–Қазақстан» компаниясына кіріп, 20 жылға жуық еңбек еткен ол, соңғы екі жылда өз алдына кәсіп ашады. Бұл жолда дос-жаранның ақыл-кеңестері кәдеге жарап, ұлттық бренд – ағаштан астау жасаудың жолдарын, технологиялық әдіс-тәсілдерін игеруге ден қояды. Елуді еншілесе де ізденістен танбаған Өмірбек Ерасылов шымкенттік, түркістандық ағаш шеберлерінен астау жасауды меңгергендігін әңгіме арқауы етті.

– Бизнес  жас талғамайды. Тек ниет болса алынбайтын қамал жоқ. Іскерлік жобаны жүзеге асыруда үнемі ізденіп, оқып, жан-жақтылы болу шарт, – деген жеке кәсіпкер «Ауылшаруашылық қолдау қорынан» 6 пайыздық үстемақымен 6 млн.теңге алып, оған астау жасауға қолданылатын құрылғыларды, яғни тілу, тегістеу, ою жұмыстарына қажетті бірқатар құрал сатып алғандығын тілге тиек етті. Компьютердің көмегімен жүзеге асырылатын іс тетігінде талантты әрі қолөнерге бейім Нұркен Әшімбек, Бейбіт Смайлов, Әбдімәлік Тұрсалы сынды өз істерін жетік білетін шеберлер қол ұшын беруде. Еңбекке ептіліктің арқасында заманауи құрылғылардың көмегімен астауға қолданылатын қара ағаш, емен, қайың тақтайларын тіліп, белгілі бір қалыпқа келтіріп, тегістеу, оюлау жұмыстары атқарылады.

Бұл кәсіпке келмес бұрын аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау қорының «Бизнес–бастау» бағдарламасы бойынша арнайы курстан өткен. Соның нәтижесінде Өмірбек Қуанышұлы Талғар қаласынан шамамен 200 шаршы метрлік ғимаратты жалға алып, алғашқы бұйымдарын жасай бастаған.

– Осы бір аз уақыт аралығында жасалған астаулардың алдын былтыр Талдықорған қаласында қазан айында өткен «Орбұлақ шайқасы», одан кейін қараша айында Түркістанда 14 мемлекеттің қатысуымен өткен қолөнер шеберлерінің көрмесіне «Жетісу шеберлері» атынан апарып, қатысып қайттық. Одан кейін жыл аяғында Тараз қаласындағы «Ескі Тараз шеберханасының» ашылуында болдық, – дейді атакәсіп иесі.

Ісін жаңа бастаған кәсіпкердің аймақтардағы түрлі көрмелерге қалмай шақыртылуының да басты себебі – шығарылған отандық һәм ұлттық өнімнің жоғары сапалылығында. Астауға салынатын қазақы оюлардың үйлесімділігі, астау көлемінің тиімділігі де сұранысты арттырған.

Көрмеге қатынасудың бір тиімділігі,  әр жақтың шеберлерімен іс-тәжірибе алмасып, тауар түрлері мен сапасын жақсартуға мүмкіндік бар. Өмірбек Ерасылов жұмысын бастаған жартыжылдық еңбек қорытындысында он шақты түрден тұратын астаулардың бірнешеуі мен қымыз құятын тостағандарды, оюлы ожауларды сатылымға шығарған.

Арнайы тақтайлардан тілініп, ойылып, бірнеше күн кептіріліп, тегістеліп жасалатын астаудың ең соңғы сатысы – зығырдың майын сіңіруімен аяқталады екен.

– Алған ағаштарымыз құрғақ болса – жұмыстың әуресі жеңілдейді, ал дымқыл болса, оны тіліп, тегістеудегі тиімділігі болмаса, бірнеше күн кептіруді қажет етеді. Ол үшін арнайы пешке салынып, 30-60 градус аралығындағы жылуда бірнеше күн тұрады. Содан соң барып тазаланып, әрі қарайғы жұмыс процестерінен өтеді, – деген Өмірбек Қуанышұлы астау дастарқанның берекесі, отбасының ұйытқысы екендігімен сөзін сабақтай түсті. –  Бір үйлі жан бір астаудан ас ішеді. Яғни, ағайын-туыстың басын біріктіреді. Сонымен қатар, ол таза, табиғи ағаштардан жасалып, бірнеше дәруменге бай зығырдың майымен ғана майланатындықтан адам денсаулығына пайдасы зор. Оған ешқандай бояғыш бөтен зат қосылмайды, – дейді.

Ағашты жонып, тазалағаннан шаң көтерілетін шағын цехтың жұмысы қыза түскен. Еліміздің әр түкпірінен тапсырыстар қабылдаған астау өндірушілер бұл күнде еңбек өнімділігін арттыруға бел буған. Алдағы жоспарлары да айқын. Ол – ұлттық құндылығымызды ұлықтап, халықтық салт-дәстүрдің айқын көрінісі – ағаштан жасалатын бұйымдарды барынша молайту, кәсіпкерліктің керегесін кеңейту болып табылады.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы