Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"АҚ ҚАНАТТЫ ПЕРІШТЕ": НҰР-СҰЛТАНДАҒЫ ПОЭТИКАЛЫҚ КЕШ

Уақыты: 05.04.2020
Оқылды: 665
Бөлім: РУХАНИЯТ

Елорда төрінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның «Жүз жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Мақпал Мысаның «Ақ қанатты періште» атты поэтикалық кеші өтті. Бұл кеш өзінің туып-өскен жері Жетісу өлкесінде бастау алған еді. Ақын өзінің дара  жолымен астаналық көрерменінің көңілін аспандатты.

Кеш шымылдығын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәдениет және спорт басқармасының бөлім басшысы Қадырболат Мұсағалиев құттықтау сөзімен ашты. Бас-аяғы бүтін бір спектакльде табиғат, тектілік, тағзым, сезім, сұлулық, өмір, үндестік, өнеге шебер өріліп, жүрекке жетті. Кеш «Аңсар айы, арман әні», «Күз әуендері», «Алаш ардақтылары», «Күндерім менің, жылдарым», «Ақындарға тағзым», «Мәңгілік ел – Қазақстан» атты алты бөлім бойынша өрбіді.

«Аңсар айы, арман әні» бөлімінде ақын  әлемінің сырлы сазы жүрек тербеп, туған жерге арналған өлеңдері оқылса, «Күз әуендері» бөлімінде мезгіл тудырған туындылары насихатталды. «Алаш ардақтылары» бөлімінде ел мен жер деп ұлы күресті бастан өткерген Алаш арыстарының тұрпатты бейнесі рухты жыр арқылы көрініс берді. «Әлиханның түймесі», «Ілияс» атты жалынды жырлар оқылды. Сондай-ақ, «Ақындарға тағзым» бөлімінде өмірден өтіп кеткен Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Фариза Оңғарсынова сынды ұлттың ұлы перзенттерінің рухына тағзым ретінде жазылған жақұт жырлар оқылса, «Мәңгілік ел – Қазақстан» атты қорытынды бөлімде сал-серілер заманы көз алдымызға келіп, рухты жырлар мен әндер асқақтады.

Аталмыш кеште Жұлдызбек Жұманбай режиссерлік етсе, кештің продюсері «Ән мен әнші», «Сәуле ғұмыр» сияқты тележобалардың продюсері Сержан Молдасан- ұлы болды. Сонымен бірге, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Қуандық Қыстықбаев, Бейбіт Камаранов сияқты белгілі  актерлер өнер көрсетті. Қазақстанның эстрада жұлдыздары Кенжебек Жанәбілов, Қадырғали Көбентай, Дәурен Сейітбек, Роман Майғазиев, Ақбота Керімбекова ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады.

Кеш соңында Мәдениет және спорт минис-трінің кеңесшісі Ерлан Жүрімбаев ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқыды.

Таңғажайып көрініспен өрнектеліп, рухты да мөлдір жырлармен жүрек қылын қозғаған кешті тамашалаған көпшілік мұндай шара бұрын-соңды елімізде болмағанын айтып жатты. Жырға шөліркеген көпшілік әсерлі кештен тебірене тарқасты.

Шолпан БЕЙСЕМБЕК

Нұр-Сұлтан қаласы