Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАШЫҚТЫҚТАН БІЛІМ БЕРУ: ОҚУШЫЛАРҒА ҚИЫН ТАПСЫРМА ЖҮКТЕЛМЕЙДІ

Уақыты: 04.04.2020
Оқылды: 784
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғандағы «Jetisý media» ақпараттық алаңында "Білім беру ұйымдарында қашықтан оқытуды ұйымдастыру" тақырыбында онлайн баспасөз-брифингі өтті. Онда Алматы облысындағы білім саласының қашықтан оқытуға көшу жайы кеңінен сөз болды.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов жетісулық жеткіншектерді оқумен қамтуға орай атқарылып жатқан шараларды атап өтті.

– Облысымызда 760 мектеп бар, онда 411 036 оқушы білім алады. Білім ошақтарының негізгі дені ауылды жерлерде орналасқан. Оқушыларды қашықтықтан оқытумен қамту мақсатында мектептердегі 10461 компьютер уақытша пайдалану үшін үйлеріне берілді. Бүгінде оқушылардың 93 пайызы электронды құрылғылармен қамтылған. Ал 7 пайызы телеарналардан берілетін сабақтар негізінде білім алады. Қашықтықтан оқыту бүгінгі жағдайда біз үшін маңызды қадам. Ұстаздар мен ата-аналардың, студенттер мен оқушылардың атсалысуымен оны өз деңгейінде жүзеге асырамыз деп сенемін, – деді Батыржан Құлаймергенұлы.

Келесі кезекте Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова сөз алып, 6 сәуірден бастап орта мектептер қашықтықтан оқуға көшетіндігіне, оқушылар мен педагогтар өз үйлерінде отырып жұмыс жасайтынына тоқталды.

– Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру үш бағытта жүзеге асырылады. Демек, теледидар, интернет-платформалар арқылы, алдын ала дайындалған сабақ жоспары негізінде қағаз тасымалдағышта (пошта бөлімшелері немесе қолма-қол еріктілер арқылы) жүргізіледі. Аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердегі балалар сабақтарды «Балапан» және «Ел-Арна» телеарналарынан көре алады. Ал бұл телеарналар қолжетімсіз жерлер үшін аталмыш сабақтар облыстық «Жетісу» телеарнасынан берілетін болады. Бүгінгі таңда ұстаздар да 100 пайыз компьютермен қамтылып, ғаламтор желісіне қосылды. Мұғалімдерге уақытша қолдану үшін 1992 компьютер берілді. Ғаламтор желісі жоқ елді мекендерде тұратын 2 258 мұғалім курьерлер мен еріктілердің көмегімен жұмыс істейді. Қосымша айтып өтетін жайт, мұғалімдердің жалақысы қысқартылмайды, толық көлемде төленеді. Колледж студенттерінің  мемлекеттік стипендиясы да  еш өзгеріссіз ай сайын беріліп тұрады, – деді.

Брифинг барысында Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Сәуле Қабимолдаева да сөз алып, қашықтықтан оқыту барысында ұстаздардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалатынын, өткізген сабақ бойынша бейне есеп талап етілмейтінін атап өтті. Сондай-ақ, мұғалімдердің оқушыларға берілетін тапсырманың көлемі көп әрі қиын болмауын басшылыққа алу қажеттігін жеткізді.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды