ҚАЗҰПУ СТУДЕНТТЕРІ АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІН БІРНЕШЕ ТІЛДЕ ОҚЫДЫ

Уақыты: 15.04.2020
Оқылды: 1584
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ғұлама, ойшыл, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «Абайдың қара сөздері – халық мұрасы» тақырыбында әдеби-танымдық кеш өткізілді.

Бұл шараға университеттің «Бірлік» Ассамблеясы құрамындағы «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология», «Орыс тілі мен әдебиеті», «Әлеуметтік психология және өзін-өзі тану», «Психология», «Дефектология», «Педагогика және психология» мамандықтарының студенттері қатысып, хакім Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқып, ақынның терең философиялық ой-тұжырымдарын өз түсініктері бойынша ортаға салды. Әсіресе, I курс магистранты Мамырхан Дәурен, әр ұлт өкілдерінен Нұрлыбай Балнұр, Әсел Жолдасқалиқызы, Мадина Мірәлиева, Даяна Мұхамеджанова, Дина Жұмағожа, Зарина Қурбанбаева, Айгүл Ярқұл, Дильназ Юсупова, Ринат Ясинмаметов сияқты студенттер Абайдың қара сөздеріне терең бойлап, кеңінен талдай білгендері көпшіліктің көңілінен шықты. Олар өздерінің адамгершілік ұстанымдарын қалыптастыруда ғұлама ғақлиясының қай тұстарынан өнеге алатындарын нақты ашып айта білді.

Айтулы іс-шараға университеттің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Ж.Ішпекбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Шараға қатысқан профессорлар мен оқытушылар студенттердің ақынның нақыл сөздері бойынша концептілік тұрғыдан жасалған ой-тұжырымдары мен мағыналық талдауларының куәсі болды.

Білім алушылар Абайдың қара сөздері тақырып пен идея жағынан өлеңдерімен үндес екендігін мысалдармен келтіріп, дәлелдей білді. Ақын өлеңінде жазып үлгермеген ойларын осы ғақлиясы – қара сөздері арқылы жеткізгенін айтып, өз ойларын түйіндеді. Сондай-ақ, Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріндегі «дес бермеу», «дөп сермеу», «махрұм», «нәфрәтлі», «ғибрәтлі», «мизан», «дүлдүл» сияқты сөздер мен сөз тіркестерін түркі тілдерінің ішіндегі қазақ, өзбек, ұйғыр тілдеріндегі фонетикалық ерекшеліктеріне, мағыналық жағына тоқталды. Кездесетін көнерген сөздер мен кірме сөздерді заманауи сипатта, әдеби тіл нормасындағы баламаларымен түсінуге болатын жолдарын талқылап, ой бөлісті.

Мұның нәтижесінде студент жастар хакім Абайды толық меңгеріп, білу үшін белгілі бір деңгейдегі дайындықпен келу қажеттілігін жақсы түсінді. Қара сөздерді әртүрлі тілде оқыған «Бірлік» Ассамблеясы құрамының студенттері қорытынды түйінсөздерін қазақ тілінде жеткізуге тырысты. Оқытушылар жастардың  ойшыл Абайдың еңбектерімен қатар мемлекеттік тілге деген құрметіне де ерекше риза болды.

«Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесі жетекшісінің орынбасары З.Сабырова, тәрбие департаменті директорының орынбасары Қ.Бекпенбетова, Филология және көптілді білім беру институты директорының орынбасарлары Е.Қасенов, А.Найманбаев, профессор Ж.Балтабаева және басқа оқытушылар өз пікірлерін айтып «Бірлік» Ассамблеясының мүшелеріне ризашылықтарын білдірді. Белсенді қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталды.

Г.ШАҺАРМАН,

Абай атындағы ҚазҰПУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі

Сурет ғаламтордан алынды