"РЕСПУБЛИКА САРАЙЫ ТОЙХАНА ЕМЕС": КӨРЕРМЕН МӘДЕНИЕТІ НЕГЕ ТӨМЕН?

Уақыты: 13.04.2020
Оқылды: 1359
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бірде әнші әрі композитор Роза Әлқожаның концертін тамашалаған едік. Бірден айта кетейін, концерт көңілімізден шықты. Бірақ кешті тамашалауға келген жұртшылықтың, дәлірек айтқанда, кейбір көрерменнің қылығы көңілге кірбің түсірді.

Алматының көшелеріндегі кептелістер мен көлік қоятын тұрақ мәселесін білетіндіктен бір жарым сағат бұрын үйден шығуға тура келді. Обалы не керек, Республика сарайына тез-ақ жеттік. Сарай ғимаратының айналасындағы қаптаған көліктерді көргенде көңілімізге алаң кіргені рас. Алайда жерасты автотұрағына түскенімізде екі деңгейлі тұрақтың төменгі қабаты мүлдем бос тұрғанын байқадық. Көлікпен келген көрермендер көшелерде кептеліс жасағанша, неге тұраққа қоймайды екен деген сауал ойға келді. Су тегін. Өзіңе ыңғайлы әрі көлігің үшін алаңдамайсың.

Концерт біткеннен кейінгі көрініс мүлдем тұрпайы. Шыққан адамдарды алып кетуге келген көліктер Республика сарайы мен Достық көшесін жауып тастағандай әсер қалдырды. Әркім өз жағдайын ғана ойлап, білгендерін жасауда. Мәдениет деген ұғым мүлдем ұмыт қалғандай, жанымыз жабырқап қайтттық. Бұл – бір.

Екіншіден, шақырған уақытында келмеу кешке де әсер етеді екен. Тойға, мейлі, кешіксе өздері білсін дерсің. Алайда концертке де тойға барғандай баратын көрінеді. Концерт уақытында басталса да, ұзақ уақыт бойы кешігіп келгендер сабылысып, көңілімізді алаңдатумен болды. Қызметкерлер болса оларды жетелеп әкеліп, орындарын көрсетіп, өнерді тамашалап отырғандарды орындықтарынан тұрғызып, әбден әбігерге салды. Концерт көргендей болмайды екенсің. Бұрын, кешіккендерді кеш басталғандығынан хабар беретін қоңырау соғылғаннан кейін залға кіргізбейтін қатаң тәртіп болатын. Сол дәстүрді алдағы уақытта да қатаң сақтау керек-ау.

Құшақ-құшақ гүл әкеліп, сүйікті әншілеріне ұсынғаны қандай жарасымды. Дегенмен, гүл тапсырамын деп сахнаға шығып, әңгіме айтып тұрып алатынды да көрдік. Бір-екі кейуана баталарын беріп жатты. Оған да хош делік. Алайда ән салып жүрген әртістің жанына жақындап, селфи жасауға ұмтылғандардың қылығын қалай түсінесің? Тіпті, сарай қызметкерінің «қой» дегеніне ешкім құлақ асқан да жоқ. Көрерменнің көңілін аулаған әнші амалсыздан солардың ығына жығылып, суретке түсіп жатты. Тағы да мәдениет жайлы ойландық.

Немересін қазақтай жақсы көретін ұлт әлемде жоқ шығар, сірә?! Осы тұрғыдан келгенде немерені концертке неге апармасқа?! Бірақ кішкене сәбилердің 10-15 минуттан артық бір жерде тыныш отырғанын көргендеріңіз бар ма?! Аздан кейін: «Шөлдедім», «Ойнаймын» деп шықпай ма олар? Осыдан кейін-ақ концерт жайына қалып, солардың қылығын тамашалап отырғаныңды байқамай қаласың. Бір жағынан сәбиге де кінә арта алмаймыз. Алайда мәдени шараға келген, сүйікті әншілерін «тірі дауыста» тыңдағысы келген көпшіліктің қандай жазығы бар?!

Үш сағатқа созылған концерттің екінші сағаты ауа бере қайтатындардың қарасы молая бастады. Орындықтардың тасыры, аяқтардың дүрсілі, көз алдыңда көлбеңдеген адамдар көңілімізді алаңдата берді. Ал соңына қарай көрермендер шараның аяқталуын күтпестен есікке қарай асықты. Жұртшылық орындарынан тұрып кеткеннен кейін біз де амалсыз көтерілдік.

Жасы үлкен жамағат, замандастарым мен кейінгі толқын іні-қарындастарымның іс-әрекеті көңілді жүдетіп тастағанын несіне жасырасың?! Концерт деген той емес, Республика сарайы – тойхана емес, өнердің қасиетті ордасы емес пе еді?! Адамды мәдениетке, ізгілікке шақыратын салтанатты сарайда жасағанымыз осы болса, жайшылықта қандаймыз деген сұрақ туындайды. Осы туралы сіз не ойлайсыз, оқырман?!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Сурет ғаламтордан алынды