ЖҮСІП БАЛАСАҒҰНҒА - 1000 ЖЫЛ: "ҚҰТТЫ БІЛІКТІҢ" ҚҰНДЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Уақыты: 15.04.2020
Оқылды: 3472
Бөлім: РУХАНИЯТ

Түрік әлеміндегі қоғамды, мемлекетті басқарудың алғашқы жазбаша жүйелі тұжырымдамасы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанынан бастау алады десек қателесе қоймаспыз. Өйткені оған дейін жазылған шығыс ғұламаларының трактаттарында ел басқарудың жан-жақты қыры мен сыры «Құтты біліктегідей» жүйеленгенін көре алмадық. Оның бұл шығармасы қазіргі ел басқарып жүрген азаматтарға да құнды нұсқаулық.

Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» дастанын Қарахан әулетінен шыққан Табғаш Қара Боғраханға арнады. Бұл үшін ақынға Хас Хаджиб (сарай министрі) атағы берілді. Жүсіп осыдан тура мың жыл бұрын қазіргі Қырғызстан аумағындағы Баласағұн қаласында өмірге келіп, Шығыс Түркістандағы Қашқар қаласында өмірден өткен.

«Құтты білік» дастанының сюжеттік желісі негізінен шығарманың бас қаhармандарының өзара әңгімесінен, сұрақ-жауаптарынан, бір-біріне жазған хаттарынан тұрады. Төрт түрлі ізгі қасиеттің символдық көрінісі ретінде бейнеленген негізгі төрт қаhарман қоғамның көкейкесті мәселелері туралы әңгімелеседі. Мұндай сұхбатта олар ел басқарған әкімдер қандай болуы керектігін, оқу-білімнің қажеттігін, әдептілік пен тәлім-тәрбие мәселелерін дидактикалық-философиялық тұрғыдан сөз етеді. Мәселен, ақын әдептіліктің алуан түрін жырлай келіп, солардың ішіндегі ең бастысы – тіл әдептілігі деген түйін жасайды.

“Құтты білік” дастанының авторы метафора, аллегория, гипербола, меңзеу, астарлап сөйлеу сияқты көркемдік құралдарды аса білгірлікпен пайдаланады. Дастанның әдеби, тілдік, тарихи тұрғыдан ғылыми мәні ерекше. Бұл дастан бертін келе қазақ халқының этникалық құрамын қалыптастырған ру-тайпалардың орта ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін, әдет-ғұрпын, сөз өнерін, тілін зерттеп білуге негіз болғаны даусыз.

Поэманы толық көлемінде неміс тіліне аударысымен және түпнұсқасымен 1891-1900 жылдары В.Радлов ғылым әлеміне паш етті. 1896 жылы К.Керимов өзбек тіліне аударды. 1971 жылы Н.Гребнев «Бақытты болу ғылымы» деген атпен еркін аударма жасады. 1983 жылы С.Иванов «Благодатное знание» деген атпен орыс оқырмандарына ұсынды. Ал 1986 жылы бұл дастанды ақын А.Егеубаев қазақ тіліне аударды.

«Құтты білік» поэмасы энциклопедиялық шығарма болып табылады. Оны жазуда автордың саяси әуенді басшылыққа алғандығын аңғару қиын емес. Ол Қарахандар әулетіне жоғары дамыған Мауераннахр, Шығыс Түркістан тәрізді аудандарды басқарудың жолдарын үйретуге тырысты. Әрине, шығарма тек саяси трактат көлемінде қалып қоймай, орта ғасыр дәуірінің ғылым, мәдениет салаларын да қамтиды. Адам тағдыры, өмірінің мәні, орны мен әлемдегі рөлі жайындағы мәселелер де қаралады. Сонымен бірге, Баласағұнның философиялық, шамандық, исламдық дүниетанымда болғандығын білеміз. Философияны поэзия арқылы жеткізу орта ғасырлық шығыстық үрдіс еді.

Екінші бір қыры – исламға дейінгі әртүрлі нанымдар. Шығармадан шамандық түсініктер көрінеді. Исламдық идеология да елеулі орын алады. Бұл жайында А.Романов пен С.Иванов: «Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» поэмасы – ең алғаш, ең көне, әзірше жалғыз, мұсылман идеологиясының негізінде, осы идеологияны уағыздаушы ретінде түркі тілінде жазылған шығарма», – деп баға береді. Кітапқа көшпенділер тұрмысы мен аңшылық өнерін көрсететін нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері енген.

Биыл мың жылдығы атап өтілетін ғұламаның «Құтты білік» сынды мұрасын зерттеп, жаңғырту замандастарымызға үлкен ғибрат берері сөзсіз.

  Ажар БАЙСЕРКЕЕВА

Панфилов ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды