ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ БІРНЕШЕ ТИІМДІ ТҰСЫ БАР

Уақыты: 16.04.2020
Оқылды: 2790
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгінгі күні еліміздің білім беру жүйесі қашықтықтан оқыту технологиясын кеңінен пайдалануда. Ғалымдардың пайымдауынша, қашықтықтан оқыту – студенттің білім алуға және ақпарат алуға деген құқықтарын іске асыратын үздіксіз білім беру жүйесі нысандарының бірі ретінде білімін, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастырудағы маңызды кезең виртуалдық (синхрондық немесе асинхрондық) өзара іс-қимыл. Синхрондық өзара іс-қимыл студент пен оқытушының нақты уақыт режиміндегі қатынасты қарастырады.

Бұл үшін қашықтықтықтан оқыту жүйесінің чаттары немесе бейне конференциялар қолданылуы мүмкін. Асинхрондық өзара іс-қимыл студент пен оқытушы нақты уақытта қарым-қатынаста болмаған жағдайда жүзеге асырылады, бұл жағдайда қашықтықтықтан оқытудағы байланыстар жіберу тізімдерінің немесе телеконференциялардың көмегімен электрондық пошта бойынша хат алмасу арқылы ұйымдастырылады. Оқытушының кеңесі (синхрондық немесе асинхрондық) – қашықтықтан оқытуды орындаудың міндетті шарттары.

Ілияс Жансүгіров атындағы ЖМУ-да қашықтықтан оқыту - ZOOM платформасы, Cisco, Webex, Meetings бағдарламалары негізінде іске асырылады. Аталған жүйелерді педагогика және психология факультетінің оқыту және тәрбиелеу әдістемесі кафедрасының оқытушылары кеңінен пайдалануда. Бұл жүйе - оқу процесіндегі міндеттерді ортақ шешуге және өзара білім алмасуға жағдай жасайды.

ZOOM, Cisco, Webex, Meetings бағдарламалары – қорытынды конференциялар, іс-тәжірибе қорытындылары бойынша есептік конференция, емтихан қабылдау үдерісін ұйымдастыруда (онлай-конференция режимінде), ауызша формадағы емтиханды өткізуде, мемлекеттік емтиханды өткізуде қолданылады.

ZOOM, Cisco, Webex, Meetings бағдарламасы жүйесі арқылы оқытушы мен студент, студенттер мен оқытушылар online режимде кез-келген форматтағы ақпараттық файлдармен алмасып, білім алуда. Аталған жүйелер факультет оқытушылары мен студенттерге оқу үдерісіндегі міндеттерді бірлесе шешуге және өзара білім алмасуға мүмкіндік беруде.

Қарым-қатынас жасаудың мүмкіндіктеріне тоқталсақ: форум; электронды пошта; оқытушылармен құжат алмасу (чат, жеке ақпаратпен алмасу), ZOOM, Cisco, Webex, Meetings бағдарламаласыақпараттық жүйелерініңнегізгі элементтері белсенді пайдаланылуда. Файл, архив, веб-парақтар және бейнедәрістер арқылы электронды түрде өзара білім алмасу;тесттер мен арнайы тапсырмалар арқылы оқыту және білім тексеру. Орындалған тапсырмаларды студенттер мәтін түрінде немесе файл түрінде жіберуде; семинар, форум сияқты механизмдер арқылы арнайы тақырыпта бірлескен оқу және зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Cонымен қатар, оқыту және тәрбиелеу әдістемесі кафедрасының оқытушылары Республиканың белді жоғары оқу орындары ұйымдастырған (Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік халықаралық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, КИМЭП университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) вебинарларға белсенді қатысып, тәжірибе алмасуда. Вебинар тақырыптары «Онлайн режимінде оқу процесін ұйымдастыру», «Цифрлық оқу контенттерін дайындау» секілді сан алуан, өзекті мәселелерді қамтиды.

Біздің ойымызша, қашықтықтан оқыту технологиясын пайдалану арқылы оқытушы студенттерге білім бере отырып, өз бетінше орындалатын жұмысын тексеріп, оқу үрдісін басқару мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, туындайтын мәселелерді қарастыру; мақсат пен міндеттерді қою; білімді бақылау, тәжірибемен алмасу; білім алушылардың арасында өзара байланысты ұйымдастыру; оқу процесін бақылау мүмкіндігі артады.

Студенттер қашықтықтан оқыту кезінде білім беру процесінің негізін қолайлы уақытта, ыңғайлы орында, тиімді пайдаланады,олар өз бетінше жұмыстың техникасын игеріп, жоғарғы деңгейде өз бетімен білімін толықтыру мүмккіндігіне ие болады.

Cisco, Webex, Meetings, ZOOM бағдарламасының ақпараттық жүйесінің өзіндік мынадай артықшылықтары бар екеніне көз жеткіздік:

- Оқытушының да, студенттің де оқытудың уақыты мен орнын тиімді таңдай білуі;

- Білімнің тиянақтылығы;

- Оқытушы мен студенттер арасындағы кері байланыс;

- Білім берудің дифференциациясы мен тұлғалық жекелілігі;

- Уақыт үнемділігі;

- Ата-ана бақылауы (ата-аналардың білім беру үрдісін және оқытушылармен қарым-қатынасын бақылау мүмкіндігі).

Қорыта келе айтарымыз, қашықтықтан оқыту технологиясы білім беру кеңістігінде оқыту жүйесін сапалы, тиімді, қолжетімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл жүйеде оқытушы студенттің жүмыстарын, жеке қызығушылықтары мен сұраныстарын ескереді. Қашықтықтан оқыту технологиясын қолдануда оқытушының рөлі арта түседі және өзгереді, оқытудың жүйелілігі және тиімділігі қамтамасыз етіледі, тың деректер мен материалдар қолданылады.

С.ЖАҚЫПБЕКОВА,

Б.СЫДЫҚОВА,

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ оқыту және тәрбиелеу әдістемесі кафедрасының оқытушылары

Сурет ғаламтордан алынды