"ДАСТАНМЕН ЖЕТКЕН ДАНАЛЫҚ": ИМАНИ ИММУНИТЕТТІ САҚТАУДЫҢ БІРДЕН-БІР ЖОЛЫ

Уақыты: 21.04.2020
Оқылды: 1466
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыс орталығынан арақашықтығы алпыс шақырымнан аспайтын Қаратал ауданына қарасты Тельман ауылынан Талдықорған қаласына арман қуып келгенде, он алтыға енді ғана толған бозбала еді. Бала кезінен әкесінің тракторын тізгіндеп үйренген арманшыл ұлды тас қабырғалы, тас көшелі тас қала жатырқай қарсы алғаны әлі есінде. Жасыл желекпен көмкерілген әсем қала емес-ау ауыл баласына қырын қараған. Қай жерде де қазақ баласына қақпайлау көрсететін сол кездегі солақай саясаттың салқыны да баяғы. Алғаш суретке түсірумен айналыспақшы болып фотостудияға келгенде өзге ұлттың өкілдері өзегінен тепкісі келгенде қаладан кеткісі келмеген өжет жігіт өзін көрсете білді. Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін сол кәсіпті жалғастырды. Арада аумалы-төкпелі уақыт өтіп, тәуелсіздік келіп, бір қоғамнан екінші қоғамға өткендегі дағдарысты елмен бірге бастан кешірген ол бір кездері облыс орталығы дәрежесінен айырылып қалған Талдықорғанның айы оңынан туған сәтте облыстық «Жетісу» телеарнасының операторы болды. Оқығаны мен тоқығаны жүрегін тулатқаннан болар, иығына арқалаған оператордың камерасын ізбасар інілеріне тапсырып, журналистика соқпағына жол салды. Нәтижесінде ең алғашқы имандылық тақырыбындағы «Иманашар» бағдарламасынан бастап, «Шаңырақ», «Ой түбінде жатқан сөз», «Ғибратты қазына», «Тіл тағдыры», «Ойтүрткі», «Шыңғысханның шындығы» сынды танымды бағдарламаларды талғамы биік көрермен назарына ұсынды. Табан ет, маңдай тердің жемісі шығар, бір кездері «Жетісу» телеарнасы бас директорының орынбасары болды. Осы жолдарда айтып отырған кейіпкерім – Қазақстанның Құрметті журналисі, қазіргі таңда телеарнаның бас продюсері, алпыстың асқарына алқынбай шығып отырған Жұмахмет Жайлаубаев. Асқаралы алпыс жасымен облыстық «Жетісу» газеті ұжымының атынан құттықтай отырып, Жұмахмет ЖАЙЛАУБАЙҰЛЫНЫҢ "Дастанмен жеткен даналық" атты ой түбінде жатқан қазынасынан қағаз бетіне түсірген танымдық мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

* * *

Әр ұлтты ұлт ретінде сақтайтын үш тұғыры болады. Ол – тілі, діні, ділі. Өткен ғасырдың басында Кеңес өкіметі бірінші дінімізді жоққа шығарды. Сосын тілімізден айырмақшы болды, ескінің сарқыншағы деп ділімізді ұмыттырғысы келді. Өйткені, жады жоқ ұлттың жарқын істерге бара алмайтынын жақсы білді. Алайда, қанмен келген қасиетті саясатпен шығарып тастай алмайтынын олар білмеді. Жүрегіміздің түбінде қоламта болып жатқан Аллаға деген сенімді өшіре алмады. Біздің барлық салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз шариғаттың заңдарымен қамшының өріміндей өріліп кеткенін бағамдай алмады.

Бабаларымыз ұлттық тәрбиеге де діннің құндылықтарын өріп жіберген. Көшіп-қонып жүрген, мешіт пен медіресе тұрғызбаған, тіпті, хат танымаған бабаларымыз дінді қалай таратты деп кейбір сәтте таңғаласың. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Қазақ ортасына Ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды», - деген пікірі дұрыс. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан да мұсылманшылық діні де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген», – дейді.

Олай болса, қазақ жеріне діннің тарау жолының бірі – дастандар мен батырлар жыры. Атадан балаға жеткен ауыз әдебиетінде мұсылмандық ұғымдар мен ұстанымдарды білдіретін сөздерді көптеп кездестіруге болады. Қазақ даласында кең тараған, кешкілік бір үйге жиналып, ел болып тыңдайтын жыр-дастандарда ерлікті, батырлықты дәріптеумен қатар, діннің де рөлі ерекше айшықталып, насихатталып отырған. ХІХ ғасырдағы орыс зерттеушісі В.Радлов діни дастандардың уағыздық қасиеті жайлы: «Қазақтар арасында Исламды орнықтыруға бір «Жұмжұманың» әсері даланы кезіп жүрген жүздеген молдадан артық тәрізді», – деп жазады. Жұмжұма – араб, парсы тілдерінде «бассүйек», «қубас» деген мағынаны білдіреді.

Ал дастанның қысқаша мазмұны былай. Кезінде сақ патшасы Томирис Кирді өлтіріп, парсы әскерінің басын бір төбеге жинайды. Вавилон немесе Бабыл қаласының орны деп айтылады. Кейін ол жер парсылар арасында «Қубас төбе» деп аталыпты. Радлов жинақтаған «Жұмжұма» аңызының сюжеті осы жерде өтеді. Ғайса пайғамбар осы төбеде қу баспен кездеседі. Алладан сұрап тіл бітіреді. Содан кімсің? Қайдан келгенсің? Неге басыңда мазарың жоқ деген сияқты сұрақтар қояды. Ол Шам шаһары патшасының басы болып шығады. Бір үзіндісін ғана жазайын.

– Жеті тозақты көрдің бе? Кімдер жатыр? деп сұрады.
– Біріншісі – «Аужа» деген тозақ. Онда бақытсыз пенделермен таныстым. Хақтың іліміне, Алланың пайғамбарына мойынсынбаған залымдар ішінде толып жатыр. Олар Аужада мәңгі бақи зар илеп, иттей ұлып тұр. Екінші – «Шақыт» деген тозақ. Шақыт кедейдің малын ұрлаған баукеспелер мен зинақор арсыздарға арналған. Олар қанды көлде мәңгі бақи тұншығып жатады. Үшіншісі – «Нақбыр» деген тозақ. Ол – ата-анасын, аға-қарындасын, туған бауырларын сыйламаған тасбауырлардың мекені. Төртіншісі – «Рысат». Онда кісі бағын көре алмаған күншілдер, жақсыға жала жапқан өсекшілер азап тартады. Олардың тілдерін отқа қариды. Бесіншісі – «Ләзит». Ол жекебасының рақаты үшін елді алдап, арам байыған екіжүзді діндарларға арналыпты. Алтыншысы – «Катим» деген тозақ. Ол шұңқырда жалған айтып, пара алған әкімдер мен адамды нақақ соттаған қазылар және момынға қиянат қылған залымдар қамалыпты. Жетіншісі – «Жаһаннам». Жаһаннам басынан сөз асырмайтын тәкаппарлар мен момынның көңілін қалдырған, мүсәпірді жәбірлеген адамдарға арналған тозақтың түбі екен. Мені сонда тастады. Содан бері астымда от, жегенім – шоқ, ішкенім – қанды ірің, – деп жылап қоя берді.

Міне, осы оқиға жырмен айтылып, осындай жырларды тыңдаған қазақ халқының хақ жолды қалай ұстанғанын, сенімі қандай болғандығын білу үшін санасында жатталып, ауыздан-ауызға көшіп отырған өлең-жырларына, терме-өсиеттеріне зер салсақ жеткілікті. Ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған», – деп тұжырымдайды. Түркі халқына ортақ тұлғалар Жүсіп Баласағұни, Ахмет Иүгінеки, берідегі Бұхар жырау, тағы басқалардың бізге жеткен еңбектерінде діннің рөлі қаншалықты болғанын білуге болады.
Мысалы, Жүсіп Баласағұни:

Алла атымен бастадым сөз әлібін,
Жарылқаған, жаратқан бір Тәңірім!
Рақымды Ием пайғамбарын жіберді,
Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі,
– десе, Ахмет Иүгінеки:

Бір Алла өлтіретін тірілтетін,
Көрерсің сен де оны көзің жетіп.
Иесі құдіреттің жалғыз Құдай,
Өлгендерді тірілту оған оңай,
– дейді. Бұхар жыраудың:

Ей, айташы, Алланы айт,
Аты жақсы Құдайды айт.
Төрт шадияр Мұстафа,
Мұсқаф ашқан ғаламды айт.
Тәңірім сөзі – Фұрқанды айт,
Кәләм Алла – Құранды айт,
– деген сөздерінен оның қаншалықты діннен хабардар екенін байқаймыз. Ең бастысы, бізге жеткен жыр-дастандардағы дін – таза дін деп айта аламыз. Бұл жайында Шоқан Уәлиханов: «Қазақ өзінің көне аңыздары мен сенім-нанымдарын қайран қаларлықтай тазалықта сақтай білген. Одан да өткен ғажабы сол, байтақ даланың әр шалғайындағы, әсіресе, өлең-жырлар еш өзгеріссіз, бір қолдан шыққандай қайталанатынын қайтерсіз. Көшпелі, сауатсыз ордадағы ауызша тараған үлгілердің бір-бірінен қылдай ауытқымайтыны адам айтса нанғысыз қасиет, алайда күмән келтіруге болмайтын шындық», – дейді. Ғалымның сөзінен қазақ халқының тарихи жадының қаншалықты мықты екендігін, ауыз  әдебиетіне қаншалықты жауапкершілікпен қарағанын байқаймыз.

Соның бір дәлелі ретінде Шәкәрім қажының баяндауымен бізге жеткен Еңлік-Кебек жырынан көруге болады. Бүгінде әулиелердің басын аралатып, бата алып беремін, пәленбай деген бабаң айтып тұр деп болашақты болжап жіберетіндер жетерлік. Шын мәнінде кімнің айтып тұрғанын сол кездердегі бақсылар ашық айтқанын жыр- дастандардан көруге болады.

Ол кезде балгер болған Нысан абыз,
Шын дәулескер бақсының өзі нағыз.
Жыны айта ма, кім білсін, 
шыны айта ма,
Айтқаны келеді деп қылады аңыз.
Кебек батыр өз бақытын 
сынамаққа,
Әдейі іздеп келіпті 
балгер жаққа.
Оңашада жалынды 
абызға кеп,
«Бал ашып бер, – деді де, – біздің баққа».

Осылайша Кебек бал аштырады. Нысан абыз қобызын боздатып Қорқыттың күйін тартып, жындарының атын атап шақыра бастайды. Көзі аларып сұп-сұр болып, шүлдір-шүлдір жынымен сөйлесіп:

Нысан абыз қысылып батқан терге,
Қарады да сөйледі Кебек ерге:
«Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан,
Батырым, ондай жанға көңіл берме.
Бұл сөзді өз ойымнан айтпаймын құр,
Жын шіркін, осылай деп 
айтқызып тұр,
– дейді. Қараңыз, аруақ айтып тұр немесе әулие аян беріп тұр емес «Жын шіркін, осылай деп айтқызып тұр» дейді. «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деген Абай сөзінің астарында осындай шындық жатыр. Бұрындары бақсыларды айдалаға жеке жерлеген. Өйткені, олардың жындары аруақтарға маза бермейді деп есептеген. Дін тазалығын «Бұрынғы өткен заманда, Дін – мұсылман аманда, Жиделі Байсын жерінде, Қоңырат деген елінде», – деп басталатын  Алпамыс батыр жырынан да көруге болады. Бүкіл Жиделі Байсынды жайлап жатқан Байбөрі бай бір балаға зар болып бәйбішесі Аналықты ертіп, Қаратауда жатқан барлық әулие-әмбиелердің басына түнеп, құрбандық шалып бала тілейді.

Отырарда Арыстан бап,
Сайрамда бар сансыз бап, –
Бәріне бір түнеді.
Әзіреті Қаратау
Әулиенің кені еді.
Өзен, сайын тастамай,
Бәріне бір түнеді...

Содан екеуі ұйықтап жатқанда Байбөрі түс көреді. Түсінде ақ сәлделі, қолында асасы бар диуана келіп аян береді.

Сен үшін бәрі қиналды,
Бір жерге тегіс жиналды.
«Бір ұл бер деп, – осыған»
Бір жаратқан Құдайдың
Дәргейіне жылады. 
Мен де тұрдым ішінде,
Әулиенің күші де.
Жаратушы жалғыз-ақ,
Дәргейіне ұнады.
Ұнағанын сонан біл:
Бір қыз қосып сыйлады.
Сексен сегіз серулер,
Тоқсан тоғыз мың машайық —
Бәрінің көңілін қимады.
Менің атым Шашты Әзіз,
Қыламын десең ықылас,
Жарылқады Жаратқан,
Ей, бишара, көзіңді аш!
Ұлыңның аты Алпамыс,
Қызыңның аты Қарлығаш.

Қараңыз «Сексен сегіз серулер, тоқсан тоғыз мың машайық, Құдайдың дәргейіне барып жыладық» дейді. Біз бердік демейді. Алладан сұрадық. Бізге риза болғаны сондай саған бір ұл, бір қыз берді, «Мен де тұрдым ішінде, Әулиенің күші де» дейді.

Бүгінде осы айтқандардың ішінде «әулиенің күші» дегенді ғана сақтап қалғандаймыз. Не сұрасақ та әулиенің күшіне сеніп, әулиеден сұраймыз. «Қыламын десең ықылас, Жарылқады Жаратқан» деген сөздің астарына да үңіле бермейміз. Қазақ батырларының ұстанған діни-нанымдарының өзіндік ерекшеліктері болған. Алғашқы жорықтарына аттанарда әулие абыздардан, атақты батырлардан арнайы барып бата алған. Ал жорықта, айқастарда сиынатын, қолдайтын пірлері, әулиелері болған. Ескелді, Балпық бабаларымыз көздері тірісінде әулие атаныпты. Берген баталарының далаға кеткені болмапты. «Бата алсаң Андастан, кем болмайсың мал бастан» деген сөз сол замандардан қалған.

Бірақ ол кісілер оңды-солды бата бере бермеген.  Неше күншілік жерден табандарын тоздырып келіп бата ала алмай кеткендер болған. Ал бүгінде зираттарды аралатып батасын алып беремін деп жүрген делдалдардың тірлігі қаншалықты ақылға қонымды екенін өздеріңіз ойлай беріңіздер.

Енді батырлар жырындағы тәрбиеге келсек. Қазақ халқының барлық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мақал-мәтелдері, ертегі, жырлары, тіпті ойын-сауығы да тәрбиелік мәселеге келіп тіреледі. Ала жіпті аттамайтын адалдыққа, ар мен ұятты серік ететін имандылыққа, азаматтылыққа баулиды. Осының бір айқын көрінісі ақыл мен парасатты, ерлік пен қажыр-қайратты насихаттайтын батырлар жыры. Шежірелер мен аңыздарда, батырлық жырлар мен діни дастандарда халықтың рухани тұтастығының негізі жатқанын, өткен тарихына жан бітіру, ата-баба рухын ояту екендігін бабаларымыз жақсы білген. Қағазға түспесе де, арнайы жарияланбаса да қазақ батырларының жауынгерлік этикасы мен моральдық нормалары болғанын білеміз. Және оны қатаң түрде ұстанған. Қайтпай күресіп, қан жұта қаржысып, атажұртын сақтап қалуда, ошағының отын өшірмеу үшін жан беріскенде де, күш-қуаты кенеусіз, ерлігі ерекше, жаудан күші басым болып тұрған сәттерде де моральдық нормалардан ауытқымаған.

Мысалы, жүрегі түкті, жүйкесі құрыш батырлар айқастарды әрқашан жекпе-жекпен бастаған. «Атыспақ керек пе, шабыспақ керек пе?», – деп қарсыластарына қару таңдауға мүмкіншілік берген.  Жау болса да жасы үлкенге бірінші болып амал жасауына жол  берген. Ұйықтап жатқан немесе қарусыз адамды өлтірмеген. Ең бастысы жауды қапыда шаппаған. Керісінше оған хабар беріп, айқасқа дайындалуға мұрсат беріп, кездесетін жерін, уақытын белгілеген. Міне, осының барлығы тәрбие. Бала күнінен батырлар жырын оқып өскен бала діни құндылықтармен қатар осындай мәрттікті санасына сіңіріп, сол батырларға қарап бой түзеген. Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтардың арасынан батырлардың көп шығуында осы тәрбиенің рөлі жатыр. Өйткені, ердің ерлігі сынға түскен, елдің елдігі таразыға тартылған сәтте ел намысы, жер күйісі үшін шыбын жанын найза ұшына жалау етіп атқа қонған батырлар өлімнен қорықпаған. Ақтамберді жыраудың:

Бар арманым, айтайын,
Батырларша жорықта
Өлмедім оқтан, қайтейін,
– деген толғауы соғыста қаза болу батырлар үшін қасиетті өлім екендігін көрсетеді. Жоңғар шапқыншылығы кезінде төсек тартып жатқан Олжабай батырдың: «Қой боғындай қорғасын маған бұйырмай, жамандардай төсекте сұлап жатып, қағындыдан өлдім-ау», – деген өкініші де осыған мысал бола алады.

Бала кезімде үйге жиналған үлкендер батырлар жырын оқытушы еді. Апа-әжесінен қалмай келетін балалар да аузын ашып тыңдайтын. Көршілер қонақ шақырғанда балаларды бір бөлмеге жинап, маған ертегі айтқызып қоятын. Балалардың барлығы ертегі әлеміне сүңгіп, көз алдарына батырларды елестетіп, ерекше әсерде отыратын.

Мұндай көрініс барлық қазақ балаларының басынан өтті деп ойлаймын. Батырлар жырын естіп, ертегідегі алыптарға еліктеген ұрпақ сол батырлардың жазылмаған этикасы мен моральдық нормаларын бойларына сіңіріп өсті. Намыс бірінші орында болды. Жығылғанды теппейтін, әлсізге қол көтермейтін, қолына пышақ тұрмақ тас ұстап, таяқ алып төбелесу арсыздық, қорқақтық саналатын. Үлкендерге қарсы сөйлемейтін. Біз осылай ержеттік. Айтсаң аңыздай, естісең ертегідей естілетін осы қасиеттердің бастауында жыр-дастандардың тәрбиесі жатыр. «Дін апиын, құдай жоқ» деген саясат жүріп жатқанда да имани иммунитеттерін сақтап қалуы жыр-дастандар арқылы жеткен таза діннің жүрегімізде орнығып қалуында.

Жұмахмет ЖАЙЛАУБАЕВ,

журналист

Алматы облысы