"ТЫЛСЫМ КҮШ АРҚЫЛЫ ДАЙЫНДАЛҒАН": ӘЛМЕРЕК АБЫЗ ЖАЙЛЫ АҚИҚАТ

Уақыты: 18.04.2020
Оқылды: 5399
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аты аңызға айналған әулие, абыз Әлмерек баба туралы халқымыз жақсы біледі. Бабамыз тарихи тұлға болса да көріпкел әулие ретінде ел есінде көбірек сақталған. Осыған орай Әлмерек баба туралы кітап жазған әлмеректанушы, қонаевтанушы, танымал жазушы Ораз ҚАУҒАБАЙМЕН болған сұхбатымызда ұлы тұлғаның өткені мен бүгінде болып жатқан жайттарды сөз еткен едік.

– Әлмерек баба жайлы өткен жылдары шыққан кітаптардың жалғасы болып «Әз Тәуке және Әлмерек» деген жинақ 2016 жылы жарыққа шықты. Әйгілі хан мен Әлмерек бидің байланысын қалай зерттеп білдіңіз? Бұл кітап жөнінде Қазақстан Жазушылар одағының жыл қорытындысында жақсы пікірлер айтылған еді.

– Бұл өте күрделі әрі ерекше шынайылықты талап еткен шығармашылық ізденістің нәтижесінен туған құнды дүниелер негізінен құралады. Әу баста әз Тәуке атақты «Жеті Жарғыны» қабылдар кезінде билер мен сұңғыла ақылмандарды сол кездегі хан ордасы Түркістанға шақырады. Албан еліндегі Әлмерек биге де хабар келеді. Ол бұған дейін хан ордасындағы билер кеңесіне қатысып отырған. Соңында «Жеті Жарғыға» байланысты енді хан кеңесіне келеді. Әлмеректің хан кеңесіне келуіне әйгілі Төле би себепкер болады. Әлмерек сол кездің мәселелері бойынша Тәшкенттегі Төле биге келіп, ол кісінің ақыл-кеңесін тындап, содан соң шешім қабылдайтын болған. Оның үстіне екеуі де туыс. Бәйдібек бидің тікелей ұрпақтары.

Әлмерек жас кезінде ғұлама молдалардан білім алған, медреседе оқыған. Ілім мен білімді қатар меңгерген сұңғыла болғаны еш күмән келтірмейді. «Әлмеректің білетін қасиетін, Төле би кезінде оған бас иетін» деген тәлімді текке айтпаса керек. Түркістанға келіп «Жеті Жарғыны» қабылдауда Әлмерек тікелей өзі қандай ұсыныс айтты, ол жағы белгісіз.

Бұрын батыр, кейін би, соңында әулие-абыз аталған Әлмерек әз Тәуке хан тұсында соғыстан қалжыраған елді байытып, пайдалы кәсіппен, оның ішінде диқаншылықпен шұғылдануды насихаттайды. Кейін қала салуды мақсат етеді. Іле өзенінің жағасында егіс алқаптары мен суармалы шабындықтар пайда болады. Мал қамайтын қора, адамдар тұратын шағын мекенжайлар Жетісудың Іле өңірінде Әлмеректің тұсында көптеп салынады. Қапшағай су қоймасы салынғанда Әлмерек заманындағы ежелгі қора-жайлар, кейінге үлгі етерлік мекендер су астында қалады.

Әз Тәуке хан ұстанған отырықшылық идеясын қолдаған Әлмеректің бұл бағытта көп игі істерге мұрындық болғаны дәлелдерді қажет етпейді. Ол өзі басы-қасында жүріп қаздырған арық кейін «Әлмерек тоғаны» болып аталып кеткен. Талғар ауданы «Қызыл Ту» кеңшарының аумағында «Әлмерек тоғанының» сұлбасы әлі бар. Әлмерек өзені, Әлмерек жазығы, Әлмерек шабындығы атауларының күні бүгінге дейін тұруы еріксіз ойлантады.

Әлмеректің тарихи тұлғалардан ерекшелігі – ол кемеңгер би, сұңғыла шешен, ақылман ғана емес, кент, қала салуды, пайдалы кәсіппен қалай шұғылданудың жолын көрсетіп, іске тікелей араласқан құрылысшы, өте іскер адам болған. Бұл қасиет кейін оның ұрпақтарына дарыған. Өзінің мазары өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін қаз-қалпында тұрды. Кейін иесіз қалғандықтан қабырғасы құлап, төбешік бейіт болып қалды.

– Талғар ауданына қарасты Әлмерек ауылының іргесінде, Покровка кентінің күншығысында Әлмеректің көк кесенесі тұр. Қазір зиярат ету үшін елдің түкпір-түкпірінен адамдар көп келеді. Олар дұға оқиды, шипалы бұлақтарынан су ішеді. Әулие басына бала кезінде Жұмабай қажының немересі Меңліахметтің ұлы Дінмұхамед Қонаевтың келгені туралы жиі айтылады. Әлмеректанушы, Қонаев өмірін зерттеуші ретінде осы туралы терең білгіміз келеді.

– 1921 жылы Алматы, Алатау және Іле өңірінде жаңбыр жаумай құрғақшылық болады. Мұсылман диқан, егінші қазақтар Әлмерек жазығына жиналып, тасаттық береді. Оған қариялар келеді.

Үлкендерге сәлем беріп, батасын алсын деген ниетпен ел жиналған жерге Меңліахмет қария тоғыз жасар Дінмұхамедті ертіп келеді. Тасаттық біткен соң осы маңда тұратын туыстарына бара жатып жолда тұрған Әлмеректің ескі мазарын көріп тоқтайды. Меңліахмет қария аттан түсіп, дұға оқиды. Жанындағы ұлына «Бұл Албан Әлмеректің мазары» деп абыз әулие жайында әңгіме айтады. Соңында екеуі мұндағы бұлақтан су ішіп, қазіргі Өтеген кенті жаққа бет алады. Бала кезінен өте зерек, естігендерін ұмытпайтын Димекең әке әңгімесі арқылы Әлмеректің кім екенін біліп, бір сәт те есінен шығармайды.

Қызметте жүрген кезінде де өзімен серіктес, дос-жаран, жолдас болған Албан елінің азаматтарына Әлмерек жайында және оның мазарының орны әлі бар екенін айтып жүреді.

Димекеңнің «Қазақ аруақ аттамаған халық» деген сөзі бар. Кейін бұл жерден өткенде іштей дұға оқып, бет сипайтын әдеті болған.

Албан еліне құда Меңліахмет қария Әлмеректің белгілі ұрпақтарымен жақсы қарым-қатынаста болады. Қарқара жәрмеңкесіне келгенде шежіреші қарттардан батыр, ақын, молдалар жайында көп естиді. Әлмерек жайында Мекең ерте кезден-ақ білген.

– Әлмеректі ел ішінде «батагөй баба» деп те дәріптеген. Ол кісінің берген батасының қасиеті жөнінде де жиі естиміз. Абыз кімдерге бата беріп, кімдердің жолын ашты?

– Бата беру салты әлі сыры анықталмаған тылсым әлем хақында. Мәселен, адам батагөй болып туады. Шын батагөйлер бірен-саран. Өйткені, олардың тілек-дұғасы періштенің құлағына шалынып, кері қайтпайды. Димекеңнің атасы Жұмабай қажының да Алла дарытқан батагөйлік қасиеті болғаны рас. Ол кісінің немересі Дінмұхамедке берген батасы ұрпағының жолын ашып, соңында ұлы тұлғаға айналдырды.

Шын батагөйлер батаны бірден бермейді. Тылсым күштер арқылы алдын ала дайындалады. Әлмерек бата берерде Жаратқанға жалынып, ғибадатын күндіз-түні жалғастыратын еді. Бата алуға келгендерге «бүгін емес, ертең немесе бір айдан кейін кел, араға жыл салып таң ата келерсің» деп ескертіп отырған. Әлмеректің өз ұстанымы бойынша Өтеген мен Бақай батырларға берген батасы зая кетпеді. Екеуі де атақты болды.

Әлмеректің туа біткен батагөй екенін оның Райымбекке берген батасынан білеміз. Мұқағалидың «Райымбек. Райымбек» дастанында бата беру жоралғысы айтылады. Әлмерек Райымбекке атасы Ханкелдінің сауытын кигізіп, Сырымбеттің туын сүйгізіп, басын игізеді. Ал өзінің дұға сөзін ішінен айтса керек. Бұл дастанда сол кездің саясатына байланысты Әлмерек шын мәнінде кемелденген тұлға ретінде көрінбейді. Дастанның құндылығы сол, Әлмерек әспеттеліп, Райымбек дәріптеледі.

– Әлмерек ұрпақтарының отарлық езгіге қарсы күрескен әрекеттері тарихта жазылып, кейінгілерге үлгі болып, бүгінге дейін айтылып келеді. Әлмерек ұрпақтарының зәузатқа жалғасқан азаттық күрестері тоқтаған емес. Соңы Кеңес үкіметінің отызыншы жылдардағы ойранына ұласты. Мұның сырын қысқаша қалай түсіндірер едіңіз?

– О баста Әлмерек бастаған, батырлар қолдаған жоңғарға қарсы соғыс көпке созылды. Содан соң Әлмеректің батыр ұлдары Тазабек би, Саурық батыр және Шалтабай ақын 1870–1880 жылдары жер, су үшін аянбай шайқасты. 1916 жылғы атақты Қарқара көтерілісінің көсемдері Ұзақ, Әубәкір және Жақыпберді соңында өлім құшты. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» шығармасында аталған батырлардың ерлігі ерекше суреттеледі. Бұлардың бәрі тікелей Әлмеректің ұрпақтары еді. Қызылдардың барлаушы ұшағын атып түсірген атақты қолмерген Жақыпберді 1928 жылы Қулық тауының етегінде Әлмеректің ақ туын көтеріп, құрбандыққа бозқасқа сойып, елді дінсіз үкіметке қарсы үгіттегені әлі толық зерттелген жоқ.

М.Әуезов жазған Қарқарадағы Ереуілтөбедегі азаттық үшін күрескендерге 1996 жылы ескерткіш белгітас орнатылды.

– Әлмерек ұрпақтарынан тек батырлар ғана емес, белгілі билер, молда,  ғұламалар, күйші, ақын-жазушылар, тәуіп-бақсылардың, қора-қора қой, мыңдаған жылқы айдаған байлардың да шыққаны рас. Кітабыңызда солардың біразының есімдері аталады. Осы жөнінде айтсаңыз?

– Қытайға 1758 жылы елшілікке барған Әлмеректің туажаты Пұсырманбайда бес мың жылқы болыпты. Қырғыздың «Манас» жырында айтылатын «Албан күміс» арғымақтардың осы сардар әрі жомарт байдың жаз жайлауы, қыс қыстауында көбейіп, сонау Қытайға дейін барғаны тарихи деректе айтылады. Әлмерекке тартқан Қашаған би 1856 жылы Шоқан Қарқараға келгенде оның жанында жүріп жол көрсетіп, жер-суды аралатады. Қашаған Әуелұлы 1870 жылы Түркістандағы билер кеңесіне қатысады.

Тазабек би Нусарманұлы 1846 жылы Құнанбай қажымен Жетісу жерінде жүздеседі. Шалтабай ақын мен Қожеке күйшілерін Жетісуда білмейтін жан жоқ. Стамбұлда оқыған А.Бұра молда жөніндегі әңгіме өз алдына. Бүгінгі ұрпақтары жөнінде айтқанда академик Нұрғали Мамыров, белгілі тарихшы Карл Байпақов (марқұм), экономика ғылымдарының докторы Бақытқан Дәулетбақов, заңгер Мұхтар Жоргенбаев, «Шипагерлік баян» газетінің бас редакторы, «өтейбойдақтанушы» ғалым, Зиядан Қожалымов, колледж басшысы, «Әлмерек» тарихи мәдени қорының атқарушы директоры Сқан Молдалымұлы, белгілі кәсіпкер Серік Сұлтанғалиев, құрылысшы кәсіпкер Стахан Белғожаев және Нөкербаевтар әулеті болып жалғаса береді.

Алматы маңындағы Әлмерек кесенесіне тиіп тұрған ауылға абыз, әулие атауы берілген. Қаладағы бір мөлтек ауданда Әлмерек көшесі, Кеген ауданының орталығында Әлмерек мешіті бар. Бұл мешітті «Әлмерек баба» рухани орталығының жетекшісі марқұм Ермек Мырзагелдиев салдырған болатын. Өткен жылы Ұйғыр ауданында тарихи тұлғаның өміріне арналған ғылыми конференция өтті. Жиында Шонжының атауын Әлмерек деп өзгерту әңгіме болды. Биыл абыз биге құрмет ретінде арнайы журнал да шықты. Оның үстіне Әлмерек кесене кешені қазір зиярат етушілердің көптеп келуіне орай жаңарып, жаңғыруда.

– Ореке, Әлмерек әлемі жөнінде әңгіме болғанда бір нәрсеге таңғаламын. Әулие мазар-кесенесі тұрған жерге адам көп келеді. Түнде келгендер саябақта демалып, мөлдіреген шипалы бұлақтардан су ішіп, таза ауада рахаттана демалады. Мұсылман дінін қабылдаған ресейлік орыстарды, еуропалық нәсілдерді, ортаазиялық түркі халықтарының өзін кесене басында жиі кездестіреміз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен болса да келеді. Соңғы кездері «Әлмерек қоры» игі рухани шығармаларды ерекше қолға алуда. Осы жөнінде айта кетсеңіз.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында данышпан Димекең құрметтеп, атын ардақтаған, рухына дұға оқыған Әлмерек абыз, әулиеге ескерткіш орнату жөнінде бұрын да жиын өткен болатын. Болашақ ескерткіштің нысан жобасының таныстырылымы болыпты. Құдай қаласа, бұл шаруа алдағы уақытта қолға алынады. Биыл тарихи тұлғаға арналған екінші ғылыми мәслихаттың жоспар, шаралары ойластырылуда екен.

– Әлмерек туралы сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдары ниет қылып, дерек жинап, тоқсаныншы жылдары жазуға түбегейлі беріліп, алғашқы эссе-әңгімеңіз 1993 жылы жарияланды. Ғасыр тоғысында Абыз ата туралы тұңғыш кітаптың шыққанын әңгіме басында айттыңыз. Сізден басқа Әлмерек тақырыбын қозғаған қаламгерлер болды ма?

– Қытайдан келген Әскер Тойғанбаевтың Әлмерек дәуірі және оның ел-жұрты мен әйгілі батыр, билер жөнінде жазған көркем шығармасы, жаңылмасам, екі мыңыншы жылдың соңына таман шықты. Бұл кітапқа әлмеректанушы ретінде алғысөзді мен жаздым. Оның жазғаны таза тарихи көркем шығарма. Ал менің жазғандарым қоспасыз деректі проза, тарихи эссе. Көркем шығармада автор деректен гөрі болжамға, ретін келтіріп ойға ерік береді.

– Әлмерекке қатысты «Еділ-Жайық» оқиғасы жөнінде баба басында жиі айтасыз. Зиярат етуге келгендер, неге екені белгісіз, ұйып тыңдайды. Кітабыңыздың бір тарауында «Еділ-Жайық» оқиғасы баяндалады. Аңыз емес, болған оқиға екенін кеңірек айтып берсеңіз?

– Иә, Әлмерекке қатысты сол заманда болған оқиға негізінде жазылған шындық екенін айтуға тиіспін. Әлмерек тек батагөй ғана емес, мейірімімен де аты шыққан абыз. «Еділ-Жайық» абыздың мейірімділігі мен данагөйлігі жөніндегі хикая. Бұл шынайы оқиға былай басталады: Бірде Әлмерек жайлауда отырғанда абызға сәлем беру үшін кешқұрым екі жігіт келеді. Біреуі қыз болса да еркекше киініп алған екен. Бір себептермен қыз екенін білдірмеуге тырысқан. Әлмерек екеуін де қарсы алып: «бір аптадан кейін келіндер, асықпай отырып жөн сұрасамыз» деп қымыз беріп шығарып салады. Екеуі Әлмеректің айтқан уақытында емес, ертесінде келеді. Әлмерекке бұл жолы қыз бен жігіт ерекше амандасып, өздерін таныстырады.

Қызық болғанда екеуі Еділ-Жайық жақтан қашып келе жатқан ғашықтар екен. Үйлене алмайтындарын білген соң сонау Жайықтан қашып, Жетісуға келіп әйгілі Әлмерекке сәлем беріп, ақыл-кеңесін алуды жөн көріпті. Абыз мән-жайды толық білген соң екі ғашықты үйлендіріп, той жасайды. Жігіт өз баласына, қыз келініне саналады. Біреуі жылқышы болып, біреуі түнде қой күзетеді. Қашанда ғашықтар тағдыры қасіретпен аяқталады ғой. Жігіт бірде қақаған қыста түнгі жылқы күзетінде боранда қалып, далада қайтыс болады. Әмеңгерлік жолды ұстанған Әлмеректің балалары жесірге таласып, араларында дау тоқтамайды. Әлмеректің бәйбішесі өте ақылды ана екен. Кеңпейілді бәйбіше жесір келіннің тағдырын ойлап, онымен жеке сөйлеседі. Байы өліп, бағы сынған келін бір күні бәйбішеге көрген түсін жорып, атасы Әлмерекке тұрмысқа шығатынын айтады. Келіннің Әлмеректе көңілі бар екенін бұрыннан сезеді екен. Соңында Жайық жақтан келген Рысты Әлмерекке тұрмысқа шығады.

Сөйтіп, Әлмерек балалары арасындағы жесір дауы тоқтайды. Бұл жерде әңгіме Рыстының ақылдылығы және Әлмеректің әулет береке-бірлігін ойлаған сұңғылағында жатыр. «Бақ-дәулет бірлікте, атқарылған тірлікте» деп Әлмерек текке айтпаған. Рысты Әлмеректен екі перзент көреді. Түп төркінім, жұртым Жайық жақ деп Әлмеректен балаларына Еділ-Жайық деп ат қоюды өтінеді. Бұған ол қарсы болмайды. Сол Еділ, Жайықтан тараған Әлмеректің ұрпақтары қазір бар. Қаракісі руы ішінде олар өсіп-өніп, бір қауым елге айналған.

Әлмеректің Жайықты өзіне санаған мейірімділігін, қарға тамырлы қазақ екенін дәлелдейтін ежелгі деректі оқиға желісі осындай еді. «Анамыз Жайық жақтан келіпті ғой, бабамыздың құшағына еніпті ғой. Алла тағала тілегін қабыл қылып, екі ұл Еділ-Жайық өмірге келіпті ғой», – деп Жайықтың тікелей ұрпағы Болат Таубашиевтің кейде осылай толғайтыны бар.

– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет! Қаламыңыз қарымды, шабытыңыз жалынды, денсаулығыңыз мықты болсын! Халқыңызға тарту ететін құнды кітаптарыңыз көптеп жазылсын.

Жанболат СӘРСЕНБАЙ,

журналист

Сурет ғаламтордан алынды

Алматы