КОРОНАВИРУС ПАНДЕМИЯСЫ АУЫРТПАЛЫҚТЫ БІРЛЕСЕ ЖЕҢУГЕ ҮЙРЕТТІ

Уақыты: 23.04.2020
Оқылды: 937
Бөлім: РУХАНИЯТ

Халқымыздың сан ғасырлар бойы басына түскен небір ауыртпалық, соғыс, басқыншылық, түрлі қиындықтар әр жағдайға қарай бірлесуді, ынтымақтаса тірлік кешуді үйретті. Соның әсерімен болар, ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен кезеңдерде ұйымдаса күн көріп, ауыртпалықты бірлесе жеңуді меңгердік.

Қазіргідей күллі әлемнің жұртшылығын алаңдатып, көпшілікті дүрліктірген COVID-19 дертінің зардабы мемлекеттер шекарасын тас бекітіп, алып шаһарлар мен үлкен қалалардың қақпасына құлып салынуына апарды.

Қарапайым халық карантиннің қандай болатынын білмегендіктен алғашқы кезде тосырқай қарағаны жасырын емес. Аллаға шүкір, үйден шықпай, жұмыс пен сабақты қашықтықтан өткізе бастағалы шектеуге де үйрене бастадық. Жұқпалы дерттің шыққан жерінде науқастарды тікелей емдеуге қатысып жатқан дәрігерлер мен блокпосттарда елдің тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігі үшін күзетке шыққан әскерилер мен тәртіп сақшыларына ризашылық білдіру - біздерге парыз.

Осыған орай сақшыларға ас-ауқат тасып, мұқтаж отбасыларға қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек қолын созған қайырымды жандардың игілікті қадамы көңіл қуантады. Расында, жасаған жақсылықтың өтемін Жаратқан Алла Тағала еселеп беретінін қасиетті Құран Кәрімде ерекше айтады. Осыған орай жақсылыққа қадам басып, ізгілікке ұмтылған жігіттер мен қыздардың ісіне барша жұрт разы.

Осының бәрі халқымыздың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үндейтін ұлттық тәлім-тәрбиесінен деп білу керек. Әсіресе, ел басына күн туған қиын күндерде бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығару жазылмаған заңдылық іспетті. Осынау атадан балаға, баладан немереге берілген ұлттық құндылықтың жалғасы толастамағанын қалаймыз.

Ендеше, ардақты ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға өскелең ұрпаққа ата-бабаларымыздан жеткен қиналғанға жәрдем беру, құлағанға қолдау көрсету, сүрінгенге сүйеу болу ұстанымын ұрпақтарыңызға үлгі қылып айта отырыңыздар, насихаттай беріңіздер деймін.

Дер кезінде шаралар қабылдап, елдің денсаулығын басты орынға қойған Мемлекет басшысына ризашылығымыз шексіз. «Батамен ер өсер, жаңбырменен жер өсер» деген халқымыздың даналығын жалғастыру - бізге міндет.

Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,

Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы