"ҮЗІЛМЕГЕН ҮМІТ": 83 ЖАСТАҒЫ КЕЙУАНА СОҒЫСТАН ҚАЙТПАҒАН ӘКЕСІНІҢ ҚАБІРІН ІЗДЕЙДІ

Уақыты: 24.04.2020
Оқылды: 1589
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сұрапыл соғыстың шайқамаған шаңырағы аз ба? Баласын жоғалтып, аңыраған ана, әкесінен айырылып, зарлаған бала, ерін жоқтап, еңіреген жесірлердің көз жасы бүгінге дейін құрғаған жоқ. Әкесі соғысқа аттанғанда ол нәбәрі бес жастағы бүлдіршін еді. Атқа мініп жатып жарына: «Нұршәкенге қарап жүр», – деп аманаттап кеткен бейнесі әлі көз алдында. Ажырап бара жатқанын енді сезген бала жүрек әкесінің балағына жармаса кеткен. Бүгінде сексеннің сеңгірінен асса да, ақылман апа осы бір көңіл тербеген көріністі еш ұмытқан емес. Соғыстан оралмаған әке қабірін іздеп-тауып, бір уыс топырақ салсам деген үміті әлі үзілмей келеді.

Редакциямызға хабарласып, өзінің ата-анасы мен соғыс кезіндегі естеліктерімен бөлісуді әу бастан ойлап жүргенін айтты кейіпкеріміз. Иә, жасы 83-тегі Нұршәкен Ділдәбекқызы қанды соғысқа аттанып жатқан боздақтарды, тылдағы ауыр еңбектің машақатын таңды-таңға ұрып айтуға даяр. Әсіресе, әкесімен қоштасқан сәтін жиі ойлайды. Аттың үзеңгісіне жармасып: «Кетпеші», – деп жылағаны, «Қайтып келемін», – деген әке үніне сенімсіз қарап, егілгені есінде қатталып қалыпты.

Бір үйден бірнеше адам аттанғанын елестету тіптен қиын. Әкесі Ділдәбек Елубаев 1942 жылы Нөкербек, Жанатбек деген ағаларымен бірге қан майданға кірді.

- Туған ауылымыз – Ақсу ауданы, Үлгілі кеңшары. Жері құнарлы, шүйгінді мекен. Әке-шешем де, біз де сол Үлгілінің құмына аунап өскенбіз. Содан әкем бес жасқа келгенімде, 1942 жылы соғысқа аттанды. Үйде менен басқа бала жоқ. Бір азаматты көрмеймін. Бәрі соғысқа кеткен. Ауыл жұмысына жегілгеннің барлығы әйелдер. Қоштасарда ұзақ жылап, үзеңгіден басымды алсам, әкем: «Шәкетай, қазір мен арба жегіп, тәтең екеуіңді алып кетемін», – дейді. Тәте дегені – анам Нұрқия. Мен болсам: «Онда мына қоржыныңды тастап кет», – деймін үзеңгіге жабысқан күйі. Аттың артындағы екі қоржынды көргенмін ғой. Ішінде киімі, тамағы болған шығар. Осы есімнен кетпейді. Қайдағы тастаған, тастамады. Мен алдарқатан түрі екен ғой. Сол кеткеннен мол кетті, оралмады. Шешем жесірлікті, мен жетімдікті көріп өстім.

Бұл – бала Нұршәкеннің әкесін ең соңғы рет көрген сәті.

Майданға аттанған әкесінің артынан үшбұрышты хаттар келіп тұрды. Бұл бүкіл әулетке, оның ішінде, бала Нұршәкенге үлкен медет болды. Бірінде атты әскерге қабылданғандығын айтса, енді бірінде соғысқа дайындық үстіндеміз деп жазыпты. Кейін: «Міне, ұрыс даласына шықтық», – деген бірауыз сөз жазылған хат келді. Бұл ең соңғысы болыпты.

Одан кейін не хат, не бір қара қағаз келмеген артынан. Әкесі хабар-ошарсыз кетсе де, өмір өз ағысымен жалғасып жатты. Шеше қарауында қалған Нұршәкен апамыз балалық шақтың қызығын да көре алмай өскен. Кіші болса да, анасына қолқанат болып, тыл жұмысына араласты. Бұл естеліктері әлі есінде. Құдды бір кеше ғана бидайды қапқа қаптап, үйде бидай көже пісіріп, жаққан пешінің алдында анасын күтіп отырған секілді.

Шешем бидайды баулап, арқалап қырманға алып келеді. Әкеле алмағанын арбаға тиеп, әкеліп төгіп, өгізге жегетін мала тас деген болатын. Сонымен бидайды үгетін. Жел соққанын күтіп, жел соққан соң бидайды лақтырып ұшырады екен. Көмек қолын созатындай жасқа келгенімде шешем қырманға алып баратын болды. Өріп жатқан бидай етегіндегі сабанын сыпыртатын. Бір уақыттарда: «Баланың істегені білінбейді. Бері кел, мына қаптың аузын аш», – деп басқа жұмыс тапсыратын. Тазаланған бидайды қапқа қаптап, арбаға тиеп, орталыққа әкеліп өткіземіз. Шешем сонда қырдағы жұмысты жасауға алдына жан салмайтын. Тіпті, еңбегі еленіп, «стахановшы» деген атақ та алды, – деген кейіпкеріміздің сөздерінен мұң мен өткенге деген сағынышы байқалды. Тәтесінің соңғы сапарында жанында бола алмағанына өкініш білдірді.

Сөйтіп, өмір-өзен ағысын ары қарай жалғастырды. Ұжымшарлар бірігіп, Нұршәкен Ділдәбекқызы 4-сыныпты аяқтады. Молотов ұжымшарына көшіп келіп, Тесіктоған деген жердегі 7 жылдық мектепті тәмамдады. Мектепке жаяу үш шақырым жүріп, тура сол жолмен кері қайтатын. Күнделікті ары-бері алты шақырым жүріп, 7-сыныпты да бітіреді. Аудан орталығы Ақсуға көшіп келеді. Ол жерден Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті ойдағыдай аяқтап, жоғары білім алуға Талдықорған қаласына кетеді. Осы жылдары анасы өмірден өтті деген қаралы хабарды естиді. Анасымен бірге әке туралы жып-жылы естеліктер де кеткені жанына батты. Бұл туралы:

Анам мен оқуға кеткен жылдары қайтыс болды. Бауырының қызы үйге ие болып қалған. Құжаттың барлығы сандықтың түбінде жататын. Ештеңені таба алмай қалдық. Тіпті, әкемнің суретін де таппадым. Оқуда жүргенімде ұлғайтылған суреті болатын. Ол да жоғалды. Әкемнің ағасы Жанатбек те бес жыл соғысып, иығынан жараланып, аман келді. «Соғыс туралы айтыңызшы, біз жазып алайық», – дегенде ол кісі: «Соғыс туралы сұрамаңдаршы. Соғысы құрысын. Соғысты сендер көрмей-ақ қойыңдаршы», – деп ауыз айтпай қоятын, – деген Нұршәкен Ділдәбекқызы әкесінің жерленген жеріне іздеу салған.

Бірінші рет сұрау салғанда хабар-ошарсыз кеткендер тізімінен табылған. Екінші ретінде еш дерек кезікпеген. Қолда бар дерегі – аудандық комитет бастығы Тоубаевтың қолы қойылған анықтама қағазы. Онда қайтыс болғандар мен бейхабар кеткендер тізімі жазылған. Қағазда Ділдәбек Елубаев дегеннің орнына Ділбек Елубаев деп қате жазылып кеткен. Атқыш, қатардағы сержант, 1912 жылы туған, бірақ қайда жерленгені белгісіз. Міне, әкесі туралы бар тапқаны осы. Соның өзінде әлі үмітін үзбей, іздеп келеді. Тым болмаса жерленген жеріне барып, Құран бағыштап, туған жердің топырағын салса ғой деп армандайды.

Әкесі туралы есінде қалған естеліктерінің бірі – оның мал дәрігері болғандығы. «Шұбарағаш деген жерге апарғаны есімде. Сол жерден оқыды ма, білмеймін, мал дәрігерінің мамандығын меңгеріп келіпті. Соғысқа кеткенше мал дәрігері болып қызмет атқарды. Ылғи атқа мініп, кетіп қалатын, кешқұрым қайтып келетін. Мал дәрігері екенін анық білемін. Себебі, ол кісі соғысқа кеткеннен кейін үйде дорба-дорба дәрілер қалды. Әлгіні ақтарамын, көремін. «Әкем келсе, ұрсатын шығар» деп қайтадан жинап қоямын. Дәптерлеріндегі жазудың бәрі латынша болатын», – дейді.

Үйдің де, даланың да, тылдың да жұмысын жасаған апамыз: «6-7 жасымда бидай көже жасаймын. Ол, біріншіден, тамақ. Екіншіден, тәтеме сусын. Жұмысқа алып кетеді. Оны қалай түйемін десеңізші?! Келі-келсапқа бойым жетпейді. Аяғымның астына астау төңкеріп қойып, бидайды түптеймін. Оны ұшырамын, қайтадан жаншып, қазанға салып, бұқтырып қоямын. Тәтем кеш келіп, ерте кетеді. Кешкісін сиыр келеді, бұзауын бөлек, сиырын бөлек байлаймын. Сиыр тәтем келгенше емшегі сыздап, мөңіреп тұрады. Өзім сауа салайын десем шамам жетпейді. Содан еріксіз отты жағып қойып, қалғып-мүлгіп отырамын», – дей келе, бала болып ойнап, балдәурен шақтың қызығын көрмегенін айтады.

Кейіпкеріміз мамандығы бойынша екі жыл қызмет атқарып, өзі туып-өскен Үлгілінің азаматына тұрмысқа шықты. Жолдасы екеуі 1961 жылы Көкшетау облысына жолдамамен жұмыс істеуге кетті. Құдай қосқан қосағы Дәуіт Қуатбекұлы агроном болса, Нұршәкен Ділдәбекқызы есепші. Солтүстікте 6 жыл істегеннен кейін сұранып жүріп, әрең дегенде туған ауылына оралады. Сөйтіп, жүріп Ақсу ауданының шаруашылықтарында жұмыс істейді.

«Балаларымның әкесі бас агроном, директордың орынбасары болды. Мен болсам сол баяғы есепшімін», – деген апамыз 1989 жылы зейнеткерлікке шықты. Бірақ кейін 15 жыл бойы шаруа қожалығының директоры да, есепшісі де болып қызмет етті. Дәуіт ата екеуі алты бала тәрбиелеп, өсірді. Балаларының біреуі әке жолын қуып агроном болса, қыздарының бірі – есепші. Қалғандары мұғалім, дәрігер. Бүгінде немере-шөбересінің қызығын көріп отырған аяулы әже.

- Енді, міне, әке мейірімін сезініп, «Айналайын!» деген бірауыз сөзін естімесем де, әке рухына басымды иіп қайтқым келеді. Жерленген жері табылса, балаларым мен немерелерімді ертіп апаруды армандаймын ғой баяғы. Болашақта ұрпақтарым атасын ұмытпай, рухына бас июге барып тұрса деген арман-тілекпен жүрмін, – дейді әкесіне деген сағынышын жасыра алмаған зейнеткер Нұршәкен Ділдәбекқызы.

Біз де апамыздың арманы орындалса деген ақ тілекпен тарқастық. Талай шаңыраққа қайғы бұлтын төндірген соғыстың сызы әлі кеткен жоқ. Сөзіміздің соңын енді ешқашан ондай ауыр күн адамзат басына орнамасын деп түйіндейміз.

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы