ЖЕҢІСКЕ - 75 ЖЫЛ: ӘЛИЯМЕН БІР БӨЛІМДЕ БОЛҒАН БАРЛАУШЫ ҚЫЗ

Уақыты: 27.04.2020
Оқылды: 1761
Бөлім: РУХАНИЯТ

Соғыс. Барды жоқ ететін, тауды жер ететін, жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал. Ал, Ұлы Отан соғысы адамзат тарихында болған соғыстардың ішіндегі ең қасіреттісі болды. 1941 жылдың 22 маусымында  басталып, бес жылға, 1418 күнге созылған бұл алапат соғыс бізге орасан зор адам құрбандықтарын әкелді. Бұл соғыста Кеңес үкіметі 27 миллион адамынан айрылды. Ұлы Жеңіс бізге оңайға түскен жоқ.

Майдандағы қыздардың ерлігі туралы мәселеге келсек фашизмге қарсы күресте флот пен майданға қызмет ету өтініші туралы сұраныстарда әйелдер ерлерден кем түспеген. Ұлы Отан соғысы жылдары барша халықпен қатар қазақ қыздары да жеңіс жолында жан тігіп, бар күшімен күресе білді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ олар өз еріктерімен майданға аттанды. Олардың алды жиырмадан асса, көпшілігі 17-19 жаста ғана болатын. Сол бір сұрапыл жылдары қазақ қыздары да өзінің отаншылдықтарын, жеріне, еліне деген патриоттық сезімін мақтанышпен дәлелдеді. Қазақ қыздары қан майданда басқа ұлт өкілдерімен бірге табандылық пен ерен ерліктің үлгісін көрсете білді.

Бес жылға созылған сол сұрапыл соғысқа бастан-аяқ қатысып, «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, майданның алғы шебінде кез келген қыз баланың қолынан келе бермейтін барлаушы болып, қанды қасаптан елге аман-есен оралып, бейбіт күнде еңбекке араласқан біздің кейіпкеріміз Софья Әубәкірқызы Имамбаева сондай ержүрек, өжет қазақ қыздарының бірі еді.

Нағыз жалындап тұрған он сегіз жасында өзі сұранып майданға аттанған Софья Әубәкірқызы туралы кезінде Балқаш аудандық «Балқаш еңбеккері» газеті мен облыстық «Жетісу» газетінде, еліміздің бас газеті «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетінде барлаушы қыздың көрсеткен ерліктері туралы мақала, очерктер сан мәрте жазылып, жарық көрді.

Қанды қасаптан аман оралған Софья Әубәкірқызы 1924 жылы Ресейдің Челябі облысы, Троицк ауданының Қарабалық ауылында зиялылар отбасында өмірге келеді. Зиялылар отбасы дейтініміз, әкесі Әубәкір сол кезде беделді қызметте. Өзі жоғары білімді Петербор қаласынан алған. Сол уақыттағы саусақпен санарлық жоғары білімді мамандардың бірі болған еді. Анасы Рәбиға да арнаулы орта білімі бар, оқыған-тоқығаны мол жан болыпты.

Тағдырдың тауқыметі кімді аясын, бесіктен белі шықпай жатып Софья да сол тағдыр тауқыметіне ұшырайды. 1927 жылы Софьяның үш жасында әкесі Әубәкір «халық жауы» деп ұсталып, жаламен айыпталады. Айыптаудың соңы ату жазасына кесіледі. Төртінші баласына аяғы ауыр анасы Рәбиға көзге көрінген балаларын кімкөрінгенге көзтүрткі қылмайын деп сол кездегі Қазақстанның астанасы Алматы қаласына қоныс аударады. Осында жүріп, он алты жасында жеті жылдық білім алған Софья енді анасына қолғабыс етуді ойлайды. Сөйтіп Татар АССР Бугулма қаласында № 16 телеграф мекемесінде еңбек жолын бастайды. Мұндағы телеграф маманы болып істегені кейіннен соғыста жүргенде өзіне көп көмегін тигізеді.
Соғыс басталардан аз уақыт бұрын елге оралып, Алматы қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепте аға пионер вожатый болып қызмет істейді. Оқуға деген ынтасы зор өжет қыз күндізгі жұмысын кешкілік Алматы ауылшаруашылығы техникумындағы оқуымен жалғастырады. Күндіз қас қарайғанша жұмыста, кеш бата техникумдағы оқуына асығады. Өстіп жүре берер ме еді, егерде бейбіт өмірді тұтқиылдан келген сұм соғыс бұзбағанда. 1941 жылдың маусым айында неміс-фашист басқыншылары кенеттен соғыс бастап, соғыс өрті еліміздің батысындағы біраз елдерді шарпып, лаулап шығысқа қарай жақындап келе жатты. Елдің жағдайы жұқара бастаған бір қиын-қыстау кезеңдер басталды.

Соғыстың алғашқы жылы бітіп, есіктен қаһарлы 1942 жыл енді. Софьяның  басынан қайтсем де мен Отанымды қорғауға майданға баруым керек деген ой кетпей қойды. Бірнеше рет өздері тұратын жердегі Ленин аудандық әскери комиссариатына баруға оқталғанымен анасынан батпай кейін шегіне береді. Ақырында өжет мінез, алғанынан қайтпайтын қайсарлық әскери комиссариатқа өзі сұранып майданға жіберуді өтінген өтінішпен аяқталған еді. Анасы болса бұдан хабарсыз. Білмейді. Баланың ортаншысы әрі өзі көп үміт күтіп жүрген жанына жақын қызы болғандықтан асыл ана қызымен қимай қоштасады. Сөйтіп өжет қыз он сегізге толар-толмастан сұрапыл соғысқа өзі сұранып аттанады.

1942 жылдың тамылжыған жаз айы. Софьяларды әкеле жатқан әскери эшелон Мәскеуге жетпей бір стансыда тоқтап, бұларды енді жабық машиналармен майдан шебіне қарай алып жүреді. Майданға жіберместен бұрын бұларды сұрыптап, әртүрлі әскери бөлімдерге бөліп, соғысқа дайындайды. Осы жерде Софьяға өзінің баяғы Бугулмада істеген телеграф мамандығы көмегін тигізіп, мұны барлаудағыларға байланысшы болу мамандығына қарай бейімдейді.

Бұл кез неміс басқыншыларының Отанымыздың астанасы Мәскеу қаласы түбіндегі майданда орасан жеңіліс тауып, ендігі бағыттары Ресейдің орталығы мен мұнайлы өлке Кавказға қарай ауысып тұрған кезі болатын. Арнайы дайындықтан соң майданның алғы шебіне жіберілген Софьяға Шығыстың қос шынарының бірі, Кеңес Одағының Батыры, мерген қыз Әлия Молдағұловамен бір жарым ай  бір бөлімде болуды тағдыр жазыпты. Жарықтық кейде бір көңілі түскен кезде батыр қыз Әлиямен бірге болған сол бір қас-қағым сәт – бір  жарым айды ерекше бір тебіреніспен, мақтанышпен айтып отырушы еді.

Басымдық біздің жаққа ауа бастаған кезде Софьяны Батыс майданындағы Екпінді армияның 335-і артиллериялық полкінің барлаушылар бөліміне ауыстырып, ол осы полкпен соғыс аяқталғанша бірге соғысады. Ол осы полктің барлаушылар құрамында «Кіші жерді» азат етуге, Кавказда туысқан Әзірбайжан елінің астанасы Баку қаласын, Махачкаланы жаудан қорғауға қатысады.

Соғыстың аты соғыс. Сен еркексің бе, әйелсің бе, елеп-екшеп жатпайды. «Қанды соғыс ерге сын, қаптаған жау елге сын». Қолыңа қару ұстадың ба, жауыңмен аямай күрес. Жауды аяған жаралы. Оның үстіне  Софьялардың барлау бөлімі үнемі от пен оқтың арасында жүреді. Соғыстың тағдырын шешетін әскердің көзі мен құлағы барлаушылар десек, олардың әр қадамы ажал мен қауіп-қатерге толы болатын. Артиллериядан соққы беру үшін жаудың әскери бөлімі, шоғырланған әскери техникасы қай жерде орналасқанын алдын ала біліп алудың маңызы ерекше. Сонда ғана атқан снарядың діттеген жеріне дәл тиіп жатады. Міне, осы кезде барлаушыларға жүктелер міндеттің еке есе артатыны бар.

Өз қарамағыңдағы барлаушыларды жау тылынан аман-есен алып шығып, соққы беретін нүктелерді анық көрсету үшін барлаушылар жетекшісінің ерекше туа біткен қасиеті болуы керек. «Барлаушы болсаң болжай біл, арбасқан жауды алдай біл» деген осындайда айтылса керек. Софья сол барлаушылардың штабпен байланысына жауапты белсенділерінің бірі болды. Жанында тағы бір байланысшы жауынгері бар, алғы шептен қажетті мәлімет әкелу үшін күн демей, түн демей қарша бораған оқтың астымен, ара-арасымен жанталаса жүріп, берілген тапсырманы орындау үлкен қырағылықты, ептілікті, батырлықты талап етеді. «Қыздың  ерлігі қырғында білінді, әйел демей алдына жауы жүгінді» дегендей, ерлердің арасындағы жалғыз қыз болса да алғы шептен мәлімет әкелуде Софья басқа барлаушылармен бірге небір қауіпті  тапсырмаларға қаймықпай қатысып, ерлік танытты. Осы ерліктеріне сай «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Кейін бұлардың полкі Кавказды жау қолынан азат етуге қатысып, осында көрсеткен ерлігі үшін 1943 жылы  «Кавказды қорғағаны үшін» медалімен марапатталады.

Тумысынан зерек, өжет, алғыр әрі намысқой Софья Әубәкірқызы қан майданда небір ерлік пен тапқырлықтың сан үлгісін көрсетті. Намысқойлық демекші, осы арада бір шегініс жасай кеткен жөн болар. Софьяның әкесі Әубәкір жаптым жала, жақтым күйемен жазықсыздан жазықсыз халық жауы болып атылып кетеді. Шығыстың қос шынарының бірі, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет те сол зұлмат жылдардың жазықсыз құрбаны болған ғой. Өжет, намысқой қыз әкесінің адал, ақ екенін дәлелдеймін деп оқып жүрген дәрігерлік оқуын тастап, өзі сұранып майданға аттанған. Біздің кейіпкеріміздің де бұл арада Мәншүк замандасымен тағдырлас екендігін ескерсек, Софья Әубәкірқызы да жазықсыз жапа шеккен әкесі үшін  өзі сұранып майданға аттанған деп ой түюге болады. Тіптен осы орайда айта кеткен жөн, Софья апамыз соғыстың алғашқы жылдарында батыр қыз Мәншүк Мәметовамен кездесіп, бірге суретке де түскен екен.

Намысын жауға бермеген қазақтың қаршадай қызы өзінің қаһармандығымен халқының атына кір келтірмей, соғысты жеңіспен аяқтап, 1945 жылдың маусым айында елге аман-есен оралады. Туған жер төсінде, Алматының теміржол вокзалында майданнан қайтқан ерлерді елі, туған-туыс, бауырлары ерекше бір қуанышпен, үлкен шаттықпен қарсы алады. Софьяның анасы Рәбиға осы вокзалда күтіп алып, өзінің жанындай жақсы көретін қызының аман-есен келгенін көріп, көрісіп мауқын басады. Оған куә сарғайған газет беттері. Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 25 маусымдағы санында газеттің бірінші бетіне «Туған елге қош келдіңіздер, жеңімпаз жауынгерлер!» деген тақырыппен майданнан қайтқан жауынгерлер туралы мақала жарық көреді. Сол мақаланың үстіңгі жағына Софья Имамбаеваның анасы Рәбиғамен сүйісіп, амандасып тұрған суретін береді. Суреттің астына «Жақында астанамыз майданнан қайтқан өзінің жауынгер қыздарын қарсы алды. Суретте: майданнан қайтқан Софья Имамбаева шешесі Рәбиғамен сүйісіп амандасып тұр. Суретті түсірген: Ким Ги-сун» делінген. Бұл тарихи айғақ па? Әрине, тарихи айғақ.

Елге аман-есен орала салысымен Софья Әубәкірқызы Имамбаева техникумдағы оқуын қайта жалғастыра жүріп, 1945-1949 жылдары Алматы қаласының Ленин аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, мектеп істері бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады. 1949-1950 жылдары Алматы қалалық телеграф мекемесінде бас маман болып жүрген жерінен Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің жолдамасымен Балқаш аудандық оқу бөліміне қызметке жіберіледі.

Өмірдің тауқыметін бесіктен белі шықпай жатып тартқан Софья Әубәкірқызы сол елуінші жылдардың басында ауданның халық ағарту саласында ұзақ жылдар жемісті, абыройлы қызмет істеген жаны жайсаң, жарқын да абзал жан Ахметбек Самылтыров ағамызбен көңіл қосып, шаңырақ көтереді. Абзал жанға аяулы жар болып үш ұл, бір қыз сүйіп, бар ауыртпалықты жеңіп шығып, халқына қалаулы, еліне елеулі болып бақуатты ғұмыр кешті. Балаларының үлкені Аспет жоғары білімді педагог, ұзақ жылдар Алматы қаласындағы мектептерде ұлағатты ұстаз болып еңбек етті. Қазір зейнеткер. Құдайдың берген қыздарын құтты орнына қондырған  бақытты ана, қадірлі апа.

Ұлдың үлкені Мақұлбек өзінің қалауы бойынша жоғары білімді құрылыс мамандығын игеріп, білікті прораб болды. Ол да Алматы қаласында өз мамандығы бойынша қызмет істеп, еңбек демалысына шықты. Өмір өкінішсіз болмайды ғой. Мақұлбектен кейінгі ұлдар Әріпбек пен Мейрамбек тағдырдың жазуымен өмірден ертерек өтіп кетті. Бірақ, тәубе, арттарында оттарын өшірмейтін ұрпақтары қалды. Қазір Бақанастағы қара шаңырақта Мейрамбектің қызы, Ахметбек ағамыз бен Софья апамыздың немересі Әсел отыр. «Орнында бар оңалар» деген осы.

Жақсы адам – елдің ырысы дейді екен бұрыңғылар. Қан майданда қан қасаптың  алғы шебінде жүрген барлаушы қыздың ерлігі бүгінгі ұрпағымызға үлгі-өнеге болары сөзсіз.

Сағидолла СИҚЫМБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі