"МЕНІ КҮТПЕҢДЕР. МҮГЕДЕК БОЛЫП ҚАЛДЫМ": ГОСПИТАЛЬДАН КЕЛГЕН ХАТ

Уақыты: 30.04.2020
Оқылды: 1149
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлы Отан соғысына Жамбыл ауданынан ғана 5806 адам аттанса, олардың 3500-ге жуығы майдан даласында көз жұмыпты. Бір отбасынан бірнеше азамат майданға аттанып, Отан алдындағы борышын өтеді. Сол қатарда соғысқа өз еркімен аттанған Бәкір Сыпатайұлының екі ұлы – Темірхан мен Кемел де жауды жеңуге өз үлестерін қосты.

Темірхан Бәкіров сол кезде Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітіріп, Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайылов, Қасым Жұмашев, т.б атақты ғалымдардан дәріс алды. Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы Қорқыт атындағы педагогикалық институтта оқытушы болып бастап, арман-мақсатына жету үшін ізденісін жалғастырды. Осы кезде соғыс өрті бұрқ етіп, бүкіл елді әбігерге салды. Замандастары қатарында Темірхан да ойланбастан соғысқа аттанды.

Бұл отбасының өзгелерден ерекшелігі – әкелері Бәкір Сыпатайұлы Саурық батырдың, аналары Үкіжан  Малыбайқызы сөз сүлейі Сүйінбай ақынның немересі болып келетін. Қай жағынан алсақ та «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген даналықтың мамағашына ат байлайсың. Содан да болар, Темірхан мен Кемел батыр тұлғалы, көп сөзге жоқ, еңбек десе ерекше жігерлі азаматтар еді.

Күндер өтіп, Темірханнан алғашқы хат келеді. Ағасының жігерге толы, жалынды сөздерін оқыған сайын Кемелдің де жауға деген өшпенділігі өзегін жарады. Тас түйінген Кемел  1942 жылы өз еркімен соғысқа аттанады. Алғашында командирлер даярлайтын мектепті бітіріп, Брянск бағытындағы 202- атқыштар полкінің құрамында қиян-кескі ұрыстарға қатысады.

Бәкіровтар әулетінде соғыс салған жазылмайтын қасірет табы бар. Өйткені, Темірхан жалындаған 25 жасында 1942 жылдың маусым айында соғысқа кірсе, 1944 жылдың 2 ақпанында алапат ұрыста қаза табады.

Бауырластар зиратына жерленген жауынгердің ұрпағы Саян Бәкіров атасының басына барды. Ержүрек жауынгерлердің рухына бас иіп, егіліп еске алды. Демек, осы киелі шаңырақтан Саурық бабаларындай батыр, Сүйінбай ақындай рухты азаматтардың өмірге келуі заңдылық. «Гүл өскен жерге гүл өседі» деп халық бекер айтпаған-ау.

Кемел де бауырының соңынан ерген қайсар әрі талабы таудай жас. Ол 1922 жылғы 12 желтоқсанда Саурық батыр ауылында дүниеге келді. Әкесі мен анасы ұлдарының бойына намыс,  жақсылық, өнерге деген ізгі қасиеттерді сіңіре біліпті. Содан да болар, Темірхан мен Кемел нағашы атасы Сүйінбай абызға еліктеп өлең өлкесіндегі бақтарын сынап, ауылдағы жиын-тойда көзге түскен деседі.

Кемел Ұзынағаш ауылындағы Н. Крупская атындағы орта мектепті, кейін Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебін бітіреді. Жас жігіт өзі туып-өскен ауылдағы бастауыш мектепке мұғалім болып, еңбек жолын бастайды. 1941 жылы өзінің жүрек қалауымен талшыбықтай бұралған Жәмегүлмен тағдырын қосады.

Жақсы күндер жалғасып жатады. Бақытты шақты аласапыран соғыс бұзып, 1942 жылы өзі қатарлы жастармен бірге майданға сұранады. Кемел Брянск бағытындағы 202-атқыштар полкінің құрамында қиян-кескі ұрысқа кіріседі. Оған дейін командирлер даярлайтын мектепті бітіреді.

Ұрысқа қатысқан алғашқы айларда жас жауынгер намыс пен батырлықтың қасиетін танып біледі. Қарап отырсақ, батырдың ұрпағы керегін өзі таңдағандай, бойындағы қасиетін жауға деген өшпенділік сынынан өткізгендей. Кейін әке мен анадан өн бойына темірдей тәртіп пен мықтылықты сіңіргендіктен ғана қиындыққа шыдағанын жиі еске алған. Бұған қоса, майданда  сақ, өр, өжет болуың керек. Осындай азаматтар ғана қажет кезде ерлік  жасайды. Ата-бабаларының «Тізерлеп жүріп тойғаннан, тік жүріп аш қалған артық» деген мәтелін дәйім есте сақтады.

Бірде Кемелдердің полкі кезекті шабуылға шықты. Жау ұшақтары көктен бомбаласа, зеңбіректер де снарядты бұршақша жаудырып  жатты.  Кеңес жауынгерлері «уралап» алға ұмтылған. Кемелдің оң қапталындағы Қайсар ауыр жараланды. Бұлар ұмтылып, көмек көрсеткенше санитарлар да келіп жетеді. 
Ардагер қалай соғысқаны жайлы әңгімелеуге шорқақ екен. «Бейбіт өмірде Кемелді әңгімеге тартқанда, алапат сәттер есіне түскенде ол ауыр күрсініп, қатты толқитын», – деп еске алады білетіндер.

Кемел солдаттың жаны мен тәнінің  қимылын үйлестіретін қатаң тәртіп екенін еш уақытта ұмытпапты. Содан да болар, шабуыл кезінде алға шығып, «уралап» жүрген кездерінде ол баһадүр Қарасай, Сұраншы мен Саурық бабаларын жүрегінде ұстады. Командирлері де солдаттың ержүректігін бағалап, наградаларға ұсынды.

Соғыста жаудың нақты орналасқан жерін және олардың қару-жарақ, құрамы мен күшін білу мақсатындағы тапсырманың жөні бөлек. Ондай қатаң тапсырмалар жауынгер Құрманов Мұсылманқұл екеуіне  жиі жүктеліпті.

Сондай кезекті бір барлауға шыққан олар түн қараңғылығында орман ішімен алға жылжиды. Қорыс-бұтаны тасалап, кей тұсы батпақ, көлшік суды кешіп өтіп, жау бекінісіне жақындап, еңбектеп келеді. Екі күн, екі түн жүріп бұйрықты орындап, барлығын картаға түсіріп кері қайтады.

Дәл осы кезде партизандар да кезекті барлауға шықса керек. Қараңғы түнде олар ойда жоқта кездесіп қалады. Тәжірибелі партизандар кеңес солдаттары екенін бірден байқаған. Ауыр жараланған үш партизанды Кемел мен Мұсылманқұл екеуі кезекпен арқалап, сүйемелдеп полкқа алып келеді. Тапсырманы мүлтіксіз орындағаны үшін Кемел мен жауынгер досы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты.

Десна өзеніне мықтап бекінген жауды қорғанысынан қуып шығу жауынгерлерге оңайға түспеген. Қиян-кескі ұрыста екі жақ та көп шығынға ұшырайды. Шабуыл кезінде өршелене алға жылжыған Кемелдің қабырғасына оқ тиіп, ауыр жараланады. Қаруластары бірден дала госпиталіне жеткізеді. Жазылып шыққан соң 774-атқыштар полкі құрамында Минск қаласының маңындағы ұрыстарға қатысады.

Тағы бір жолы полк командирі Безбородов Кемел Бәкіровке жаудың екі мергенін тірідей ұстап әкелуді тапсырады. Жау мергендерін тірідей қолға түсіру оңай болсын ба?! Десе де сәтін салғанда бұл тапсырманы да абыроймен орындайды. Қанша әккі болса да жау жендеттері солдаттардан айласын асыра алмапты. Тапсырманы орындаған солдатқа алғыс жарияланып, кезекті наградаға ұсынылады.

Жеңіске санаулы айлар ғана қалған. 1944 жылдың желтоқсан айы. Жаудың беті қайтып, мысы басылып, шегініп бара жатқан кезі. Айнала ақ қар, көк мұз. Бет қаратпайтын аяз солдаттардың жігерін жасыта алмапты.

Атқыштар бригадасының көзсіз мергені саналған жерлесіміз Кемел Бәкіров жауға үздіксіз оқ жаудыруда. Бір кезде жанына гүрс етіп снаряд жарылды. Түскен жерінің опыр-топырын шығарған снаряд жарықшақтары Кемелдің жамбасына тиіп сүйегін мылжалап кеткен еді. Бұл оның майданда алған төртінші әрі ауыр жарақаты. Қансырап жатқан оны ұрыс даласынан қаруластары алып шығыпты. Кемел өзінің тірі қалуына себеп болған жауынгердің кім екенін де білмепті.

Мерген солдатты бірден Горький қаласындағы госпитальға жеткізеді. Жаралылардың бірінің аяғы, бірінің басы, тағы біреулерінің қолы байланған. Госпиталь қызметкерлері әр солдаттың өмірі үшін жанұшыра арпалысты.

Есін жиған Кемел айналасына қарап, жағдайын ой елегінен өткізеді. Белінен төмен зырылдап қақсаған ауырлықты сезінеді. Оның есін жинауын күткен дәрігер:

– Солдат Бакиров! Сен асқан ерлік көрсеттің. Жараң ауыр. Бірақ жаның аман қалды. Өмірде азаматқа бәрі сын. Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық, – деп енді өз бетінше жүре алмайтынын жайлап жеткізеді.

Кемел сол күнгі ұрыстан аман қалғанын Алланың өзіне берген сыйы деп қабылдады. Енді ол қос балдаққа сүйенген мүгедек. Ауылға қайтқанда кімге масыл боламын деген ауыр ой құшағында қалады. Ары ойланып, бері ойланып ауылға бармауға бел буады. Мына кейпінде жан жары Жәмегүлге масыл болмайын деп шешеді. Қолына қалам алып, көңіл-күйін баяндап, хат жазады. «Мені күтпеңдер. Ағайын-туғанға сәлем айтыңдар. Мүгедек болып қалдым. Алланың жазғанын өзім көтеремін» деген мағынадағы сәлемдемесін алған туыстары ойға кетеді. Бірақ жасынан өжет, ерке өскен Жәмегүл бірден жиналып, Горький қаласына жол тартады.

Пойыздың «тық-тық» еткен жүрісі келіншектің шыдамын тауысқандай. Әйтеуір діттеген қаласына да жетеді. Сұрастыра жүріп, госпитальға келгенінде бірнеше жыл бұрын өзі көрген ұзын бойлы, кең жауырынды азаматтың орнында балдаққа сүйенген, өткір жанары ғана от шашқан жан тұрады. Жәмегүлдің жүрегі шымырлап,  қол ұстасып өмірге бірге аттанған азаматына деген махаббаты алаулайды.

– «Кемел, сен қалай ғана бізден бас тартасың? Бәрін бірге көреміз», – деп екі көзіне ерік береді. Сол күні екеуі – бірі солдат, бірі қазақтың қайсар қызы, ұзақ сырласады.

Осылайша екеуі туған жері Көкөзек (қазіргі Саурық батыр) ауылына қайтады. Бейбіт өмірдегі тіршілік бірте-бірте қалпына келеді. Ұлы Отан соғысының бірінші топтағы мүгедегі көп ойланбастан Түрген қаласындағы мұғалімдер даярлайтын педагогикалық училищеге түсіп, оны 1949 жылы бітіреді. 1947-1972 жылдары Саурық батыр ауылындағы орта мектепте мұғалім болып, талай жасты білім нәрімен сусындатады.

Кемел Бәкіров «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 20, 25, 30 жылдығы мерейтойлық медальдарымен марапатталған. «Ерлігі үшін» медалі тағы бар. Ал «Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі» белгісі Кемел атаның бейбіт күндердегі еңбектегі ерлігі десек болады.

Ұлағатты ұстаз мектепте өткен іс-шараларға белсене қатысады. Мектеп дирекциясымен бірлесіп заңғар жазушы Мұхтар Әуезовпен кездесу өткізгені бір ғанибет. Кездесудің қызықты әрі мазмұнды өткені сонша, ұстаздар мен сол кездегі шәкірттер бұл жүздесуді осы күнге дейін ұмытпай еске алып отырады.

Бауыры Темірхан Бәкіров қан майданда қаза тапты. Ал Кемел мүгедек болып еліне қызмет етті. Бұл Бәкіровтер әулетіне соғыс салған орны толмас қасірет деуіміз осыдан.

Кемел ата-баба аруағына арнап «Саурық батыр», «Горькийдемін», «Бастама», «Армандаймын», «Досыма», «Солар үшін» деген өлең жазып, оқырманға ұсынды.

Горькийден қол ұстасып бірге қайтқан Кемел мен Жәмегүл Смет, Сәбит, Жеңіс, Күлжаһан, Күләш, Гүлмира, Эльмира, Гүлзада есімді 3 ұл мен 5 қызды өмірге әкеліп, жоғары білім беріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Немере сүйді. Қазір ұлдың үлкені Смет пен келіні Ләйләш Бәкіровтер әулеттер арасындағы береке-бірліктің ұйытқысы болып, немере сүйген бақытты жандар. Демек, әке мен ананың арманы орындалды. Бар қиындық артта қалды.

«Өмір – күрес» деп жатамыз ғой. Бұл шындық. Қосбалдаққа сүйенгендігі Кемел Бәкіровтің алдағы өміріне тосқауыл қоймапты. Оның жанартауша атылған ерік-жігері бәрін жеңіп шықты. Өйткені оны жан жары Жәмегүлдің азаматына деген махаббаты жігерлендірген еді. Госпитальдан  келген хат отбасының алдағы тағдырын осылайша түбегейлі шешті.

Бүгінде ұлдары мен қыздарынан тараған ұрпақтары мен құда-құдағиларын қосқанда бір ауылдың жұртындай. Өмірдің ащысы мен тәттісін бірдей көрген жауынгер 1977 жылы өмірден озды. Жауынгер, бейбіт өмірдің батыры Кемел Бәкіровтің пейіште нұры шалқысын. Бұл тілекті Ұлы Отан соғысында шейіт болған мыңдаған жауынгердің рухына бағыштасақ артық емес. Өйткені бүгінгі бақытты өмір үшін біз оларға мәңгі қарыздармыз.

Күмісжан БАЙЖАН,

ҚР Мәдениет қайраткері

Жамбыл ауданы

Алматы облысы