"МЕН НЕ БІТІРДІМ?" ЕГЕР ЖҰПЫНЫ ӨМІР СҮРСЕҢ, ОНЫҢ БІР ҒАНА СЕБЕБІ БАР

Уақыты: 04.05.2020
Оқылды: 1218
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әуелі сөзімізді ШҮКІР айтудан бастайық. Бүгінгі індет көпшілікке істеген іске есеп беруді, барды бағалауды, жоққа шүкір етуді үйретті. Бірақ әлі де тіршіліктің күйбең тірлігін артық санап жатқанымыз жанға батады.

Көпшілік төтенше жағдайды естігелі қамданып әлек. Дұрыс, қамданған қапы қалмайды. Алайда қамдану дегеніңіз алақан жайып, мемлекеттен сұрау емес. Мен аяқ-қолы балғадай, он екі мүшесі сау кей адамдардың: «Тәуелсіздік алғалы бір жарымадық. Ішіп-жегіштер халықты бір мезет те ойламайды. Мемлекеттен ешқандай да пайда көріп отырған жоқпыз», - деп сөйлейтіндеріне таңым бар.

Айналайын-ау, егер Қазақстандай байтақ мемлекет болмағанда бұл күні ұлдарымыз құл, қыздарымыз күң болар еді ғой. Әркімді бір пана тұтып, бейбітшілікті аңсап, өмірден өтер едік. Қазір мемлекеті жоқ қаншама ұлт әркімнің босағасын жағалап жүр?! Ал біз тәуелсізбіз, азатпыз! Бір сәт болса да қолда бар алтынның қадірін біліп, барымызды бағалайық, ағайын.

Тəуелсіздіктің алғашқы жылдаранда нарықтың не екенін түсінбедік. Өзбек ағайындарға ұқсап сауда жасауды да білмедік. Сауда жасағандарды "спекулянт" деп кемсіттік. Сол егемендік алған жылдардың басында, Ақсу ауданында қызмет еткен Жангелді Заманбеков «Қазағым-ай» атты өлеңінде:

Аңқаулығың артады бір басыңнан,

Жалқаулығың артады бір басыңнан.

Етек-жеңің жиылмай келе жатыр,

Бір ғасырға ұласып бір ғасырдан, – деп жырлаған еді.

Қазір заман өзгерді. Соған қарай қазағым да байлықтың көзі еңбекте екенін түсінді. Бірақ барлығы еңбекқор болып кеткені шамалы. Міне, етек-жеңін жия алмай жүргендер мемлекеттен пайда жоқ деп байбалам салады. Алайда мемлекет бар жақсыны халыққа жасап келеді. Қолда барын бұқарадан аяған емес. Аямайды да.

Алысқа бармай-ақ қоялық, жас баладай қаз-қаз басқан мемлекеттің тізгінін ұстаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халық үшін үлкен іс атқарды. Жоқтан бар жасады. Жоғалғанды түгендеді. Ол кісінің ерен еңбегіне алғыс айтуға міндеттіміз. Ал қазіргі басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі біршама игі іс атқарылды. Әсіресе, халық жағдайына, оның ішінде, көпбалалы аналарға қатты көңіл бөлді. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның өзі көпбалалы отбасы үшін үлкен көмек деп ойлаймын.

Енді, міне, ел басына ауыр күн туған шақта білек сыбана іске кірісіп, халықтың жағдайын жақсарту жолында еш аянып жатқан жоқ. Дәл қазіргі уақытта біздің мемлекетке береке, бірлік, татулық, ауызбіршілік ауадай қажет. Қазақ ешқашан да ағайын-туысын, көрші-қолаңын, танысын, дос-жаранын қиын күнде жалғыз қалдырмаған.

Мұндай берекенің бастауы, әрине, әйел адамға байланысты. Бірақ сол әйелдерді алға салып, ұрандатып, ақша сұрауға, азық-түлік талап етуге жіберіп, үйде теледидардың алдында шалқадан түсіп жатып: «Не болды? Ақша бере ме?» - дейтін жігіттердің тіршілігіне болайын!

Бұл кереғарлықты көріп өскен баланың тәрбиесіне, болашағына алаңдаймын. Осы уақытқа дейін қазақ елі талай нәубетті бастан кешті. Бірақ қандай қиыншылық болмасын әйел адам отбасы, ошақ қасынан ұзап шығып, ер азаматтардың бетінен алып, жағасына жармасқан емес. Бұл біздің тектілігімізді білдірді. Ал қазір тектіден туған тектілер тексіздікке жол беріп жүр.

Кейбір ер-азамат билікті даттап, түрлі пікір айтқанда алдарына жан салмайды. Олар бір мезгіл «Мен не бітірдім? Отбасыма қандай жақсылық жасадым? Мемлекетіме қандай пайдам тиді, мен неге жұпыны тұрамын? Қазақстанда тұратын басқа ұлт неге менен бай тұрады?» деп ойланса деймін. Ағылшындардың "Егер өзіңді ақылдымын деп санасаң, неге бай емессің?» деген нақыл сөзі бар.

Жұпыны өмір сүрудің бір ғана себебі бар. Ол – жалқаулық пен енжарлық. Бұл жат қылықты жеңетін тек ақыл мен еңбек екенін естен шығармағанымыз жөн.

Билік басындағы азаматтардың істеп жатқан іс-əрекеттеріне қарап, дəн риза боласың. Күні-түні тыным таппай, халықтың қамын ойлап, денсаулық саласының мамандарын, полиция қызметкерлерін, еріктілерді ұйымдастырып, қолдан келген жұмыстарды жасап бағуда. Оны көретін көз көріп  жүр. Көрмес түйені де көрмес.

Мен қарапайым зейнеткерлердің арасында жүргендіктен, солардың жалпы пікірін айтқым келеді. Біреудің Тәңірден де, ар алдындағы жауапкершіліктен де, адамнан да қорықпай, сорлап қалған Арыс қаласын қалпына келтіруге халықтан жиылған қаражатты қылғытып қойғаны қандай өкінішті. Ал біздің əкім Амандық Ғаббасұлы жарғақ құлағы жастыққа тимей, ел қамын ойлаумен жүр. Күні кеше ғана аймақ басшысы «Магнум» сауда орталығындағы халық көп тұтынатын азық-түліктің бағасын тұрақтандырды. Газет бетінен оқып, бала-шағамызға, жақындарымызға айтып, бір қуанып қалдық. Негізгі тұтынатын өнімдердің бағасы орталық базардан әлдеқайда арзан екенін көрдік. Міне, халықтың қалтасына салмақ түспесін деп жүрген азаматтардың осындай ісіне береке тілеймін.

Мемлекет жұмыстары уақытша тоқтаған азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындады. Осыны мемлекет істемегенде кім істеді дейсіз? Осы тұста мемлекеттің қамқорлығына тағы да рахмет айтуымыз керек.

Төтенше жағдайла байланысты қазір көпшілік үй карантинінде отыр. Бұл сынақты сабырмен, түсіністікпен өткізуге болады. Бірақ тағы да мемлекетке қарсы шығушылар көбейді. Аш баламен тоқ баланың ойнамайтынын жақсы түсінсем де, адамдардың адамгершілік қасиеттерінің тым төмендеп бара жатуының себебін ұғына алар емеспін.

Мүмкін, сіз өзінде болған соң өзгені ойлап қайтсін деп отырған шығарсыз?! Жоқ, олай ойламаңыз. Мен де бір зейнетақыға қарап отырған зейнеткермін. Бірақ бәрін берекемен берсін деп шүкір етемін. Сіз де мемлекеттің көрсеткен қамқорлығын сезініп, аз да болса қанағат тұтып, алғыс айтыңыз. Адамның пейілі түзелмей, мейірімі артпайды. Қазағым «Елде болса, ерінге тиеді» деген сөзді текке айтпаған. Мемлекетімізде болса қарапайым халықта болады. Үкімет ешқашан да халықты қиын жағдайға қалдырмайды. Қазіргі таңда бәріміздің мақсатымыз – халықтың амандығын тілеу. Барға қанағат етіп, жоққа сабыр сақтап, бір-бірімізге қолдау білдіріп, адамзаттың амандығын тілеп, қамқорлық танытайық, ағайын!

Ахат АЯЗБАЕВ,

Ақсу ауданының Құрметті азаматы

Алматы облысы