ЗАМАН ӨЗГЕРСЕ ДЕ, АДАМГЕРШІЛІК ӨЛШЕМДЕРІ ЕШҚАШАН ӨЗГЕРМЕЙДІ

Уақыты: 06.05.2020
Оқылды: 2559
Бөлім: РУХАНИЯТ

Рухани жаңғыру бағдарламасына үш жыл толу қарсаңында қазақ халқының әлеуметтік, рухани-мәдени құндылықтарын сақтап, жастарды тәрбиелеу, сонымен қатар, еңбекке баулу дағдыларын қалыптастыру өзекті мәселе болып қалып отыр. Қоғам алдында өзінің дербестігі мен жауапкершілігін сезінетін, қоғамдық сана-сезімі оянған, парасаты мен ар-ожданы биік, іскер, қабілетті, нарық жағдайында бәсекелестікпен еңбек ете білетін азамат тәрбиелеу - қазіргі қоғамның талабы.

Қазақ халқының жастар тәрбиесі жөнінде сан ғасырдан бері жиып-терген мол тәжірибесі бар. Оны халқымыз ең жақсы деген қасиеттермен байытып, ұл-қыздарының бойына сіңіріп отырған.

Мәселен, ұлттық тәрбиедегі еңбек дәстүрінің бірі - «Асар». Ол ертеден келе жатқан халқымыздың озық әдет-ғұрпы, бір-біріне ақысыз көмек көрсету, көпшіліктің көмегін пайдалану дәстүрі. Халқымыз қол күшін керек ететін, көпшіліктің қатысуымен іске асатын үй салу, қой қырқу, тай таңбалау, киіз басу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстарды көптің күш-қайратымен, көмегімен тез атқару үшін ру басының, үй иесінің ауылдастарын, туған-туыстарын шақырған. Осы арқылы адамдарды ынтымақ-бірлікке, ұйымшылдыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеп, еңбек етуге баулитын қоғамдық және әлеуметтік маңызы зор, пайдасы мол, мәні терең іс екендігін жастарға ұғындырады.

Кісіліктің негізгі қасиеттерінің бірі – арға кір түсірмеу. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейді халық мақалы. Қазақта «Ұят кімде болса, иман сонда» деген мақал бар. Халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы арды надандық ұят және шын ұят деп екіге бөледі. Надандық ұяты дегеніміз – жас баланың сөз айтудан ұялғаны сияқты ақылы қысқа, өрісі тар, ойы таяз жанның ұялмайтын нәрсеге ұялуы. Ал шын ұят – шариғатқа, абыройға теріс, ақылға сыйымсыз, сөкет қылықтан ұялу. Қазақ халықының ұлттық тәрбиесінде осы қасиеттермен қатар, халқымыздың «Ұят болады», «Жаман болады», «Обал болады» сөздері арқылы ұрпақты ұят істерден, жамандықтан және зиян келтіруден сақтандырып отырған.

Қазақ халқында «Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді» дегендей, ұлттық намысқа ерекше мән беріп, жастарға тәлім-тәрбие жүргізеді. Заман қаншалықты өзгерсе де, қазіргі ұрпақ ұлттық құндылықтарымызды түсінуге, ардақтауға тиіс. Заман өзгерсе де, адамгершілік өлшемі ешқашан өзгермейді.

Қазақ қалқында «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, жастарда жақсы әдеттің қалыптасуы - өзіне және қоғамға пайдалы істерімен көрінуден байқалса, жаман әдетті қалыптастыруы қауымның берекесін алып, оғаш қылығымен өзінің ортадағы қадір-қасиетін төмендетуден білінеді.

Демек, жастарды еңбек тәрбиесіндегі әдетке айналған жарасымды мінез-құлқы мен жұмыс орнын тәртіпке келтіріп ұстауы, жұмысына кешікпей келуі, өзіне берілген тапсырманы тиянақты орындауы және басқа іс-әрекеттеріне ұдайы жауапкершілікпен қарауы - оның жақсы әдеттерді қалыптастырғанының көрінісі.

Гүлнархан ҚҰРМАНҒАЖЫ,

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ жаратылыстану кафедрасының оқытушысы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан