"ІЗДЕГЕНІҢІЗДІ ТАППАЙСЫЗ": ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ БАЛАЛАР ОҚУЛЫҒЫ НЕГЕ АЗ?

Уақыты: 06.05.2020
Оқылды: 1361
Бөлім: РУХАНИЯТ

​​​​​​Өз заманында: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік», - деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап адамның қиялын ұштайтыны анық. Әсіресе, оңы мен солын енді тани бастаған балалар үшін кітаптың орны бөлек болуы тиіс. Түсіне оқыған әр бала алыстағы елдерге ойша сапар шегіп, өзі сүйген ертегінің сүйкімді кейіпкеріне айналады. Ойласа ойындағы, ойнаса қиялындағы жан кейіпіне бірден ене кетеді. Балаға бұл қасиет, ең алдымен, ана сүті мен тәлім-тәрбиеден дариды, кейіннен көптеген сәбиге шынайы күлкі сыйлаған авторлардың жемісімен сіңеді.

Ұлт болашағын ойлап, бүлдіршіндерге қызықты шығармалар ұсынып жүрген авторлардың жаңа кітаптарын көру мақсатында дүкендерге шолу жасадық. Байқасақ, дүкен сөрелерінде балаларға арналған кітаптардың түр-түрі менмұндалап толып тұр. Терең ойлы, мағыналы оқулықтар да, қызылды-жасылды бояуға еніп өрнектелген кітаптар да, әсерлі суреттері арқылы қызықтыратын ертегілер де табылады. Сөрелерден балаңыз оқитын, бояйтын, жазатын-сызатын, тіпті, өздері сөйлеп, ән айтып беретін кітаптарды да таба аласыз. Көлемі ғана емес, жазу тілдері жағынан да жеке-жеке топтастырылып орныққан. Тіл дамытуға арналған ағылшынша, қытайша, орысшасы да бар. Алайда қазақ тілді оқулық жоқтың қасы. Іздегеніңізді таппайсыз. Өйткені, жоғарыда сипатталған керемет кітаптың бәрі де өзге тілде. Қазақша сауат ашар жас буынға шалажансар аударма бұйырады. Ал сөздің түп-тамырын жете түсіне алмаған жеткіншектен қандай ұрпақ қалыптасарын өзіңіз ойлай беріңіз.

- Дүкенімізге келіп түскен оқулықтарды өздерінің сериялары бойынша қабылдап аламыз. Жалпы, балаларға арналған кітаптар жылда бірнеше сериямен келеді. Ішінде балалардың қызығушылығын оятатын тың дүниелер де, аудармалар да бар. Дей тұрғанмен, қазақ тілінде жазылған оқулықтар саны аз. Ізденіс те, сұраныс та сол деңгейде. Тапсырысты тек сұраныс түссе ғана бере аламыз. Алайда көптеген ата-ананың сұранымы бойынша «Әліппенің» мектеп бағдарламасына ену мәселесінің талқылануы бізді қуантты. Себебі, бізге келіп жиі сұралатын қазақ тіліндегі оқулықтың бірі осы. Шетел классиктерінің жазған ертегілері мен әңгіме жинақтары сұранысқа ие. Жеткіншектер танылып үлгермеген ұлттық өнімді емес, теледидарға мультфильм болып шығып жүрген ертегіні қызығушылықпен алып оқиды. Ал ата-аналар қауымының басым бөлігі балаларының жан-жақты сауатты болып, шет тілдерін үйренуіне мүмкіндік беретін, сөздік, сондай-ақ, жеңіл тілде жазылған ертегі кітаптарына тапсырыс береді, - дейді біз барған кітап дүкенінің сатушысы.

Кітап дүкеніндегі сатушы айтып кеткен мәселелер оң шешімін тапса, ертең жас ұрпақтың қолына сапалы кітап түсер еді. Балаларға арналған кітап шығаруды нақты бір баспа өз қолына алып, осы тақырыпта қалам тербеп жүрген ақын-жазушыларды, білімді жастар мен білікті суретшілерді біріктіре отырып, бірлесе жұмыс жасаса, балалар кітаптарының сыртқы келбеті ғана емес, ішкі мазмұны да жақсарып, балалар әдебиетінің жақсы мектебі қалыптасар еді деген ой түйдік.

Балаларға рухани базарлық сыйлау - бүгінгі аға буынның міндеті. Себебі, сіздің де ізіңізді басар ізбасарларыңыз бен жолыңызды қуған ұрпағыңыз бар. Онсыз да жолынан жаңылған жолаушы тәрізді бұралаң жолдан бағытын таппай адасқандар жетерлік. Асылдар көріп өскен балалықтың ойыны да, тұнығымен сусындаған оқулық та жоқтың қасы бүгін.

Алайда өз тілімізде жазылған кітаптың саны аз болса да, кітапхананың барлығы балалар мүддесіне қызмет етуде. Еліміздің қай өңірін алып қарасаңыз да балалар кітапханалары жұмыс істейді. «Орталық балалар кітапханасы» деген атаудағы көне кітапхана Талдықорғанда да бар. 1960 жылдан бері сауатты жастың қалыптасуына қол ұшын созуда. Ондағы кітаптардың жалпы қоры – 120 мыңнан асады. Кітапхана қызметшілері оқулық таратып беруден бөлек, әр түрлі іс-шара мен кітап оқу сайыстарын өткізеді.

Балаларға базарлық сыйлап жүрген орталық кітапханадан бөлек, қаламыздың өзге де мәдени-ағартушылық орындары өз істерін асқан жауапкершілікпен атқарып жүр. Соның бірі - Талдықорған қаласындағы мектеп оқушылары жиі келіп, қатынайтын №2 кітапхана.

- Біздегі оқулықтардың барлығы дерлік мемлекеттік тапсырыспен, балалар мен ата-аналардың сұраныстары бойынша алынады. Өздеріңіз білесіздер, әркімнің таңдауы, талғамы әртүрлі. Сондықтан да, нақты бір бағыттағы кітаптарға ғана тапсырыс береміз деп айта алмаймын. Кітапханамен байланыс орнатып, сауатын ашып, ізденіп жүрген оқырмандарымыздың барлығы мектеп жасындағы балалар. Білесіз, қазір көпшілігі ғаламтор көмегіне жүгініп алған. Десе де, балаларды мүлде кітап оқуды қойды дегенге келіспеймін. Себебі, бізбен тығыз қарым-қатынас орнататын балалар санында шек жоқ. Оқимын деген балаға барлық мүмкіндік жасалған. Өздеріне қажетті оқулықтарды жаздырып, үйлеріне алып кете алады. Тек жалғыз томдық сирек энциклопедияларды залда отырып оқуына рұқсат етеміз, - дейді Талдықорған қалалық №2 кітапхана филиалының өкілдері.

Заман қаншалықты қарыштап дамыса да, кітап мәртебесі еш түскен емес. Адамды адам қылған – білім. Ал білімнің көзі, әрине, кітапта. Кітап – сенің асып-таспайтын асыл досың. Табиғатынан оған жақын болған жанның ой-өрісі кең, сөз мәдениеті жоғары, рухани тұрғыдан бай болатыны сөзсіз. Кітап оқудың ұлт болашағы - балалар үшін де маңызы зор. Сондықтан, көзіңді қызықтырар көркем шығармалар мен мұқабасы әдемі безендірілген ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ жазылған оқулықтар саны арта түссе, нұр үстіне нұр болар еді.

Жансая ҚАБДЕН

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан