ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ: ДЕПАРТАМЕНТ БЕЛСЕНДІ ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУДЕ

Уақыты: 16.05.2020
Оқылды: 2105
Бөлім: РУХАНИЯТ

Барша халықты алаңдатқан коронавирус пандемиясы еліміздің білім саласына да елеулі өзгеріс әкелгені хақ. Қазақстан халқы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, қиындықты жеңуге атсалысты. ҚР Білім және ғылым министрлігі жедел шешім қабылдап, пандемияның өршуіне жол бермеу мақсатында кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерін бірден қашықтан оқыту жүйесіне көшірді.

Осы орайда Алматы облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті қызметкерлері мониторинг және талдамалық нәтижелер бойынша жұмыс жүргізді.

Облысымыздағы 68 кәсіптік және техникалық білім беру мекемесі ұсынылған 8 платформа, демек, «Edupage», «Platonus», «Google classroom», «Paragraph bilim», «Quizlet», «Edus», «Smart Qetisu», «Moodle» бойынша таңдау жасады. Интернет желісі баяу жұмыс істейтін ауылдарда тұратын студенттерге «Қазпошта» арқылы білім беру материалдарын жеткізу қолға алынды. Оқытушы мен білім алушының кері байланысын жүзеге асыратын құралдардың бірі ретінде мобильдік қосымшалар белсенді іске қосылды.

Пандемия жағдайында қашықтан білім берумен толық қамту барысында қажеттілік білдірген білім алушыларға колледждердің компьютерлік техникалары уақытша қолдануға берілді. Жатақханаларда қалған білім алушылар қашықтан оқыту бойынша тиісті техникалық құралдармен, тамақпен қамтылды.

Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті тарапынан платформаларға енгізілген білім беру үрдісіне мониторинг жасалды. Нәтижесінде қашықтан оқытуды ұйымдастыруда бірқатар олқылық анықталды. Ол кемшіліктерді жойып, сапаны қамтамасыз ету бағытында кеңес беру және түсіндіру жұмысы жүргізілді.

Бірқатар колледжде электрондық оқу әдістемелік кешен толықтырылды, платформадағы электронды кітапхана жүйеге келтірілді, электронды журналды толтырып, жүргізу бойынша кеңес берілді. Сабақ кестесін тиісті уақытында енгізу, берілген тапсырмаларды белгіленген мерзімде тексерудің маңыздылығы айтылды.

Ең бастысы, білім алушылармен платформа арқылы кері байланысты жандандырудың қажеттілігіне баса назар аударылды. Нәтижесінде, кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерінің оқытушылары әдістемелік-цифрлық тұрғыдағы жаңа мүмкіндіктерді бағындыруды қолға алды.

Алда тағы бір белес күтіп тұр. Кәсіптік және техникалық білім беру мекемелеріндегі оқу жылын қорытынды аттестаттау да қашық форматта өтпек. Осы орайда, ұстаздар еңбегіне жоғарғы нәтиже мен табыс, түлектерге сәттілік пен ақ жол тілейміз.

Рита САЙДГАРИЕВА,

Алматы облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің бас маманы

Сурет - ғаламтордан