БЕЛГІЛІ ТЕЛЕЖУРНАЛИСТ БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК ДҮНИЕ САЛДЫ

Уақыты: 18.05.2020
Оқылды: 2662
Бөлім: РУХАНИЯТ

Белгілі журналист, Алматы облыстық "Жетісу" телекомпаниясының директоры Бейсен ҚҰРАНБЕК ұзақ уақытқа созылған ауыр дерттен кейін дүние салды.

Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген еді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметтерінен бастаған. Кейінгі өмірін қазақ телевидениесімен байланыстырып, «Рахат», "31 арна", "Хабар" телеарналарында, Президент телерадиокешенінде абыройлы қызметтер атқарған.

2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды. 2013-17 жылдары «Қазақстан» телеарнасындағы жалпақ жұртқа танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуын, 2017 жылдың қыркүйек айынан "Қарекет" бағдарламасын жүргізді.

2014 жылдың қазан айында Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды.

Қазақстан Президенті сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері атақтарын алған.

Барша Қазақстан халқы, журналистер қауымы, оның ішінде, бір ғимаратта қоян-қолтық қызмет атқарған "Өлке тынысы" ЖШС және Алматы облыстық "Жетісу" газетінің ұжымы Бейсен Құранбектің отбасына, туған-туыстарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"