Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ЖАНЫП КЕТТІ-АУ": АЛАШТЫҢ АРДАКҮРЕҢІ БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК ЖАЙЛЫ АЗАЛЫ СӨЗ

Уақыты: 20.05.2020
Оқылды: 360
Бөлім: РУХАНИЯТ

Осындай талма тұста ауызға алдымен оралатын «сұм ажал» деген сөзді айтуға әу бастан бейіл емес едім. Бейсенге қатысты мұны енді қадап тұрып айтқым келеді. Қатты сырқаттанып жүргенін айналасы ғана емес, жалпақ жұрт білді. «Тәңірдің өзі халықтан бір-ақ жас үлкен» деген ұғыммен өскен біздер – жасымыз бар, жасамысымыз бар, Алладан Алаштың ардакүреңінің амандығын қол жая жаппай тілеп жаттық! Көптің ақ тілеуінің өтеуіне құлай сендік те! Әне-міне, жайраң қаға ортамызға оралар деп, телеарна жаққа жәудірей көз салушы едік. Аяғы осылай шықты, «жазмыштан озмыш жоқ» екен!

Қазақтың бір жыртығына жамау болам деп шырылдап жүріп жанып кетті-ау дейді бір ойым. Жоқ-жітіктің қисыны қиын шаруасының түйінін шешемін деп жүріп қоғамның сызына тоңып кетті-ау дейді бір ойым. Алланың жазуы ғой, солай десек те, ақжүрек журналистің жүгі ауыр мына жалғанда. Сол батпандай салмақты кәтепті қара нардай көтергендігіне миллиондаған көрермені куәдірлікке жүрді. Сол үшін ардақ бағалады, байтақ қолдады, боздағымызды туғанындай көріп кетті. Адами бақыт та, кәсіби бақыт та – дәп осында!

Бейсенжан теледидар жәшігінен аюдың аптығын басар жаужүрек ұлдай, екі езуін жия да алмай, қос жанары жайнай, жан-жағына мейірлене қараушы еді-ау! Жалқың түйсінген ақиқатқа жалпыңды исіндіре алдым ба, бағаналы жұрттың бағы қайтып артпақ енді, уақыттың ұршығында қашанғы шыр айнала бермекпіз тектес – асу да асу сапырылысқан сауалдарын алабұртқан жүзінен айқын аңғарар едіңіз. Студияға шақырылған қауым болса, үн қатарға дәрменсіз. Иі қанған терідей шалқасынан түскен тақырыпқа тән ой үзіктерін жинап әлек...

Лебізін мизам шуақтай майса күліп бастаса да, майда сөйлеу ауылына маңайламайтын. Жүрегіне құндақтаулы асыл мұратын дәйектей, дәлелдей келе, сонау зәу биіктен тіке құлаған көк қырандай темірқазық нысанасын дөп басатын-ды.

Беу, сөз құдіреті-ай, десеңізші! Аспан алақандағыдай айналып, күн елжірей құшағын ашса, кербез Алатаудың өзі сол асқақ қалпында селт ете тына қалар. Иә, тағдырлы ұлт көш-керуенінің күзер де түзер тылсымдары бір хабарды айтасыз, мың хабардың сабасында піспектеліп үлгерсін бе?!

Көзіндегі жасын көрсетпесе де, көкірегіндегі зарын жасыра алмас, қиянаттың қияпаты бетке шығарса да, наркескен намысының жонын бастыра алмас мыңдаған көрермені қазірдің өзінде іздеп жатыр, бұдан былай тіптен олардың қарасы ұлғая бермек.

Ұлттың ұстынын ұлықтар, парасаты басым пәтуалы сөз, естияр пікір жетімсіреп қалды бұл мезгіл! Біздің ұғымға салсақ, Алаш шебінен аса адамзат кеңістігіне тарар аңсарлы әңгіме дәл осылай өрбісе керек еді. Журналист Бейсен Құранбек сол шынар биіктен көрінер жолда бәрін салды. Керек десеңіз, шыбын жанын да салды!

Менімше, әмісе жүрегі шоқ жайнап, рухы асқақтап тұрары – Тәңірдің жаратылысынан. Журналистика жампозына айналып, қалың қазақтың әжетіне асар айшықты өзіндік мектеп-арнасын қалыптастырып үлгерсе – ілімнің көзін, білімнің өзін тапқан талант пен табандылық мүсіндеген ізденгіштігінен. Қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріліп, ел-жұрт ау-жайының тамыршысына айнала білсе – көбімізде кемшін соғар ерекше сәулелі түйсігінің молдығынан. Қамал алар қырқында абыздың сөзін ұстап, нағыздың өзіне айналып үлгерсе – жеті атасынан желі тартқан тектілігінен деп ұққайсыздар!

Ақыл жас талғамайды, бас талғайды-ау! Исі Алаш жұртының жүздесе қалған жерде Бейсен бауырымызға қоғадай жапырыла қошемет көрсетіп жатқанын көргенде, кеудемізді қуаныш кернейтін, енді өзін еске алумен сағыныш тербейтін кезеңге өтіп барамыз.

Бақұл бол, бауырым!

Әміре ӘРІН,

Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері

Алматы облыстық "Жетісу" газетінің бас редакторы