МАЙГҮЛ ОМАРОВА: "БИЫЛ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 15 256 ТҮЛЕК МЕКТЕП БІТІРЕДІ"

Уақыты: 21.05.2020
Оқылды: 1389
Бөлім: РУХАНИЯТ

Міне, тағы бір оқу жылы аяқталуға жақын. Санаулы күндерден соң мектеп оқушылары оқулық беттерін жауып, жазғы демалысқа шықпақ. Ал мектеп бітіруші түлектерді алда Ұлттық бірыңғай тестілеу сынды үлкен сынақ күтіп тұр. Осыған орай Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл ОМАРОВАНЫ әңгімеге тартып, оқу жылының қорытындысы, алдағы өтетін сынақ жайында сұрап білген едік.

– БИЫЛҒЫ ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ БОЛДЫ? ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУДЫ ӨЗ ДЕҢГЕЙІНДЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРА АЛДЫҚ ПА?

– Әлем жұртшылығын алаңдат- қан, елімізді жайлаған коронавирус пандемиясы оқу саласына да айтарлықтай өзгеріс әкелгені анық. ҚР Білім және ғылым министрлігінің шұғыл шешім қабылдауымен мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында қашықтан оқыту жүзеге асырылды. Осыған орай облысымызда алдын ала дайындық жұмысы жүргізілді. Ата-аналар, мұғалімдер мен оқушыларға қашықтан оқыту платформаларында қалай жұмыс істеу қажеттігі түсіндірілді.

Қашықтан оқытуға орай ата-аналар мен оқушыларға ар- налған саll-орталықтар мен «жедел желі» жұмыс істеуде. Оқу-әдістемелік орталық тарапынан тәжірибелі мамандардан құрылған педагогтардың ассоциациясы бейнесабақтарды әзірлеп, You Tube каналына жүктеу жұмыстарын жүргізді. Бұл сабақтарды облыс бойынша мұғалімдер ресурс ретінде пайдалануда. Балаларды қашықтан оқытумен толық қамту мақсатында мектептердегі компьютерлер оқушыларға уақытша қолдануға берілді, қажетті жағдайда демеушілер тарапынан сатылып та алынды.

Осылайша балаларды қашықтан оқытумен толық қамтуға мейлінше жағдай жасалды. Оқушылармен кері байланыс «Күнделік» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылды. Оқушыларды қашықтан оқыту ғаламтордың уатсап әлеуметтік желісі, Bilimland, DarynOnline, Edu Page, Zoom білім беру платформалары арқылы жүзеге асырылды. Сондай-ақ, «Балапан», «Ел-Арна» және «Qazaqstan» телеарналары арқылы аптасына бес күн 1-11-сынып оқушыларына ар- налған пән сабақтары өткізілуде. Бұл ғаламтор желісі қолжетімсіз немесе жылдамдығы төмен елді мекендер- дегі ұстаздар мен балалар үшін аса тиімді. Алайда, біздің өңірдің шал- ғай елді мекендерінде «Балапан», «Ел-Арна» телеарналары қолжетімсіз болғандықтан облыстық «Жетісу» телеарнасынан арнайы уақыт бөлініп, жоғарыдағы 2 телеарнаның сабақтары қайталап берілуде.

Қашықтан оқытуда платформаларды пайдаланудың жолдарын меңгерту мақсатында «Ұстаз» орталығында онлайн курстар ұйымдастырылды. Алматы қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы филиалымен бірлесіп, мектеп басшыларына, педагогтарға қашық- тан оқытуда кездесетін кедергілер және оны шешу жолдары жайлы вебинарлар, интернет-форумдар өткізілді. Қашықтан оқыту барысында облыстың бірқатар педагогы компьютерлік техникамен қамтылды. Қашықтан оқыту елімізде алғаш рет жүзеге асқандықтан өз жаңашылдықтары болды, тиімді тұстары да мол. Қазір орын алып отырған жағдайға байланысты қашықтан оқыту тек Қазақстан ғана емес, әлем елдерінде қолданылуда. Осыған орай ата-аналар мен педагогтарға қолдау көрсетіп, түсіністік танытқаны үшін алғысымыз шексіз.

– ОҚУ ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ НӘТИЖЕМЕН АЯҚТАЛЫП ОТЫР? ҰСТАЗДАР МЕН ОҚУШЫЛАРДЫҢ АУЫЗ ТОЛТЫРЫП АЙТАРЛЫҚ ЖЕТІСТІКТЕРІ БАР МА?

– Оқу жылын ойдағыдай аяқтап отырмыз. Оқушыларымыз білім, өнер сайыстарында бақ сынап, облыс мерейін асқақтатты. Облыстық ғылыми жобалар байқауының қорытындысы бойынша 219 жобамен 268 оқушы жүлдегер атанды. Алматы қаласында өткен конкурстың республикалық кезеңіне 29 оқушы 25 жобамен қатысты. Нәтижесінде республика- лық ғылыми жобалар жарысында Талдықорған қаласы №9 орта мектептің 11-сынып оқушысы Құралай Нармахан химия пәнінен, Қарғалы №2 дарынды балаларға арналған гимназияның 10-сынып оқушылары Азиза Жарылқасынова мен Аяулым Аманжол ағылшын тілі пәнінен 1-орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, Талдықорған қаласындағы №20 лицейінің, Жамбыл ауданындағы Қарғалы №2 гимназиясының, Іле ауданындағы №13 орта мектебінің, Талғар ауданындағы «Арыстан» мамандандырылған лицейінің, Қарасай ауданындағы әл-Фараби атындағы гимназияның,Іле ауданындағы №29 орта мектептің оқушылары 2, 3-орын тұғырынан көрінді. Бұл ретте жеңімпаз жеткіншектердің негізгі қатарын дарынды балаларға арналған гимназия, лицейлердің шәкірттері құрап отырғандығын айта кеткен жөн.

Алматы қаласында физика, математика пәнінен өткен XVI халықаралық Жәутіков олимпиадасына облыстан 7 оқушы, Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай 9-11-сынып оқушылары арасында ІІ республикалық абайтану олимпиадасына облысымыздан 3 оқушы, Павлодар қаласында өткен VI халықаралық Ә.Бектұров олимпиадасына 2 оқушы қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Дарынды балаларды шыңдау бағытындағы жұмыс облысымызда жүйелі жолға қойылған. Алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Ұстаздарымыздың да бағындырған биігі аз емес. Үш бірдей ұстазымыз – Талдықорған қаласындағы №16 орта мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Салтанат Жанаберлиева, Қапшағай қаласындағы №3 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дания Қоспаева, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Әсел Тойшыбекова республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы атанып, әрқайсысы 2 525 000 теңгеден грант иеленді.

Республикалық «Үздік тәрбиеші» байқауында Қаратал ауданы «Балбөбек» бөбекжай-балабақшаның тәрбиешісі Сымбат Айтқазина 1-орынды жеңіп алды. Талдықорған қаласындағы Рақышев атындағы мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Құдайберген Республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалінің» жүлдегері атанды. Аталмыш мектеп-интернаттың мұғалімі Ләззат Қатубекова бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған республикалық «Педстарт» математикалық олимпиадасының жүлдегері болды. Академик А.Жұмаділдаев атындағы халықаралық олимпиадаға қатысқан Балқаш ауданы, Б.Бейсекбаев атындағы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Арман Тоғанбай жүлделі 3-орын иеленді. Алматы қаласында «Қазақстан математика пәні мұғалімдері қауымдастығы» РҚБ VII халықаралық шығармашылық байқауын ұйымдастырды.

Олимпиадаға Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекетінен 170-тен астам оқушы қатысты. Шығармашылық байқау қорытындысы нәтижесінде облысымыздың математика, физика, информатика пәні мұғалімдері командалық сынақта I жүлделі орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, Тараз қаласында өткен «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасына қатысқан облысымыздың 8 жас маманы жүлделі орындарды иеленді.

– МЕКТЕП БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕР ҮШІН ҰБТ ҚАЛАЙ ӨТПЕК? ОҒАН ДАЙЫНДЫҚ ӨЗ ДЕҢГЕЙІНДЕ ЖҮРГІЗІЛУДЕ МЕ?

– Биыл мектеп бітіретін 15 256 түлектің 11494-і ҰБТ тапсыру үшін өтінім берді. Бұған дейін түлектер онлайн түрде алдын ала тест тапсырып, өз мүмкіндіктерін сынап көрді. Биылғы бір атап айтарлық өзгеріс, төртінші тоқсанда қашықтан білім алғандықтан бұл тоқсандағы бағдарламаның сұрақтары Ұлттық бірыңғай тестілеуге енгізілмейтін болды. Яғни, мектеп бітірушілер 5-сыныптан 11-сыныптың үш тоқсаны бойынша алған біліміне сай тест сынағынан тапсырады. Ал жалпы алғанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу тәртібі бұрынғы форматта қалады. ҰБТ өткізу мерзімі 20 маусым мен 5 шілде аралығында дәстүрлі түрде өткізіледі деп жоспарлануда. Тестілеу кезінде барлық санитарлық шаралар қабылданады. Сонымен қатар, биыл пилоттық негізде Ұлттық бірыңғай тестілеу аудиторияларынан онлайн-трансляция жүргізіледі деп күтілуде.

– ЕЛІМІЗДЕ ОРЫН АЛҒАН КАРАНТИНДІК ШАРАҒА ОРАЙ БИЫЛҒЫ ТҮЛЕКТЕРДІ: «МЕКТЕППЕН ҚОШТАСУ ШАРАСЫ ӨТЕ МЕ?» ДЕГЕН САУАЛДЫҢ АЛАҢДАТҚАНЫ РАС. ОСЫ ТУРАСЫНДА АЙТЫП ӨТСЕҢІЗ.

– 11-сынып түлектеріне аттестат тапсыру рәсімі 3-4 маусымда өтетін болды. Жыл сайын бұл іс-шара маусым айының ортасында өткізіліп келген. Бірақ мектеп бітірушілер үшін қорытынды аттестаттау емтихандары өткізілмейтінін және ҰБТ-ға дайындалу қажеттілігін ескере отырып, министрлік бұл іс-шараны маусым айының басында өткізу туралы шешім қабылдады. Шара аясында салтанатты түрде аттестаттар тапсырылып, 11-сынып түлектері үшін Соңғы қоңырау соғылады. Биыл мектеп бітіруші 1176 түлек «Алтын белгі», 851 оқушы «Үздік аттестат» иеленбек. Ал өзге оқушылар үшін 25 мамырда Соңғы қоңырау арнайы бағдарламамен телеарна арқылы беріледі. Ұстаздар өздері жетекшілік ететін сынып оқушыларымен оқу жылының аяқталуына орай онлайн сағат өткізеді.

– ӘҢГІМЕҢІЗГЕ РАХМЕТ!

Сұхбаттасқан - Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы