ӘНУАР ӘЛІМЖАНОВҚА - 90 ЖЫЛ: "ЖАУШЫ" РОМАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ТАНЫМ

Уақыты: 13.06.2020
Оқылды: 2996
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ әдебиетінің салқар көшінде ешкімге ұқсамайтын қаламгерлік шеберлігімен, мол эрудиция, жан-жақты білімпаздығымен жазушылық жолда өзіндік өрнек, көркемдік өлшем қалыптастырған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әнуар Әлімжанов – ұлттық сөз өнеріміздің тарихында санаға мәңгілік ұялап қалған дара тұлғалардың бірі. Шығармашылық мүмкіндігін халықаралық кеңістікте көрсете білген әлемге мәшһүр жазушының романдарындағы елдік ортақ мүдде, азаматтық парыз, адамгершілік мұрат, халықтық қасиет, адамшылық парасат пен қайырым, ұрпақтардың бір-біріне деген құрметі мен сенімі, өмірдегі ізгілік пен ізеттілік, ұлттық рухани бірлік туралы монолог, диалог, авторлық баяндау, оқиға мен характер логикасы арқылы берілген философиялық толғау, концепциялар тарихи таным тұрғысынан сипатталады. Ол – тарихи тақырыпқа жазған туындыларымен де, халықаралық деңгейдегі жалпыадамзаттық мәселелерді арқау еткен шығармаларымен де жеке өз басының ғана емес, тұтас ұлтымыздың мерейін көтере білген қайраткер, ұлтын сүйген патриот.

Тарихи фактілердің нақтылығы, нанымдылығы өткен дәуірдің көрінісін қайта жаңғыртудағы тарихшылдығы, эстетикалық тұрғыдан сезіне білетін нәзіктігі және Әлімжанов шығармашылығына тән шалқар шабыт жазушыға тарихтық тағылымы мол, көркемдігі кемел, бүгінгі дәуір рухына сай шығарма жазуына, яғни, ғылымның бір саласы – тарихтың сөз өнерімен шектесіп жататын нүктесі деуге болатын тарихи роман жанрының қазақ әдебиетінде қалыптасуына өзіндік үлес қосты. Бұл орайда жазушының кітаптан кітапқа өсіп, фактілер жиынтығын ой сарабымен өткізе отырып, даму заңдылықтарын, тарихи бағытын ашып көрсететін, өзіндік тақырыбы, өзіне тән өрнегі бар, аралас әдеби жанрларда қалам тартып, өнімді еңбек етуінің бір мысалы – «Жаушы» романы.

Романда жоңғар жаугершілігінің қазақ еліне шабуыл жасаған қайғылы кезең, жеке рулардың ғана емес, бүкіл қазақ халқының қырылып-жойылып, тарих бетінен өшіп кету қаупі туған шақтар таңдалып алынған. XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының тұтас тұрмысы, өмірі суреттелген «Жаушыдағы» негізгі идея мен пафос басқыншы жаулардан ел іргесін тазарту үшін хан тағына таласып, өзара қырқысқан хандарды, халықтың бойындағы барлық күш-қуатын біріктіріп, қиын-қыстау кездерден аман өту үшін бірлікке шақыру.

Тарихшылдық принципін орынды қолданған Әлімжановтан бүкіл халықтың өміріне қауіп төндіретін қатерлі оқиғалар елдің намысын оятып, бойына қуат бітіріп, ғажайып ерліктер жасауға итермелейтін, тіпті мансапқор, өз қарақан басының ғана қамын ойлайтын пенделердің, билік иелерінің өзін жалпыұлттық жауға қарсы тұру үшін бірігуге мәжбүр ететін жағдайды жақсы сезінгенін көреміз. Жазушы тарихи-публицистикалық «Жаушы» романында осы сипатты, яғни ұлттық сезімнің оянуының бір көрінісі – рухани ұлы бірліктің құдіретін көрсетеді. «Жаушы» романы қазақ тарихындағы осыдан екі жарым ғасырдан астам бұрынғы ішкі-сыртқы қайшылыққа толы ең бір қиын-қыстау әрі шешуші кезеңді көрсету арқылы сол тұстағы ұлттық ұлы бірліктің нәтижесінде ғана жат жерліктерден ұлан-байтақ жерімізді босатқан ұлы жеңістің тарихи тағылымын, тарихи себептерін көркемдік тұрғыдан ашып береді. Ұлттық психологиядағы – басына ауыр іс түскен ауыртпашылықтың тұсында ғана бірігіп, ал бейбіт күндерде бір-біріне ши жүгіртіп, қырын қарайтын мінез сыналады. Өз заманы, өз уақыты қанықтырған философиялық мәні бар жайларды жазушы тарихи дәуір оқиғаларын суреттеу арқылы сабақтастырады.

Романда, нақтылап айтсақ, 1723 жылдан 1731 жылдың аралығындағы қазақ халқының өміріндегі тарихи кезең қам- тылады. Ұлан-ғайыр материалды көркем тұрғыдан игеріп, шағын көлемге сыйғызу – үлкен шеберлікті қажет ететін қиын жұмыс. Белгілі орыс жазушысы Алексей Толстойдың «өнер – еске түсіру қызметін атқарады», – деп жазғанындай, қаламгер өз дәуірін қоғамның, елдің, мемлекеттің даму кезеңдерінің бірі деп түсінеді. Сонымен қатар қазіргіміз өткен дәуірлердегі ойлардың, іс-әрекеттердің, тәжірибелердің қозғалысқа түсуі барысында жасалатын заңдылық деп біледі. Жазушы халықтың мінез-құлқының пайда болуы мен шоғырлануы, өсіп-өркендеуі, орнығып-бекуі, оның ұлттық сипаттарының қалып- тасуы сияқты әртүрлі кезеңдерін ұғынуға тырыса отырып, кейіпкерлердің іс-қимыл, әрекет болмысы арқылы тұтастай көз алдыңа келтіруге қадам жасайды. Мұндай жағдайда, әрине, орталық кейіпкері тарихи орта болып келетін шығарма үшін кейде өнімді бола бермеуі мүмкін. Бұл орайда суреткер жеткізетін қазіргі, көне тарихи ізденістер мен жорамалдар, деректер мен олардың көп ғасырлық түсіндірмелері тәрізді шындықтар негізінде алынған халық тағдыры, ұлттың жүріп өткен жолы кейіпкер болып көрінеді.

Суреткерге тән тарихилық өткенді дәлме-дәл көрсету емес екені белгілі. Өткен мен қазіргі кездегі маңызды мәселелердің жанасуынан шығатын ондай қорытындыларды автор өз қажетіне жарата білуінен байқалады. Көркем образда тарихилық сезімдердің, ой қозғалыстарының, психологиялық хал-күйлердің пайда болуы мен ауысуы түрінде, сондай-ақ қоғаммен, қоршаған ақиқат-шындықпен диалектикалық байланыс орнатқан күйінде көрініс табады. Суреткер мен туындылары арасында өзара әрекеттестіктің ерекше логикасы пайда болады. Өмірдің көркем образының тарихи шарттылығы – тұрмыстың тарихи мәнін және азаматтық пен рухани – адамгершілік қатынастардың көрсеткішін жете түсіну. Өйткені адам тек белгілі бір уақыттың ғана өкілі емес, сонымен бірге өзі жасаған барлық мәнді күштерді, барлық мүм- кіндіктерді іске асыра отырып, келешектің адамы дәрежесіне көтеріледі.

Тарихилық ең алдымен тек өткенді ғана емес, тарихи және оны суреткер қабылдаушының призмасы арқылы қазіргінің басқаша жолмен бұлай ашып көрсету мүмкін болмайтын жақтары мен негізгі ойларды көріп-білуге мүмкіндік беретін адамгершілік және эстетикалық дүниетану тұтастығының мәнді сипаты ретінде қызмет етеді. Тарихи тақырыпқа барғанда кешегі мен бүгіннің арасынан сабақтастық, үндестік тауып, оларға ортақ философиялық мәселелерді көтеруге ұмтылатын Әнуар Әлімжанов «Жаушы» романы арқылы оқушысын ойға жетелейтін, толқытатын, қазіргі заманда болып жатқан оқиғаларға сергек сезіммен қарауға шақыратын поэтикалық сипаты мол туынды жасады. «Жаушыда» суреттелетін кезең қиян-кескі қырғын болған жылдар еді. Шапқыншылардың жүз мыңдық армиясының болуы, оның Қытай зеңбіректерімен қарулануы және кенеттен шабуыл жасауы сияқты үш түрлі себеп көшпенді қазақ руларының алғашқы кезде үлкен жеңіліске ұшырауына әкеп соқты. Жеңіліс адам айтқысыз ауыр тиді. Басқыншылардың артында өздерінің жыртқыштық ниеттеріне бола бір халықты екіншісіне айдап салып, басқыншыларға әскери күш, дем беріп феодалды Қытай тұрды. Қытай боғдыхандарының бұйыруымен жалған тарихшылар бүкіл әлемге енді қазақ елі жоқ деп жалпақ дүниеге жар салды.

Рас, шығарма болмысында уақыт табының, оның жазылған кезінің, сол кездегі саяси көзқарастың салқыны тигізген әсері айқын. «Қазақстан Россияға өз еркімен қосылуының 250 жылдығы» қарсаңында тарихи тақырыпқа қалам тартқан қай жазушы болса да өз шығармасының идеялық түйінін осы мақсатқа ыңғайластыра көрсетуі сол кез үшін өте тиімді өріс болатын. Дәл осы «250 жылдық қарсаңды» ұтымды пайдалана отырып Ілияс Есенберлин бастаған қазақ жазушыларының ұлт тарихының ең бір соқталы кезеңін, анық айта алмай жүрген негізгі ойларын ең бір нәзік те шетін мәселе төңірегінде құрып, көркемөнер тілімен көрсетіп беруге ұмтылды.

Ұлт тарихына, елдің өткен өміріне қатысты тарихи шындықты оқырман ойына сала отырып, ұрпақ санасына түрлі тарихи бұрылыстардың, жеңіс пен жеңілістердің түпкі мәнін, оның саяи тұрғыдан ашық айтуға келмейтін тұстарын, астарлап жеткізу жазушы талантына, ойының тереңдігіне, шеберлігіне тәуелді. Шындықты көркемдік жағынан тану жазушы көзқарасының ерекшелігі арқылы көрінеді.

Соның бірі – «Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылды» деген мәселе. «Жаушы» романы жазылған заман КСРО деген алып мемлекеттегі социалистік қоғамның саяси әлеуеті шарықтау шегіне жетіп, саясат құрсауы орыс емес ұлттардың еркіндігін шектей түскен кезең еді. Соған орай коммунистік көзқа- рас тұрғысынан жазылған қазақ тарихында қазақ елі Ресейге «өз еркімен қосылды» деген пікірдің орнығуы тарихи шындықты айтуға кедергі күшейе түскен тұс болатын. Сондықтан Әнуар Әлімжанов өзінің түпкі ойын, тарихи шындықты оқырман санасына кейіпкерлердің іс-әрекеті, сөйлеген сөздері, диалогтары арқылы астарлап жеткізу тәсілін қолданады.

Бұл орайда «250 жылдық қарсаңға» ойластыра жазылған тарихи романдар жайлы сөз еткенде, мәселе, «өз еркімен қосылу» қалай мадақталды деген тұрғыдан емес, «Қалай көрініс тапты, халықтың ащы зары, қиын тағдыры қалай суреттелді?» деген тұрғыда болуы шарт. «Жазушы көзқарасының түйіні неде?» деген мәселе төңірегінде ой өрбіту керек.

Ендеше «Жазушы» баспасынан шыққан «Ұстаздың оралуы» атты кітабына кірген «Жаушы» романындағы жазушы ойының түп-бағдары көрінетін бір сәтке назар аударайық: «...Орыс елшілігінің келгені туралы хабар қазақ даласына тез тарады. Тағы да өз бетімен кезген жаршылар шықты. Жоңғар хонтайшысының тыңшылары мен Боғдыханның жансыздары үш ханның да сұлтандарының ордаларына аса тайсалмай-ақ келетін болды. Бір қараңғы түнде Барақ сұлтанға Боғдыхан мен хонтайшы жіберген сыйлықтар табыс етілді. Кенже мен Таймаз бас болып өз еріктерімен жи- налған екі жүз шақты солдат күзетке алған орыс елшілігінің шатырын бейтаныс бір салт аттылар жиі-жиі торуылдап өтетін болды.

Төңіректегі ауылдарға қаңғырған кез- белер келе бастады.

– Мұсылман баласының кәпір орыспен одақ боламыз дегені қайбір жақсы ырым дейсің? – дейтін болды Барақ пен Әбілмәмбет сұлтандардың жіберген адамдары. Барақ сұлтанның жүздіктері елшінің шатырына шабуыл жасапты, Әбілқайыр ара түсіп, шабуылшыларды тоқтатуға шамасы келмепті, ақыр олар Таймаз бен Кенже батырларды тұтқынға алып, орыс елшісінің қазақ жерінен кетуін талап етіпті, деген қауесет тарады... Таймаз бен Кенже тұтқыннан босатылған. Барақ пен Әбілмәмбет сұлтандардың жасақтары өрекпулерін тоқтата қойған. Өйткені дала алпауытта- рының өзара қырқысқан зұлым әрекеттеріне қатысы жоқ, кең даланы жайлаған бұқара халық: қойшылар мен жылқышылар, диқаншылар, ұлы билердің ақ сөздеріне, батырлардың қайсар ерлігіне кәміл сенген қалың ел ағылып келе бастады. Сол жи- налған халықтың алдында Әбілқайыр патша елшісімен орыс пен қазақ арасындағы одақтың шарттарын сөз етті.

Келіссөздің үшінші күні әңгіме түйінін күтуден шыдамы таусылған Бөгенбай, қасына батырларды жинап алып, Әбілқайырдың шатырынан шығып келе жатқан орыс елшісін тоқтатты да:

– Орыс патшасына қазақ жерінің қандай қажеті бар? – деп сұрады Тевкелевтің көзінен көз айырмастан.

Төңірек тына қалған. Елшінің соңына ерген орыс офицерлері де, қадірлі мейманды үйіне шығарып салып тұрған Әбілқайыр хан да Бөгенбайға таңдана қарасты. Бірақ батыр өңінен ешқайсысы да не зұлымдықтың, не қулықтың ізін таба алмады.

– Орыстарға қайсақ даласымен бейбіт қарым-қатынас қажет! Сіздердің хандарыңыз Россиямен достықта болу жайлы Иван Грозныйдың тұсында-ақ келіссөз жүргізіпті, ана атақты Тәуке хандарыңыз Ұлы Петр патшамен соғыс одағын құру туралы келіскен екен. Біздің Петербургке сіздердің елшілеріңіз тек қайсақ хандарының атынан ғана емес, батырларыңыздың атынан да келген еді және біздерге құрмет білдіріп, далаларыңызға бастап әкелді олар.

– Одақ болуды ойлай тұрып, әркімнің пайда түсірсем дейтін ниеті болады ғой... – деді Бөгенбай сөзін жалғап.

Сөз ұшығына, ой жапсарына бойлап қараңыз. Шығарма мәтініне мән бере отырып, сөз астарына үңілсек жазушы көзқарасының да негізгі бағытын байқаймыз.

Біріншіден, «еркімізбен қосыламыз», «ерікті түрде Россия қол астына кіреміз» деген сөз жоқ, «Одақтасу» деген сөз бар. Екіншіден, одақтасудың өзіне халықтың жойқын қарсылығы мен күдік-күмәні айқын сезіледі. Роман арқылы халықтың ішкі мәнін, тарихи тағылымын осылай берген автор Бөгенбай батырдың сөздері арқылы қазақтың Ресей қоластына «өз еркімен» кірмегені жайлы тарихи шындықты астарлап жеткізіп отырғанын көреміз.

Демек, жазушының тарихи шығармаларында көрінетін ой-өрісіне қарап, Ресейдегі жаңа тарихи қоғамдастық өзге халықтардың еркімен емес, қайта ұлттық жауластық пен халықтар арасындағы се- німсіздікке алып келген патша өкілдерінің отарлаушылдық саясатынан туындаған шектен тыс қиындықты жеңе отырып қалыптасқанын байқау қиын емес.

Халқымыздың санасында мәңгі орын тепкен ауыр да, сұрапыл оқиғалар, намыс пен кек үшін күрес жаңғырығы көп жылдар, сан алуан өзгерістер өтсе де естен шықпай, бүгінгі заман адамдарын толқытатын жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күрестің тарихи тағылымы осылай өріледі.

«Жаушы» романының тарихи тағылым үлгісін көрсететін басты белгінің бірі – жоңғарлықтарға қарсы күрестің халықтық сипатын ашу. Халықтың қаһарлы күшін, қоғам дамуындағы шешуші орнын көрсету басты нысана ретінде алынған. Тарихи тақырыпқа қалам тартып, көркем туындылар беру үшін күрделі мәселенің бірі – шығарма идеясына сай, оқиға таңдау, кейіпкер талғау. Қаламгер осы үдеден шыға білген.

Роман оқиғасы басталатын кез Тәуке хан өлген соң мемлекет тұтастығы бөлшектеніп, ел бірлігі ыдырап, күші әлсіреп тұрған уақыт еді. Сондықтан кенеттен тиген жау шабуылы халық басына қара түнек орнатқан заманға ойысты. Алғашқы шабуылда қазақ елінің жеңілуін Мұхамеджан Қаратаев 1978 жазған пікірінде: «Қазақтардың Жоңғар шапқыншыларына жөнді қарсылық көрсете алмай әлсіз соғуы ел билеген хандардың билікке таласып өзара қырқысып, жауласып келуінің салдары еді» – деп түсіндіреді.

Бұны халық айқын сезіне бастайды. Бұл жөнінде сол жылдары ой толғаған Рахманқұл Бердібаев: «Басы бірігіп, ынтымақтасып тұрған шақтарында ешкімнің зорлығына көнбеген айбарлы, іргелі елдің мүшкіл халі әркімді-ақ айықпас ойға батырады, адамдар мұншама сәтсіздіктің түп себебі неде екеніне көз жеткізеді. Ыдыраңқылық үш жүздің баласын кіріптар болуға әкеп соққанын жас та, кәрі де күңірене сөз етеді» – деп жазды. Міне, осындай өкінішті ызаға толы сөздер мен ойлар романда көпшілік бұқараның бүкіл жұртшылықтың ортақ лебізіндей болып естіледі.

Бір орталыққа бағынудың, тұтастықтың артықшылығын халық бұрынғыдан да жете түсінген. Үш жүздің баласы бөлек-бөлек хандық қарауына ыдыраған кезді көздеп дәл ұрымтал тұстан соғуы жаудың стратегиялық ұтысы екенін аңғарған халықтың бойында патриоттық сезім, намыс оты жандана бастаған. Мейірімсіз жау соққысын көріп, ауыр азабын арқалаған да осы көпшілік қауым, бұқара ха- лық болатын. Жоңғарға қарсы күрестің бүкілхалықтық сипатын аша отырып, сол күрестің қозғаушы күштері, олардың өзара бірлігі мен қайшылығы қандай дегенді жазушы шебер жеткізе біледі.

Кейіпкерлердің диалог, монологы да, авторлық баяндау да ыдырауға түсудің сипатын, тек жау шапқан кезде ғана амалсыз ынтымаққа ұмтылу көрінісін береді. Алтыбақан, алауыз қазақ елінің құпиясын аңдап білу кімге болса да қиын соқпайтын. Қазақ арасындағы қайшылықтар мен алауыздықтардың астарын жоңғар хандары дер кезінде толық біліп отырған. Ол тыңшылық арқылы еді. Тыңшылық қызметінде қазақ тілін білетін түрі ұқсас көршілес, туыстас халықтардың өкілдері жүретін. Бірін-бірі жамандаған, ұдайы өштескен қазақ сұлтандары мен оған жақтас адамдар да кейде тыңшыдан жаман әрекеттерге барған.

Романдағы азаттық үшін халық жасағын алғаш ұйымдастырушылардың бірі – Малайсарыға Саңырық батырдың: «Алайда ерлік бірлігімізді құруға әлі ешкім алғашқы қадамды жасаған жоқ: Тәуке хан қазақтың басын бірнеше жылдай ғана біріктірді. Ол өлген соң бәз баяғы таз қалпына түсті. Әрбір хан, әрбір сұлтан, әрбір билеуші өзара кикілжіңнің кесірінен әрі аса алмайды, ағайынын жау келіп шауып жатса айызы қанып отырады. Найманның ауылын өрт жауласын, тек Арғыннан немесе Қоңыраттан аулақ болсын дейді... Ал батырлар ше... Бұл далада қаншама батыр бар десеңізші, әрқайсысы өзінің жүзімен, яки мыңымен жалғыз жарым кеп жоңғардың бірде бүйірінен, бірде құймышағынан, бірде қарақұсынан тістелейді. Бірақ бетпе-бет келіп соғысып жеңе алмайды. Әр батырдың өз көкі- регі бар, біріне-бірі кішірейіп, бір тудың астына тұрғысы келмейді... Бұл біздің ес- кілікті, арыла алмай келе жатқан ауруымыз ғой. Мойындағымыз келсе де, келмесе де бір шындықтың басы ашық, біз өзара кикілжіңіміз, опасыздығымыз, бір-бірімізге деген қаскөйлігіміз үшін ылғи да таяқ жеумен, жеңілумен келеміз. Сұлтандар мен хандардың өзара қырқысуы – жауға көрсеткен көмегіміз» – деген сөздері көп шындықты аңғартады.

Халық бірлігінің, ел ынтымағының тағлымын пайымдайтын түсінік ауыл ағасы Манай қарт пен бақташы Орақбайдың диалогында көрініс тапқан. «Біздің хан- дарымыз бен сұлтандарымыз ата-бабаларымыздың жеті сертін ұмытқан, тіпті оны халық тегіс ұмытты десе де болады. Міне, сонан кеп Алла тағалам бізге қатулы», – деп күрсінеді Орақбай бақташы.

– Халқыңның байлығы – бірлік пен татулық деген екен бабаларымыз. Ал сол бірлік біздің қай рудың арасында сақталды? Ау, бір атадан тараған ауыл мен ауылдың арасында бар ма, сол бірлік? Жоқ қой! – деді тұңғыш үнсіздіктен соң Манай. – Рулардың бірлігі дұшпан алдындағы жеңіс семсерің демеп пе еді бұрынғылар. Сол бірлік бар ма бізде? Жоқ! Үйірлі бөрідей боп кеп тиген жоңғардан үріккен қойдай, тоз-тоз боп қашып жүрміз. Дүркірей қашқан қойды көргенде қасқырдың одан арман қан құмарланып, құтырынып кететіні бар. Тұлпардың ізін тай басар, деген мәтел бар бұрыннан. Бірақ амал қанша, Тәуке ханның ізін басар лайық ұрпақ тумапты. Арыстанның ұрпағы мысық болыпты. Ақыл да жоқ, ерлік те жоқ өзінде. Тәуке бастаған іс аяқасты болды. Хандар мен сұлтандар Ұлытауда қанмен бекіткен қасиетті антты ұмытты. Тәукенің мұрагері Болат әкесінің жолынан тайып, Тәуке қалдырып кеткен мұраға иелік ете алмады. Ел басқаратын адамның екі қасиеті болса керек: ақыл мен күш, яки қатыгездік пен қулық-сұмдық. Онсыз мынау далаға бас болу қиын.

Заман диалектикасы айқын көрінетін сурет. Шығарма жазылған дәуірде де, бүгінгі таңда да орнығып болудың, қалыптасып бітудің шегіне жетіп болмаған бірлік туралы, тұтастық жайлы идеал-арман. Шығарманың сара идеялық бағытын айқындайтын халық бұқарасы негізгі қаһарман ретінде алынатын романдағы көркемдік таным сипаты осындай. Романда өткен заман оқиғаларын суреттей отырып, елдің азаттық үшін күрес хикаяларын алғы кезекке шығарып, олардың қазіргі дәуірмен байланыс сипатын көрсету, тарихи фактіні көркемдік шындыққа, эстетикалық танымға айналдыру, тарихилық принипті басшылққа алу амалы жүзеге асқан. Сонымен қатар халықтың тарихтағы шешуші рөлін көрсетіп, ілгерішіл және кертартпа күштердің сипатын ашу, типтік оқиғаларды екшеу, тарихи қайраткерлер ісін халық мүддесі тұрғысынан бағалау терең философиялық мағынада ашылып, тарихи тағылым, тарихи таным, тарихи тақырып өзегіне пайымдау құбылысын алдыға тартады.

Тарихи романдарында Әнуар Әлімжанов философиялық тарихи методологияға сүйене отырып, тарихи фактілер диалектикасына көркемдік тұрғыдан суреткерлік анализ, синтез жасайды. Ол – әдебиетімізде халқымыздың тарихи тамыры мен мәдени-рухани даму дәстүрі тым әріден басталатынын көркемдік тұрғыдан дәлелдеу арқылы оқырманның эстетикалық, этикалық сезімін оятып, тарихи танымын, ой-жүйесін қалыптастырушы парасаты биік жазушылардың бірі.

Бұл концепциясы, әсіресе, оның тарихи-философиялық «Ұстаздың оралуы» романында барынша көркемдік тұрғыдан дәлелденіп, реалистік шындықтар арқылы көрсетіледі. Жазушы тарих арқылы бүгінгі замандастардың ұлттық сезімін шыңдай түсуді, перзенттік патриоттық сезімін оятып, гуманистік көзқарасын бекіте түсуді мақсат тұтады. Тарих арқылы бүгінгіні, бүгінгі арқылы тарихты тану – Әлімжанов шығармашылығына тән концептуалдық позиция. Тарихилықтың жаңа сатысы дегеннің өзі осы қазіргіні өткенмен терең байланыста тарихқа терең бойлату.

Құныпия АЛПЫСБАЕВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор