"37, 38, 39": ҚАЗАҚ ҮШІН ҚАНЫ СОРҒАЛАҒАН ҮШ САН ӘЛІ ДЕ ҚОРҚЫНЫШТЫ

Уақыты: 31.05.2020
Оқылды: 1169
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қасіретке, қанға толы үш жылды тарих тақтасынан ешкім де сызып тастай алмайды. Озық ойлыларды оққа байлаған, ұлт серкелерін жазықсыз жусатып салған зұлмат күндер әлі күнге әр қазақтың кеудесінен күңіренген күй сыпатында тоқтаусыз төгіліп тұр.

Үш жыл дейміз-ау, ауқаттылардың тапқан-таянғанын тәркілеген, шегара асқандардың тағдырын шүріппемен шешкен, Кенесарыны тірілткендерге кісен салған, қазақтың қаншама қара нарын сұраусыз сұлатқан, тіпті, соңғы көк жендеттеріне дейін Желтоқсан жастарын тықсырып, тепкіге түсірген қатал саясат бүкіл Алаш жұртына қан жұтқызды.

Отыз алты айға созылған, мың күнге жалғасқан тас қабырғадағы қанды оқиғаларға қандай да бір түсіністікпен қарау еш мүмкін емес. Олай етсек, Алаштың өр рухы алдында қарабет боларымыз анық. Кеңестік империяның сол бір саяси науқанына бүгінгі буын да көңіл жібітпесі белгілі, келер ұрпақ та кешіріммен қарамайтыны сөзсіз.

Басынан озбырлыққа құрылған отаршыл жүйе миллиондаған адамға жапа шектірді. Ең сорақысы, қуғынға түскен тұлғалардың шиеттей балаларын да шімірікпестен жазықты етті, ауыр еңбекке жекті, өмірінің соңына дейін кемсітіп, қаралауға жол ашып қойды.

Жазалаудың жүз жолын, мойындатудың мың әдісін меңгерген кәрі империяның сол бір сұрапыл саясаты Алаш қайраткерлерінің ақтық демін шығарғанымен, ақ сөзін ауыздықтай алған жоқ.

Ат төбеліндей қазақтың ішінен іріктеліп шыққан зиялылар шоғыры өшпейтін шамшырақ тұтатып кетті. Жел тұрса да, дауыл көтерілсе де, жалп етіп сөне қалмайтын, мәңгілікке майы түгесілмейтін ғылым мен білімнің білтешамын маздатты. Оны бас ал десе, шаш алған шен-шекпенділер байқаған жоқ. Олар бас кессек, бар іс тәмам деген тұйық түсінікпен тарих сахнасынан жойылды.

Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың шекпенінен шыққан, Алаш иісіне қанық кейінгі толқын киіз туырлықты елдің асқақ арманын жауын-жауынның арасымен қайта жандандырды. Қатал цензура талай сөзді қиып түсірсе де, негізгі өзегі жас өрендердің санасына қонақтап жатты.

Ақтаңдақтарды ақтарған, азат ойлы Алаш арыстарымен толық қауышпаса да, іші сезген, тарихи шығармаларды түгесе оқып, рух пен жігер жинаған жастар еш келісімсіз шорт кесетін кеңестік шешімге өре түрегелді. Алматының алаңын Әлихандар тұтатып кеткен азаттық алауы кернеді. Сол алаудың жаңқасын жинап, жанында жүрген сан жүз есіл ер осы Алматының абақтысында атылған еді. Олар алма аңқыған қаланың маңайына, белгісіз жерлерге жұмбақ жерленді.

Сол маздаған шырақ жетпіс жылдық жүйенің қабырғасын сетінетті.

Үрей сепкен үш жыл – 37, 38 және 39 сандары әлі де қорқынышты. Осы сандарды көрсем, қазақ даласына нұр шашқан бір шоғыр азаматтың қыршынынан қиылғаны елестейді. Зиялылардың шоғыры, Батыстан да, Шығыстан да білім нәрін қана ішкен, Азия мен Еуропаның ортасынан сара жол ұсынған ұлт қайраткерлері. Қорғасын оққа қасқая қарсы қараған, туған еліне тура жол көрсетіп, қазақтың қараңғылық әлеміне иненің жасуындай болса да, сәуле шашып кеткен, бүгінгі сіз бен біз үлгі тұтар тұлғалар келеді көз алдыма.

Біз, тәуелсіздіктің идеясымен өскен кейінгі жастар бүгінгі кең-байтақ жер үшін, шегарасы шегендеулі мемлекетіміз үшін ең әуелі, ең бірінші Алаш зиялыларына қарыздар екенімізді есімізден шығармаған абзал. Бөтеннің боданында, қазақ жері қыл үстінде тұрған сындарлы шақта осы шоғыр қазіргі шегарамыздың жобасын сызып кетті.

Тіпті, талай ғасыр дала тағылары атанып, бірде қырғыз, бірде қайсақ болып қырық құбылған ұлт атауына шейін бекемдеп берді. Медицина, тіл, ауылшаруашылығы, ұсақ өндірістер, мәдениет, өнер, экономика салалары жолға қойылды.

Біз дәл қазіргі сәтте Алаш зиялыларының бойында сақталған еңбексүйгіштікке мұқтажбыз.

Қалай айтсақ та, Қазақстанның тәуелсіздік шежіресінде қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларын айналып өту мүмкін емес. Қалың қазаққа бақ қондырған бесаспап буынды – ХХ ғасырдың басында тер төге еңбек еткен зиялыларды ғибрат тұтуды, Абайша айтқанда, болмасаң да, ұқсап бағудан бастайықшы.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Сурет ғаламтордан алынды