"СОҒЫС ТУРАЛЫ АЙТПАЙТЫН": БЕРЛИН ОПЕРАЦИЯСЫНА ҚАТЫСҚАН МАЙДАНГЕР

Уақыты: 05.06.2020
Оқылды: 1228
Бөлім: РУХАНИЯТ

Осыдан 79 жыл бұрын, яғни, 1941 жылы маусымның 22-ші жұлдызында фашистік Германия шабуыл жасаспау туралы бейбіт келісімді бұзып, "Барбаросса" жоспары негізінде КСРО-ға тосыннан басып кірді. «Біздің ісіміз адал, Кеңес билігі жеңілуі керек, Жеңіс - біздікі!» деп үндеу таратқан Герман әскері Одақтың батыс бөлігінен дендеп еніп, санаулы айда Мәскеу түбіне жетеді. Осылайша, 1939 жылы басталған Екінші дүниежүзілік соғыстың ауқымы кеңейіп, Кеңестер одағын да толық шарпыды. Қазақстандықтар соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ аянбай шайқасты. Отан қорғау жолында жан қиды. Рухы биік қазақ халқы қан майданға баруға өз еркілерімен өтініш берді. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған сұрапыл соғысқа қазіргі таңда қандай пікір айтылса да, қазақстандық жауынгерлердің қосқан үлесі зор болды. Біз Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын ешқашан ұмытпаймыз. Оның ішінде, аласапыран майданда Жеңіс үшін қан кешкен бабаларымызға мәңгі бас иеміз.

Сондай батыр бабаларымыздың бірі - Жанатбек Елубаев 1907 жылы Ақсу ауданына қарасты Үлгілі ауылында дүниеге келген. Өмірлік жары Нұрғазила Елубаева екеуі он үш баланың қызығын көріп, отбасы бақытына бөленді. Майдангер соғысқа аттанғанға дейін ауылда мал шаруашылығы саласының қарапайым жұмысшысы болған.

Жанатбек 1941 жылы сұрапыл соғыс бастала салысымен қатарластарымен бірге қан майданға аттанудың қамына кіріседі. Ел мен жер тұтастығы үшін майданға кеткен ол 1945 жылдың қараша айында елге оралады. Миллондардың өмірін жалмаған соғыс Жеңіспен аяқталса да, жауынгер Жанатбек күздің соңына дейін қираған қалаларды қалыпқа келтіру жұмыстарына қалады. Елге оралғаннан кейін де ауыл жұмысына белсене араласып, өңірдің өркендеуіне, шаруашылық жұмыстарын жандандыруға үлкен еңбек сіңіреді. Жастық шағы қанды шайқаспен өткен майдангер үбірлі-шүбірлі ұрпағының алдында 85 жасында өмірден озады.

Соғысқа Ақсу аудандық әскери комиссариат бөлімшесінен аттанған Жанатбек Елубаев оқу-жаттығудан өтіп, 1942 жылдың сәуір айында Герман әскерімен бетпе-бет шайқасқа кіріседі. Алдымен №1 қазақстандық атқыштар бригадасының бөлімше құрамында соғыс жүргізеді. Кейіннен 1943 жылдың мамыр айынан 1945 жылдың қазан айына дейін №24 танк бригадасының сапында болады.

Қатардағы жауынгер, автоматшы Жанатбек Елубаев үш жыл соғыста талай жаудың сағын сындырып, Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Украина, Чехословакия, Польша елдерін азат етуде алдыңғы шептен көрінді. Алайда Отан үшін туған азамат отбасына оралғаннан кейін соғыста көрген-білгенін, жасаған ерлігін кеуде керіп айтуды құп көрмейтін. Соғыстағы сұмдықтарды кейінгі жас ұрпақ білмей өссе екен деп, ауыр күндерді еске ала бермейтін. Бұл оның адамдығы мен азаматтығының тағы бір қыры еді.

Жанатбек атаның қызы Гүлбаршын Жанатбекқызы соғыстың ауыртпалығын тартқан әкесі мен анасы жайлы:

– Әкеміз соғыс туралы көп еске ала бермейтін. Соғыс жайлы сұрағанда: «Бұл сұм соғыс сендерге келмесін. Мұндай соғысты көрмеңдер. Өте ауыр соғыс болды», - деп қана отыратын. Тек бір әңгімесінде Карпат тауы мен Днепр үшін болған шайқаста Кеңес әскерінің көп шығынға ұшырағандығы жайлы айтқан еді. Сол Днепрдегі шайқаста әкеміз ауыр жарақат алды. Немістің бір жауынгері маңдайынан дәлдеп атқан. Сонда Құдай сақтап, көздеген оқ иығына тиген. Саратовта әскери госпитальда ем алып шыққаннан кейін гвардия сапында болғанын айтатын. Ал анамыз қырманда тыл жұмыстарын істеген. Сонда Сталин: «Біз соғысты жеңеміз. Себебі, менің әлі сол қолым бар», - деп әйелдерді окоп қаздырып, сапта жүргізіп, оқу-жаттығу өткізіп, дайындаған екен. Анамыз сол жаттығуды көрді. Сондағы сол қол деп отырғаны әйел адамдар ғой, – деп еске алады.

Жеңіс үшін жан аямай соғысқан Жанатбек Елубаев әр адымы қауіпке толы, әр адымында айқыш-ұйқыш оқ ұшып жатқан жарты Еуропаны жаяу басып өтеді. Германияның астанасы, фашизмнің ошағына айналған Берлин қаласы үшін болған ауыр шайқастарға қатысады. Ерлігі еленіп, әр жылдары Отан соғысының ІІ дәрежелі ордені, "Берлинді алғаны үшін", "Праганы азат еткені үшін", Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20, 40 жылдығы медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар, СССР Қарулы күштерінің 50, 70 жылдығы, "Тың жерлерді игергені үшін" төсбелгілерін кеудесіне тағады.

Тағы бір маңызды марапат - Прагадағы және Берлиндегі қанқұйлы шайқастарға қатысқаны үшін Жанатбек Елубаевқа Кеңес одағының жоғарғы бас қолбасшысы И.Сталиннің бұйрығымен Алғыстың жариялануы. Бүгінде майдангердің марапаттарын дәлелдейтін құжаттарының барлығы ұрпақтарының қолында сақтаулы. Немере-шөберелі Жанатбектей рухты жауынгерді, батыр атаны мақтан етеді. Оның өмір жолы, ерен ерліктері кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге.

– Соғыстан кейін өзі туып-өскен Үлгілі ауылында қарапайым жұмысшы болып ұжымшардың жұмыстарын істейді. 1959 жылы Қызылтаң қой кеңшары болып құрылғаннан кейін (қазіргі Ойтоған ауылы) зейнетке шыққанға дейін сол жерде қой бағады. 1991 жылы 26 мамырда 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, – дейді Гүлбаршын Жанатбекқызы.

«Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттердің өліп кеткенін көзіммен көрдім. Олар Тәуелсіздік үшін жаны мен тәнін аямастан соғысты. Имандары жолдас болсын», - деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, шынымен де, Отан қорғау жолында қаншама боздақтарымыз шейіт болды?! Бірі аяқтан, бірі қолдан, енді бірі көзден айырылып, мүгедек болып қайтты. Ана баласын, әйел арқасүйер ер азаматын, бала әкесін көрмеді. Әрине, осының бәрі Отан үшін, бейбіт өмір үшін, Жеңіс үшін еді. Өткен азапты да ерлікке толы жолдың естеліктерін халық ұмытпайды. Ол кісілер біздің жадымызда мәңгі сақталады. Ұрпақтарына бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерімізге мың алғыс!

Енді, біз бен келешек ұрпақтың мойнында үлкен жауапкершілік тұр. Күніне әлем мың құбылып жатқан мына заманда біз ұлттық болмысымызды, қазақилығымызды, ата-бабамыз жан қиып алып берген тәуелсіздігімізді сақтап қалуымыз керек.

Ақмарал АСХАТҚЫЗЫ

Алматы облысы