"ҚАЙТАДАН ТАПСЫРУҒА БОЛАДЫ": ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУДЕГІ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР

Уақыты: 13.06.2020
Оқылды: 1827
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысында Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 пунктте 21-30 маусым аралығында өтеді. Осыған байланысты Алматы облыстық білім басқармасы бірнеше мәселеге баса назар аударуды өтінеді.

Ең бірінші, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталатынын жадымыздан шығармауымыз тиіс. ҰБТ 5 пән (3 міндетті және 2 бейіндік) бойынша қағаз жүзінде өткізіледі. Тест тапсырмаларының саны 120 болады. Ең жоғары балл – 140.

Алматы облыстық білім басқармасының баспасөз өкілі биылғы жаңашылдықтарды да түсіндіре кетті.

- Биылғы жаңашылдықтар: тұлғаның бет-әлпетін тану көмегімен (FaceID) сәйкестендіру; электрондық сертификат және білім беру грантын тағайындау туралы электрондық куәлік; SAT, ACТ және IB халықаралық стандартталған тестерінің балдарын ҰБТ балына аудару; шектік балл жинамаған тұлғаларға ҰБТ қайтадан тапсыру мүмкіндігі беріледі; болашақ педагогтар үшін шектік балл 70 болады; ҰБТ барысында түсірілген бейнежазба сарапталады, - дейді Інжу Заманбек.

Тағы бір назар аударар мәселе, тест тапсырушылары тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталған жағдайда ҰБТ нәтижесі де, тағайындалған білім беру гранты да күшін жояды. Сондай-ақ, ҰБТ тапсыру орындарында калькулятор беріледі. Тестілеу уақыты 4 сағатты құрайтын болады.

Білім басқармасы тест тапсырушылардың ата-ана, туған-туысына, қолдау білдіріп жиналатын жақындарына ерекше ескерту жасады.

- Құрметті Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуші түлектердің қолдаушылары! Сіздерден еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты тест тапсыру орындарының айналасында шоғырланбауды сұраймыз, - деді І.Заманбек.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды