МЕН БІЛЕТІН СЕРІК ҮМБЕТОВ - НАҒЫЗ ҚАЗАҚУАР ТҰЛҒА

Уақыты: 03.07.2020
Оқылды: 1359
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ат үстінде жүрген азаматтың жақсы атын халыққа сіңірген еңбегі шығарады. Өйткені халық жады – тасқа түскен таңбамен тең. Өшіруге де, көшіруге де көнбейді. Әрбір ісің мен сөзіңді халық жады қалт жібермей, ой төрінде өрнектеп, сана кеңістігінде сақтайды. Сақтап қана қоймай, қажетті жерінде азаматтың абыройын асқақтатып, беделін биіктетер әрлі әңгімеге қанат бітіреді. Ақиқатын аңыздай тербеп, аңызын ақиқаттай етіп тереңнен қозғап, сырын айтады... «Ел құлағы – елу...» Ел тізгінін оң ұстап, оңға, солға бұрмай, қара қылды қақ жарып, халқының көңілін тапқан оғылан мінезді басшының жанын жадыратар жайлы сөзі де, жұрт көңілін марқайтар тиянақты ісі де сақталады, жатталады, тарайды.Халық дейтін әділ сыншы мұндайда «Жақсы сөз – жарым ырыс» немесе «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын...» деп азаматының жүріс-тұрысындағы, ел басқару ісіндегі өрісі кең өнегелі тұстарын тілге тиек етеді. «Халық айтса, қалп айтпайды» деген ежелгіден жеткен есті сөз осындайда туған болуы тиіс.

Мен білетін Серік Әбікенұлы Үмбетов – өтпелі дәуір тұсауын кескен тұлғалы басшы, тұғырлы азамат, жүрген жерінде жақсы атымен, абыройлы істерімен, сабырлы мінезімен, халықшыл қалыбымен танылған, республика көлемінде өзін тағылымды ұйымдастырушы, табанды басшы ретінде көрсете білген, ел жүрегіне жол тапқан сондай жарқын жүзді азаматтарымыздың бірі, бірегейі.

Мен Серік Әбікенұлының өзімен таныспай тұрып, әуелі атын естідім.

– Күртідегі Ызғарбек ініміз айтқан жоқ па? Сонда болашағынан үміт күттірер бір бала бар... Бала емес, атпалдай азамат! Жаны, жүрегі елге жақын. Жаратылысынан жерге жақын. Қазақуар жігіт. Күртіде, Кегенде қызмет еткен. Атаның да, батаның да жолын, жөн-жосығын жақсы білетін басшы азамат... Танымасаң, бір реті келгенде таныстырармын, – деп еді бірде марқұм Балғабек Қыдырбекұлы. Сөзі мен ісі үйлесіп, айналасына іні жинауға әуес Балғабек ағамыздың «Бала емес, атпалдай азамат» деп сырттай таныстырған замандас інімізбен кездесуіміз ойда-жоқ тұста болды. Ғалымдар үйінде бір үлкен жиын өтіп жатты. Бәкең бастаған  бір топ зиялы қауым өкілдері отырған алқалы топ... Залға Балнұр кірді. Кірді де папасының құлағына әлденені айтып, сыбырлады.

– Қой! Не дейсің? – деген Бәкеңнің дауысы қалтыраңқырап қатты шықты:
– Қашан?
– Жаңа естідік... Үйге хабар бергізіпті.
– Бәкең маған бұрылып:
– Далаға шығайық... – деді.
Ғалымдар үйінің холына шықтық. Бәкең қолындағы орамалмен көзін сүртіп, өксіп тұрып:
– Сейдахметтен айырылыппыз... – деді. Төбемнен жай түскендей болды.
– Қайран, Сейдаға-а! – деуге тілім әзер оралды. Осы сәт қасымызға орта бойлы, қара торы жігіт келді. Келді де Балғабек ағамызбен амандасты, маған қолын ұсынды.
– Ағалар, қазаның қайырын берсін! – деп басу айтты.
Бәкең бойын тіктеп:
– Облысқа жаңа келген әкімнің орынбасары. Серік Үмбетов деген бауырың... Баяғыда айтып ем ғой... – деп, сөзін қысқа қайырды.

Суық хабар үстінде тұрып танысқан сол бір сәтті кейін Серік Әбікенұлы екеуміз ауық-ауық еске алып жүрдік. Қайран Сейдахмет ағамыз батырлық пен ақындықтың, суреткерлік пен қайраткерліктің үлгісін бойына қатар сомдап жинаған сирек бітімді адам еді ғой!.. Екеуміздің арамызда аға мен інінің арасында болатын бір тылсым сырлы ғажайып сыйластық бар-тұғын. Егеулі найзадай өткір тілі бар, нағыз нар мінезді тұлғаның өзі еді. Кесек еді! Ірі еді! Ел мен елді, ер мен ерді әмісе табыстырып жүретін... Өмірден өтіп бара жатып та абзал аға сондай бір ірі міндетін тағы да адалынан атқарғандай көрінді маған.

Серік Үмбетовпен алғаш танысқан сәтім еске түскен сайын мен әлдеқашан бақиға аттанып кеткен осы қайсар мінезді қос ағамды – Балғабек Қыдырбекұлы мен Сейдахмет Бердіқұловты әр кез еске аламын... Екеумізді таныстырған – Бәкең де, танысуымызға себеп болған мына жалған дүниемен ерте қоштасқан Сейдағаң еді...

***

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді қазақ атамыз.

Шынында да, Серік бауырымыз, Балғабек аға айтқандай, жан-жүрегі елге, жаратылысы жерге жақын нағыз «қазақуар азамат» болып шықты.

Халқымыздың азаттық айдынына шығып, желкенін желге төсеген Тәуелсіздіктің сол бір елең-алаң күндеріне ойша оралған сайын жады төрінде жаңғыратын оқиғалар көл-көсір. Бірде артық сілтеп, енді бірде кем соғып жатсақ та, басты ұранымыз «Ел! Егемендік!» болған жылдардың өрісі де, керісі де өзгеше еді?! Тіпті өзгесін айтпай-ақ, байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, баламалы негізде Парламенттік мандатқа ие болған алуан мінезді замандастарымыздың ойы мен бойындағы қилы-қилы қасиеттердің өзі әлденеше мақалаға жүк болардай еді... Нұрсұлтан Назарбаев есімді алаштұлғалы айбынды, айдынды ұлы тұлғаның соңынан ерген қара орман жұрттың сеңдей соғылысқан сәт-сағаттарын қалай ұмытуға болады?! Тәуелсіздікпен жамырай табысып, азаттықтың таза ауасына тұншыққан сол бір аумалы-төкпелі кезеңде әкім болу да, ақын болу да оңайға түскен жоқ.

Серік Үмбетовтер осындай «өтпелі» дейтін өзек өртер жалыны мол, өрті қалың кезеңде аудан басқарды, облысқа жетекшілік жасады, министр болды. Ел көшін түзеді. Елбасы тапсырмасын орындап, жан ұшыра еңбек етті. Қара орман жұрттың қайнаған ортасында жүріп, халықтың көңілін аулап, жүрегіне жол табуға күш салды. Елтаңбасы төріне орнығып, көгінде көк жалауы желбіреген Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасудың осындай күрделі кезеңдерін басынан өткізе бастаған тұста елге де, ел бастаған ерлерге де артылар сын, жүктелер міндет аз болған жоқ. Уақыт ұсынар міндет пен сынның өтінде жүргендер мұны жанымен, жүрегімен сезінді. Өмірдің ащы-тұщысын көріп, халықтың жанын көзінен таныр, уақыттың қиындығы мен кесапатын сөзінен аңғарар «әке көргендер» мен «шеше тәрбиесінен сусындағандар» бойындағы қоғамшыл, халықшыл, ұлтшыл сипаттар осы кезең басшыларын барынша «халыққа жақын болуға» итермеледі. Несін жасырамыз, ол кезең бір формациядан екінші бір формацияға өтудің қиямет-қайымын басынан өткізген елді де, ел басқарған азаматтарды да долы мінезді заманның «торнадосына» аямай салған тұс еді. Кеңестер одағы дейтін ұлы империяның орнында пайда болған тәуелсіз елдердің қатарында Қазақ елі де, Елбасы сөзімен айтқанда, «социализмнен капитализмге қайыра бет бұрудың» қиын жолына түскен болатын.

Біз – соны көзімен көріп, жан жүрегімен сезінген ұрпақпыз. Бұл жолдың сыры мен сипатын, зәрулігі мен қажеттілігін түсіну, өзгеріс атаулыны сана арқылы өткізіп, жан жүрегіңмен сезіну, соны ойлау, әлеміңе салып қорыту, сол қорытылған өмір мен қоғам ақиқатына өзің ғана сеніп қоймай, өзгелерді де сендіре білу біздің ұрпақтың басты мұраты болды. Солай болуды бізден уақыт талап етті. Керек етті...

Бұл «Керектің» авторы – тарихтың осындай аласапыран кезеңінде ел тағдыры мен ертеңіне жауап беру міндетін өз мойнына алған Нұрсұлтан Назарбаев болса, оны орындаушы – әлгі «халыққа жақын болудың» міндетін атқарушы жер-жердегі аумалы-төкпелі кездің салмағы мен жүгін иығына сап арқалаған ел басқарған ер-азаматтар еді.

Серік Үмбетов – осындай кернеулі кезеңде уақыт толқыны көтерген, еңбегі жанып, ел құрметіне бөленген «соғыстан соң туғандар» дейтін буынның өкілі. Екеуміз де адамзат баласының ұйқысын қашырып, қанын судай ағызған, жан жүрегіне жазылмас жара салған Екінші дүниежүзілік соғыстан аман оралған әкелерден жаралдық. Солардың ұлы сағынышы мен ұлт алдындағы жауапкершілігін сезініп өстік. Майданнан оралған бетте аяғындағы керзі етігі мен гимнастеркасын шешіп үлгермей, еңбекке араласқан жанкешті, жасампаз ұрпақтың тәрбиесін көрген жалғастардың жалғасымыз!

Соғыстан кейінгі қоңыр ауылдарды ұмыту – тәубені ұмытумен бірдей. Бала Серіктің балғын санасына мықтап бекіген ескі суреттер мен ел өмірінің елуінші жылдардағы көрінісі – сондай киелі де қасиетті тәубеге жетелер дәуірдің кеуделерге адалдық пен береке-бірлік ұялатар үлгісі екені ақиқат. Оның үстіне көпбалалы үйде өскен бала көпшіл болады. Әбікен ақсақал мен Көкен апаның бауырынан, құдайға шүкір, он бір бала өріпті. Бұдан бөлек (Серіктің өз аузынан естігенім бар) жаны жомарт, жүрегі мейірімді ата-ана сол бір қиын-қыстау кездерде жағдайлары нашар үйелмелі-сүйелмелі үш баланы өз қамқорлықтарына алған... Қысқасы, белі бесіктен шығар-шықпастан ойы мейірімге, бойы еңбекке дағдыланған баланың келе-келе ел тізгінін ұстар ағаға айналғанында да бір заңдылықтың бары шын.

Бұл сөз – істің басында сан кездесіп, талай-талай келелі әңгімелердің тұсында талқыдан өткен шындықтың көрінісі. Нені айтса да, нені істесе де аузынан «ел» түспейтін осы бір еңбекқор жанның болмысын танытар мен білген бір қыры – «Өлі риза болмай, тірі байымас» деген қағидаға беріктігі. Тірінің тіршілігін түгендей жүріп, өлінің ризашылығын алуға ұмтылу Үмбетовтің ел басқарудағы өзіндік қолтаңбасы дер едім... Ол бұл іске қаршадай кезінен өзін де, қызметкерлерін де, айналасындағы тілеуқорларын да, жора-жолдастарын да бейімдеген. Төркінінде туып-өскен ортадан дарыған, арғы-бергі ұлы аруақтарды үлгі тұтуға дағдыланған тәрбие келе-келе оның қоғаммен арақатынасын анықтар өмірлік ұстанымына айналған.

Ол бала кезінен өзін Сүйінбай мен Жамбыл жырларымен сусындатып, Қарасай, Өтеген, Райымбек, Наурызбай, Сұраншы, Саурық секілді ұлт батырларының ерлік шежіресін жаттауға, әспеттеуге тәрбиелеген халықтық өнегеден қайда жүрсе де, қандай қызметте болса да еш жаңылмаған, жазбаған адам. Серік Үмбетовтің ел жадындағы бейнесі осындай игілікті, имани істерімен сомдалған. Халық оны шаруашылықпен ғана шұғылданған басшы емес, ел рухын биіктетер он сан ескерткіштердің өмірге келуіне мұрындық болған, ұлттың өзін-өзі танытар этнографиялық, халықтық салт-дәстүрлердің қайыра жаңғыруына көп күш салған, әдебиет пен өнерге, спорт ісінің кең етек алуына көп қамқорлық көрсеткен тұлғалы басшы ретінде таниды.

Оның Аспантау мен Алакөл, Алатау мен Қаратау арасын жайлаған халық өмірін өрістетуге сіңірген еңбегі мен ісі ұшан-теңіз...

Туған жеріміз, ауасын жұтқан өріміз, ту тіккен төріміз қасиетті де киелі Жетісу болғандықтан облыс тізгінін ұстаған басшымен жиі кездесіп, ара-тұра елдің жағдайы туралы ой бөлісіп тұрдық. Осы жылдарда Жазушылар одағының алдында да елдің рухани кеңістігін сетінетпей, ондаған ғасырлар бедерінде қазақ дейтін тамырын тереңнен тартар көне жұрттың «көсем өнерінің алды болған қызыл тілдің» қайнары – көркемсөзді сақтау мәселесі күн тәртібінде өткір тұрды. Өтпелі кезеңнің құрық шалдырмас, жөпшендіге алдырмас мінезі әсіресе әдебиет пен өнерге ауыр тигені белгілі. Осындай ұлттық құндылықтар мен әдеби, мәдени дәстүрлеріміз талқыға түсіп, өнер атаулы әрі-сәрі күй кешкен кезеңде біздің ат басын тіреп, арқа сүйеген бір әлеуетті күшіміз де осы ел басқарған ұлтжанды азаматтар еді.

Соның бірі – Серік Үмбетов.

1996 жылдың жазы... Қазақстан Жазушылар одағының кезекті XI съезінде төрағалыққа сайланып, бір жағын тұрғызсаң, бір жағы сықырлап кұлағалы тұрған қара шаңырақ ұйымның басынан дүдәмәлі көп қиындықтар өтіп жатқан кез. Көп уақыттан жөндеу көрмеген Абылай хан даңғылындағы бас ғимаратымыздың да, тау бөктеріндегі азып-тозып тұрған, жарығы жоқ Шығармашылық үйдің де басынан дау арылмай, әңгіменің өршіп тұрған тұсы. Жоқшылық алқымнан алып, жазушылар ұйымы да, жазушылар қауымы да қиын, күрделі сұрақтарға жауап іздеген осындай күндердің бірінде сирек тіл қататын елтаңбалы ақ телефон шыр ете қалды.
– Алло...
– Нұреке! Мен ғой, Серік Үмбетов... Алыптар отырған киелі төріңіз құтты болсын!...
– Рахмет...
– Ағамызға құтты болсын айтайық десек, ұстатпайсыз... – деді облыс басшысы әзіл-қалжыңын араластыра сөйлеп: – Күнін өзіңіз белгілеңіз. Алатаудың жайлы бөктеріне дастарқан жайып, жаңа қызметіңіздің жал-құйрығын тарайық!..
– Рахмет, Серік Әбікенұлы.
– Әзіл емес. Бұл – шын сөз. Тізім жасайық. Жобада... Қанша адам болады? Айтыңыз. Ақсақалдардан бастап, ағаларыңыз, қатарыңыз, інілеріңіз... Бәрін жинап, ұзын-ырғасы 150-дей адамның басын құрап, қаламгерлермен мәслихаттасайық. Сіз сайланып жатырсыз... Алла бұйырса, Жәкеңнің 150 жылдығы келеді. Тойды қалай өткізу туралы сөйлесейік, – деді әкім бауырымыз сөзіне нүкте қойыңқырап.
– Е-е-е... Мұныңыз дұрыс екен... әдебиеттің басынан бақ аумасын деген тілек қой!.. Үлкен тілек екен.
– Кім-кімді шақыруды сіз шешіңіз. Қалғанын біз шешейік...
Уәде осы болды...

Араға бірер күн салып, Алматының шығысындағы Талғарға баратын тасжолмен Дихан Әбілев, Әлжаппар Әбішев, Дмитрий Снегин, Хамит Ерғалиев, Қасым Қайсенов, Сафуан Шаймерденов, Әзілхан Нұршайықов, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев секілді бұл күнде мына жарық жалғанды бақиға айырбастап, «келместің кемесіне мініп» кеткен аяулы ағаларым бастаған жазушылардың қалың шеруі жолға шықты.

Қаладан 15-20 шақырымдай жердегі «Ақбұлақ» санаторийіне келдік.

Серік Үмбетов бастаған жетісулық азаматтармен болған арқа-жарқа кездесу үш-төрт сағатқа созылды. Сөз бен тілек, ой мен бата жарасқан әдемі жиын өтті. Ұлы Жәкеңнің аруағын бір аунатар жиын үстінде алда болатын торқалы тойдың жоба-жоспары талқыланып, соңғы съезде басшылыққа сайланған мен бастаған жігіттердің атына құттықтаулар айтылды... Дихан Баба Жәкеңнің қасында жүрген күндерінен әңгіме айтты. Хамаң Жамбыл тәтесінің рухын асқақтатып, гүрілдеп өлең оқыды. Қасым аға алып ағаларын еске алып, тост көтерді. Әлжекең бата берді.

Жиналған жүз елу қаралы қаламгер – Алматыға тебірене толқып, риза сезіммен оралды. Жазушыларды Алматыға аттандырып тұрып, облыс әкімінің:

– Ардақты ағалар! Біз – Жәкеңді көрмеген ұрпақпыз. Сіздер (ақсақалдарға қаратып) – жыр алыбы атанған Жамбылдың алдын көрген, ол кісімен дәмдес-тұздас болған адамсыздар. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамасымен былтыр өткен Абайдың тойы да, биылғы өткелі жатқан Жәкеңнің тойы да – Тәуелсіздік дәуірінің тұмарлы басқосулары. Той шымылдығын сіздер ашты деп есептейміз, – дегені жадымда қалыпты.

– «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген қазақпыз. Мен білетін ел басқарып жүрген азаматтардың арасынан сөзі мен ісінен жаңылмай келе жатқан санаулы жігіттердің бірі – осы Серік Үмбетов, – деп еді сол сапарда қалаға қайтып келе жатып марқұм Қасым Қайсенов. Қара қылды қақ жарып, шындықты шырқыратып айтар Қасым ағаның аузынан күнде шыға бермейтін мұндай бағаға жеткен де бар, жетпеген де бар...

Сол күнгі басқосу Серік екеуміздің атымызға біраз жылы-жылы сөздер айтқызып, көңіл дейтін көк құсқа қанат бітіргені рас. Адамға көп нәрсенің керегі жоқ. Бірауыз сөзбен марқайып, бірауыз сөзбен қартайып қалатын халықпыз. Ұлы Жәкеңнің тойына жүргізілер дайындықты қолына қалам ұстаған қауымның бата-тілегін алып барып кіріскен облыс басшысының сол бір қадамына риза болмаған адам жоқ. Біразға дейін «Ақбұлақтағы бас қосу» қаламгерлеріміздің әңгімесіне «көрік» болып жүрді...

Жиын болған күннің ертесі Одаққа Тұмағаңның келгені есімде. Жаны жұмсақ, жүрегі жылы, жайсаң мінезді қайран ағамыз тебіреніп отырып: «Сендердің кешегі тіршіліктеріңе риза болдым! «Қамшының сабындай келте өмірде» онсыз да құдайдың өлшеп-тамып берген қысқа мерзімін жүнін жұлған торғайдай етіп жүргендер аз ба?! Сендер менің ағалық ақ жүрегіме үлкен қуаныш сыйладыңдар. Жамбыл атамыздың алдынан өтіп, ықыласына кенелдіңдер. Төбем көкке екі елі жетпей, жарасты қадамдарыңа қарап куандым... Құдайдың сендердей іні бергеніне шүкірлік!» – деп еді.

Сөйткен Алаш жырының ақиығы, қазақтың ұлы ақыны Тұманбай Молдағалиев те өмірден өткелі, міне, бес жылдың жүзі болып қалды. Тұмағаң өмірден озғанда Серік екеуміз біріміз Алматыда, біріміз Астанада жасқа булығып тұрып, көкірегіміз қарс айырылып, телефон арқылы бірімізге-біріміз көңіл айтып едік...
Өтіп бара жатқан өмір...

Серік Үмбетов Жамбыл облысын басқарған жылдар ел экономикасы өз арнасын толық тауып кете алмай тұрған кезең болатын. Алыс ауылдар мен аудандар түгілі, облыс орталығының өзі толып жатқан әлеуметтік қайшылықтармен, күрделі қиындықтармен жүз шарпысып жатты. Үмбетовтің Жамбыл облысында қызмет еткен жылдары ел жадында осы қиындықтарды игеруімен қалды. Ол жетекшілік жасаған бес жыл ішінде облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы айтарлықтай өзгерді. Әулиеатаның әдеби-мәдени, рухани өмірі қанат жайды. Облыстың әлеуметтік-өндірістік саласында қарышты қадамдар жасалды. Әсіресе байырғы Тараздың арғы-бергі тарихына қатысты тағылымды шаралар көп атқарылып, ұлт, ұлыс өткеніне қатысты өрісі кең, өркенді істер ел көңілінен шығып жатты. Сол тұстағы ірі жобалардың бірі – «Амангелді» газ құбыры шұғыл іске қосылып, жұртшылықтың көгілдір отынға қол жеткізуі халық көңіліне қалай қуаныш ұялатса, өнері мен әдебиетіне қамқорлық жасаған әкімнің байыпты мінезі мен байсалды әрекеттері ел сенімін бекіте түсті.

Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы тұсындағы қызу әзірлікті, ЮНЕСКО деңгейінде өткен айтулы шараның ел есінде қалған сәттерін қалай ұмытуға болады?!

Елбасының тікелей басшылығымен жүзеге асқан тамырымызды тереңге бойлатар осынау Республика өміріндегі үлкен оқиғаның басы-қасында жүрген «күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалып», шаршап-шалдығып, тер төгілген сәттер бүгінде тарихқа айналып барады... Иә, Тараз тойы аймақтың тарихын ғана емес, Алаштың ата тарихын тануға мол септігі тиген, ұрпақ санасын тәрбиелеуге үлкен ықпал еткен мәдени-рухани сипаты айрықша маңызды оқиға болды.

2002 жылдың қыркүйегі... Шыр еткен қалта телефоны... Таныс дауыс.

Серік Үмбетов:
– Нүреке! Сәлем бердік.
– Секе, қал-күй қалай?
– Шүкір... Ел аман, жұрт тыныш... Өткен жолғы құрылтайдан соң Жәкеңнің тойын өткізіп ек. Енді... Мына құрылтайыңыздың соңы Тараздың 2000 жылдығына жалғасып отыр... Алла жазса, Таразда кездессек пе деген ой бар...
– Бұйырса, барып қалармыз...
– Тойға дейін... Әзірлігімізді келіп көріңіздер... Алматыдан отыздай адам шақырсақ па дейміз... Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Әзілхан Нұршайықовтар бастаған бір топ қаламгерлер мен Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев бастаған өнер адамдарының Әулиеатаға келгенін қалаймыз... Сол топты ұйымдастырып, бас-көз болуға қалай қарайсыз?!. Күздегі тойға адам көп келеді... «Келгенше – қонақ, келгесін үй иесі ұялады» деген қазақпыз. Дайындығымызды көріп, кем-кетігіміз болса, уақыт бар... Түзеуге болады... Пікірлеріңізді естісек. Екіншіден, ертең көптің аты көп, той үстінде күтім ойдағыдай болмай жүрсе, ағайынның, әсіресе, зиялы қауымның өкпесі ауыр... Жазушылар мен өнер адамдарын күнілгері жеке күтіп, арқа-жарқа кездесулер өткізсек дейміз...

Әкіммен телефондағы әңгімеміз осы болды. Араға он бес күн уақыт салып, Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен болған Тараз қаласындағы зиялы қауыммен өтетін жарқын жүзді жылы кездесуге бардық. Жұмсақ, жайлы екі вагонмен барған алматылық қонақтар екі күн бойына Тараз көшелерінің шуақ-нұрына шомылып, қаланың жаңарып, жасарған сымбатына, жаңа құрылыс нысандарына сүйсінді. Серік Әбікенұлы бастаған тараздық бауырларымыздың ықылас-пейілдеріне тәнті болған бір әріптесіміздің: «Апыр-ай, қымыз бен шұбаттың буы да біраз жерге апарады екен ғой», – деп әзілдегені есімде. Бұл бер жағында әзіл жатқанымен, арғы төркінінде ұлтты тәрбиелеудің бірден-бір жолы – салауатты өмір салтын ұстануды бұқаралық деңгейде жүзеге асырған, ұлттық сусындарымызды молдап өндіруге күш салған облыс әкіміне деген ризашылықтың нышаны еді...

Серік Үмбетов қайда жүрсе де, қандай қызметте болса да ұлттық рухты ұмытпаған басшы. Ол үшін ұлттық рух – күнделікті өмірде кездесетін қарапайым қазақи қарым-қатынастан бастау алатын адами болмыс, кісілік қалып. Үлкенді үлкендей қадірлеп, кішіні кішідей көріп, іні санап, бауырына тарту, ұлттық әдет-ғұрыптарға ден қою, имандылық үлгілерін берік ұстану секілді халықтық сипаттарды ол есінен әсте шығармайды.

Тарихқа тағзым жасау, аруақтарды әспеттеу, арғы-бергі дәуірлерде ел санасында бекіп қалған ұлы тұлғаларын қадірлеу – бүгінгі ұрпақ үшін міндет, парыз. Осы міндет пен парыздың үдесінен шығу – азамат, перзент, басшы Серіктің басты мұраты. Әркім артына әртүрлі із, әр алуан сөз қалдырады. Азаматтың жақсы аты сол ел есінде қалдырған ізі мен сөзіне байланысты... Үмбетов бес Алатаудың қойын-қолтығын түгендеп жүріп, ауыл-ауылдың жағдайын қалай ойласа, ел тұрмысы мен әл-ауқатын жөндеуге солай күш салды. Сол нарық заманының «тар жол, тайғақ кешулеріне» көніп жүріп, елдік пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қарапайым халықтың әмісе қасынан табылып отырды. Тараз төріндегі атқа қонған Бәйдібек бабаның аруағына сиынып, Әулиеатаға ерекше мағына, сұс берген қазақтың хас батыры Баукеңнің рухына тағзым етіп жүріп бастаған ісінің бәрі ел ойынан шыққанын жұрт айтады... Қаламгерлерге стипендия тағайындау, мүмкіндігінше әлеуметтік қиындықтарын шешуге араласып отыру мәселелері оң көрініс тауып жатты. Әсіресе, облыс әкімінің әлі күнге ел аузында жүрген бір игілікті ісі – талантты жазушы Несіпбек Дәутаевты бас редактор етіп тағайындап, «Жамбыл» журналының ашылуына бас-көз болғаны. Тұсауы кесілгеніне он жылдан асып бара жатқан аталмыш журнал бүгінде республикадағы беделді әдеби-көркем басылымға айналды.

***

Жады төрін жаңғыртар көріністің бірі – 2010 жылдың көктеміндегі Қызылағашта болған су тасқыны. Айтпай келген апаттың арқамызды аяздай қарып, жанымызды түршіктіргені естен кетер ме? Жоңғар тауының теріскей сілемдерінің момын қолтығында қалың ұйқыда жатқан момын ауылдың қасіреті бар қазақстандықтарды қамықтырды... Қол көмегі берілді... Жыр жаздық... Қоштасу, қолдау сөздерін айтып, қалың елдің қайғысын жеңілдетуге тырыстық. Елбасы бастап, ел болып, Қызылағаш жұртына көмек қолы ұсынылып жатқан сол бір ауыр күндерде мен өңі түтігіп, көзінің ұшына жас тұнған Серік Үмбетовтің шаршаулы, алаң қалыбын сан көрдім. Сол тұстағы облыс әкімінің бірінші орынбасары (қазіргі облыс әкімі) Амандық Баталов екеуінің ұйқы көрмей, арып-ашып жүріп, құрылыс жұмысын бітіру үшін барын салғанының сан куәсі болдым.

***

Бүгінде облыс әкімінің қиналған жерлестерінің күн сайын қасынан табылып, көз жасын сүртіп, қоса қамығып жүріп, салынған сол жаңа «Қызылағаштың» тұсынан әрі-бері өткен сайын бетті бір сипап, шәһид болғандарға имандылық дұғасын бағыштаймын.

Өткен сайын есіме Серік Үмбетов түседі... Сол күндерде ел көңілін демеп жазған өлеңімнің жолдары тіл ұшына оралады. Қайғылы хабарды естіген күндерде жазылып еді... 
«Қағазға мұңды жыр түсті, 
Көз жаспен жуды жұрт ішті.
Ғарышым үнсіз, меңіреу...
Алаштың көгі бір түсті.

Жоңғардың белі – күрең, сыз,
Аспан да, жер де – сүреңсіз.
Қызыл су шайған даланың, 
Көктемде қара, түрі өңсіз.

Ойымның төрі – от, құйын,
Тірлікте, шіркін – көп түйін...
Боздатып бауырларымды,
Топансу алып кетті үйін...»
– деп басталатын жырдың соңына 16 наурыз 2010 жыл дейтін дата қойыппын.

Жетісудың жерінде қазақтың ұлттық тарихын тануға, талдауға мұрындық болар жер атаулары да, сол жерді сыртқы жаулардан қорғап қалған батырлар хақындағы аңыз-әңгімелер де мол. Менің бір сүйсінетінім, Серік Әбікенұлы сондай жер мен ел хақындағы әңгімелерге жүйрік. Сөз тыңдауға, тосып отырып, кезегін күтіп, өз сөзін өруге бейім. «Ана жердің мынандай, мына жердің анандай тарихы бар» дегенді жиі айтады. Серіктің Суықтөбе, Үшқоңыр айналасынан басталатын сабырлы әңгімесі бірде Алакөл мен Шұбарағаш – Ойжайлауға жалғасса, енді бірде Белдің жайлауын кесіп, қарт Ілені жағалағаннан жағалап отырып, Қарадалаға, одан әрі Үйсіннің сілеміне, Тәңіртаудың қойын-қолтығына ендей кіреді. Хантәңірінің етегіне жетіп тоқтайды. Оның Алматы облысында білмейтін ауылы, жүрмеген жолы жоқ секілді... Қол беріп амандаспаған ақсақалы кемде-кем шығар... «Пәлен дейтін бөктерде түгілен дейтін қария бар еді... Осыдан екі жылдай бұрын өмірден озыпты» деп отырғанын сан естідім.

Мақала басындағы Балғабек ағаның аузымен айтылған «Қазақуар азамат» деген сөзі шамасы осындай ақиқатты сезінгендіктен айтылған болуы тиіс...

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөзді жай малданып, атшаптырым кабинетте отырып-ақ ел басқарған көп шенді-шекпенділердің қатарында жүре беруге болар еді... Байқаймын... Көп ішінде өсіп, көп ішінде жетілген азаматтың ондай «бастық» болу қолынан келмеген секілді...
Әйтпесе...

Ақынын түгенде, жарайды!..
Батырын түгенде, жарайды!..

Ал сол ақын мен сол батырды туған жұртты әспеттеп, ауылдастарына қалаға бергісіз үй салып, ғимараттарын жарқыратып, күрделі жөндеуден өткізген, мұражай төрін тәңірдің нұры мен шуағы шайғандай күйге орап:
«Қарасаз қара шалғын өлеңде өстім,
Жақсы жыр жазсам, жұртым, елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда, өлеңді ешкім...»
– деген құдіретті жырға тағзым жасата білген жомарт мінезді азаматқа «Бәрекелді!» деген ризалықтан өзге не айтуға болады?!

Мен де іні-замандас хақындағы сөзімді Алаш жұртының ақиығы, қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың жұрт аузында аңыздай болып тараған 80 жылдық мерейтойы тұсында атқарылған шаралармен тұйықтағым келіп отыр. Осы жиынның тұсында Серік Үмбетов өзін өлең мен өнерді шынайы жүрегімен қадірлейтін азамат ретінде тағы бір мәрте танытты. Ақын тойына әзірлікті ертерек бастаған облыс жетекшісі Талдықорғанда, Алматыда, Қарасазда неше дүркін кездесулер өткізіп, Астанадағы билік коридорларын кезіп жүріп, қаржы-қаражат тапты. Ақын ауылына жол салдырды, ақын мұражайы мен Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізді. Қарасаздағы біраз үйлерді қалпына келтіріп, орталық көшелерге асфальт төсетті... Аз ғана уақыт ішінде қазақтың ұлы ақынының кіндік қаны тамған қасиетті Қарасаз «қыздың жиған жүгіндей» түрленіп шыға келді. Елбасы назарында болған осы бір іргелі мәдени шара өрісі кең өркениеттік сипат алып, Қарасаз бен Аспантаудың, Жетісу елі мен Алаш жұртының абыройына айналғанын айту парыз.
Иә!

Мен білетін Серік Үмбетов – осындай азамат... Жаны, жүрегі елге жақын, жаратылысынан жерге жақын нағыз Қазақуар тұлға.

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Сурет ғаламтордан алынды