"ТАЛАЙ НӘРСЕ ЖАЗЫЛДЫ": "ТАЛҒАР" ГАЗЕТІНІҢ ЖАРЫҚҚА ШЫҚҚАНЫНА - 85 ЖЫЛ

Уақыты: 19.06.2020
Оқылды: 1336
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жаңалықтың жаршысына айналған көнекөз басылымдардың бірі – «Талғар» газетінің жарыққа шыққанына 85 жыл толды. Осынау ғұмырында аудандық газет қазақ баспасөзінің қалыптасуына өзіндік үлесін қосумен қатар қаламын қару еткен журналистердің шығармашылығын шыңдар ұстаханаға айналды.

Тереңге тамыр тартқан тарихына көз жүгіртсек, түгін тартса майы шығатын табиғаты көркем Талғар ауданы 1935 жылы мамыр айында құрылып, арада ай өткен соң өзінің үнпарағы – «Сталин туының» алғашқы саны жарыққа шыққан. Сынаптай сырғыған уақыт көшінде «Сталин туы», «Коммунизм туы», «Звезда Алатау», «Алатау жұлдызы», «Талғар таңы» деген аталымдарға ие болған аудандық басылымның жарқырай шығып, оқырмандарының асыға күтер үнпарағына айналуына сол жылдары редакторлық еткен Е.Жамансарин, О.Түменов, Омаров, А.Қосымбаев, Б.Сәрсенбиев, А.Костин, И.Кириллюк, М.Саин сынды қазақ баспасөзінің қара нарлары өзіндік қолтаңбаларын қалдырған.

Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен жаңалық жаршысының жібін үзбей жалғасын тауып, жандана түсуіне кейінгі ширек ғасырда Людмила Жуненко, Сайлаубек Байдүйсенов, Айтбек Сейтов, Райхан Азимовалардың қосқан үлестері орасан зор. Сан белестен өткен басылым тізгінін соңғы жылдары жас та болса бас бола білген Бақтияр Қабас қолға алып, көненің көзіне, жақсының сөзіне айналған ізгілікті ізін жалғастырып келеді.

Қарағайдай қалың оқырман алдындағы жауапкершілігі жоғары міндетті абыройлы атқаруға кіріскен Бақтияр Мырзаханұлы басшылыққа келгеннен бастап тарихы терең басылымның материалдық-техникалық базасының жақсаруына, жаңаруына, ең бастысы, журналистердің еңбекақысының өсуіне өзіндік үлес қосқандығы айрықша аталады. Оған облыс, аудан әкімдігінің тікелей қолдау білдіріп келе жатқандығына ұжым атынан ризашылығын білдіреді.

Талғар ауданының тыныс-тіршілігін, әлеуметтік-экономикалық дамуын тілге тиек етуде күретамырға айналған басылымның бүгінгі шыққан белесі биіктей түскен. Апта сайын ауданда атқарылған игі істердің, әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени-спорттық іс-шаралардың басы-қасынан табылып, оны оқырмандарға жеткізуде жарғақ құлақтары жастыққа тимейтін жаны жайсаң, қаламы қарымды, ұшқыр ойлы әріптестеріміз Тұрсынбек Жалғасбаев, Райхан Азимова, Фатима Ержанова, Перизат Нұрқаева, Меруерт Дүйсенғалиева, тілші әрі фотограф Дархан Әуктің есімдерін ерекше атау ләзім.

Ал газеттің қаржылық есеп-қисабын жасауда табан аудармастан еңбек сіңіріп келе жатқан есепші Ғалия Қайынбаеваның еңбегі зор. Сондай-ақ, басылымды көркемдеуде тәжірибелі оператор-дизайнер Азамат Айтбай, веб-редактор Әйгерім Әмір, офис-менеджер Әлия Тілепберген, тіпті, көлік жүргізушісі Қазыбек Қабастың да тынымсыз тер төгіп жүргендігін осындай атаулы мерейтой тұсында атап өту орынды.

Аптасына бір рет шығатын аудандық газет мазмұнының бай әрі алуан тақырыпты арқау етуіне қарымды журналистермен қатар, ойлы оқырмандар да атсалысып келеді. Солардың көшбасынан көрінетін ақын-драматург, талай тілшінің ұлағатты ұстазына айналған және аталған басылымда бірталай жыл тер төккен Жанәділов Мұса ағамыздың тұрары хақ. Соңынан ілескен ақын інілері, тіл жанашырлары Бексұлтан Көлбаев пен Камнұр Тәлімұлының жиі қалам тербеуі газеттің мазмұнын ашып қана қоймай, рухани-мәдени деңгейін арттырып келеді.

Көзі қарақты оқырмандардың басым бөлігін құрайтын ұстаздар қауымының да жағымды жаңалықтары жиі жарыққа шығып отырады. Жаңашылдыққа ұмтылған үнпарақтың бетінен «Келбет», «Мезгіл мәселесі», «Рухани жаңғыру», «Білім көкжиегі», «Құрмет», «Жыр-маржан», «Дін және қоғам», басқа да мәдени-рухани тақырыптарды өзек еткен жаңа айдарлардың ашылуы басылымға соны серпін бере түскен.

Жыл өткен сайын жанданып, заман талабына, сұранысына сай жаңарып келе жатқан аудандық «Талғар» газетінің 85 жылдық мерейтойымен қоғам қайраткерлері, көсемсөз серкелері және Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров құттықтап, жылы лебіздерін білдіруде.

Жолан ОМАРОВ,

Талғар ауданының әкімі:

 

- Құрметті «Талғар» газетінің ұжымы! Сіздерді 85 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

1935 жылы шаңырағын көтеріп, уығын нық шанышқан сол кездегі «Сталин туы», бүгінгі «Талғар» газетінің өмірге келуінде журналистердің батыл қадамдары мен ерен еңбегі тұр дер едім.

Бұл үнқағаз ақпаратқа сусаған сол кездегі Талғар жұртының сусынын қандырған бірден бір, бірегей басылым бола білген. Содан бері 85 жыл зымырап өтсе де, әлі сол деңгейінен бір түспей, ақпарат айдынында еркін жүзіп келе жатқан кемелді басылымға айнала алды. Әрине, бүгінде интернет кеңістігі еркін жаулап, қолында ұялы телефоны бар жандар ұзынды-қысқалы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы біліп алып отырады. Оған өз үнін қосып желдей естіртіп таратады. Бірақ өзі бір күндік болса да сөзі мың күндік газет дәуірін ешкім жоққа шығара алмайды. Газеттің әр қарпінде өткен күннің өмірі мен белесі тасқа жазылған таңбадай мәңгілікке қалады. Газеттің бүгінгі ұжымы ағалар салған сара жолдан жаңылмай, ұлы үрдістен шыға алып жүр.

Құрметті газет ұжымы, ауданның имиджін қалыптастыру жолындағы сіздердің еңбектеріңіз ерен. Сіздерге зор денсаулық, шығармашылық жетістік пен қажырлы еңбек тілеймін. Аудан өмірін өркендетуге бірге атсалыса берелік!

 

Нұртөре ЖҮСІП,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Құрметті Бақтияр Мырзаханұлы! Қадірлі әріптестер! Сіздерді Талғар аудандық «Талғар» газетінің 85 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Газет шығару ісін жақсы білемін. Оның ішінде аудандық газетті шығару – үлкен тірлік. Мұның бірнеше қиындығы бар. Біріншіден, кадр тапшы. Екіншіден, Абайдың «Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, ықтырмамен күздеуде отырар бай» дегеніндей, жылда айналдырып бір ауданның мәселесін жаза беру де оңай емес.

Аудандық газеттердің – ел шежірешісі ретіндегі орны зор. 85 жылдың ішінде талай нәрсе жазылды. Соның бәрі сақталды ма? Газеттің сарғайған парақтарын түгендеп, цифрлық жүйеге енгізу де өзекті мәселе. Осы жағын реттеп алсаңыздар деген тілегім бар.

Аудандық газеттердің мұңы көп: қаржы жағы қол байлайды, таралым да жылдан жылға азайып барады; «газет керек екен-ау» дейтін басшылар да азайды, мұның бәрі басылымның күн көруін қиындатады. Мемлекеттік тапсырыс  мәселесінде де шешілмеген түйін көп.

Осындай қиындықтардың бәріне қарамай күндіз-түні асқан жанкештілікпен жұмыс істеп жатқан әріптестеріме жаным ашиды. Тілеулеспін.

Кәсіби маман ретінде Бақтияр Мырзаханұлы аудандық газеттің сапалы да мазмұнды шығуына, оның таралуына бір кісідей атсалысып келеді. Мұны ел біледі. Газетте жұмыс істейтін әріптестеріме мықты денсаулық тілеймін!

«Талғар» газеті – талғап оқитын басылымға айналсын!

100 жылдық мерейтойға аман жетіңіздер!

Әміре ӘРІН,

Алматы облыстық "Жетісу" газетінің бас редакторы:

- Құрметтi Бақтияр Мырзаханұлы! Сiздi және шығармашылық ұжымды басылымның 85 жылдық мерейтойымен аймақтық аға газет атынан ақдидар  құттықтаймыз!

Қазақ баспасөзі айдынды көлге алқынған мыңдаған бұлақтан құралады десек, солардың ішіндегі қалың жұртқа ең жақыны, етенесі, елгезегі де, барынша тазасы да аудандық-қалалық басылымдар. Әдетте – тілшілері көз алдыңда, тіршілігі көппен бірге өріледі. Ал енді Талғар сынды іргелі ауданның жай-күйінде бұл қағидаттың мән-мағынасы тіптен арта түспек.

Заман өзгерді дәл қазір, қасиетті сөз атаулының дәрмені арта түсті. Төмендегілердің талап-тілегіне елп ете құлақ асар биліктің тұла бойына қан жүгірді. Демократия дегеніміз де осы. Сүйсінерлігі сол, газет журналистері уақыт үрдісінен қалыс қалмай, аудан өмірінің қордалы мәселелерін тамыршыдай дөп басуға ұмтылып келеді. Жетістіктері де жетерлік. Екінші бір көңілге қонақтары, білікті жас кадрлардың бұл арада арнасы арылмастан қанаттанып отыратындығы. Бұл енді  жарасымды шаруа, игі дәстүр.

Сексен бес жылғы ғұмырда газеттің «отымен кіріп, күлімен шыға» қаншама жүрегі шоқ, намысы найзағай әріптестеріміз күн-түн демей шығармашылық отын маздатты десеңізші! Солардың сарғайған газет беттерінде қалған аялы алақандарының табын сезінудің өзі бір бақыт! Бәрінің де жадымызда жаңғырып тұрары бар. Естен шығармаған абзал.

Басылым қуанышы – мыңдаған тұрғынның қуанышы. Көпшіліктің жұбанышына, жансерігіне айналған басылымның асыл мұраттары Алатаудай аспандап, өрістері тарылмағай, Алаштың рухын асырар жарияланымдары арылмағай деп тілейміз!

«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген. Осы тұста, аудандық «Талғар» газетінің ұжымына алғысымды айтқым келеді. Өйткені, Талғар ауданындағы меншікті тілші ретінде журналистік іс-сапарларда аталған басылымдағы әріптестерге иек артамын, бірге жолға шығамын. Діттеген нысандарға барып-қайтудағы көлік мәселесінде, қажетті материалдар жинақтауда ылғи да қол ұшын беруден еш аянып қалмайтын қыз-жігіттердің кең пейілдеріне, азаматтықтарына ризашылығымды білдіремін.

Олай болса, 85-тің сеңгіріне шыққан, алдыңғы толқын ағалардың сара жолын жалғастыруда қажыр-қайратын жұмылдыра еңбек етіп жүрген «Талғар» газетінің ұжымына шығармашылық шабыт, отбасылық бақыт тілейміз!

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы