ҚАЗАҚ РАДИОСЫНЫҢ НЕГІЗІН АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ҚАЛАҒАН

Уақыты: 28.06.2020
Оқылды: 1490
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қай кезеңде ғұмыр кешсек те радионың рөлі мен қызметі өзінің құндылығын жоғалтпайды. Соның нақты көрінісі елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде анық байқалды. Тіпті, онлайн бағытындағы қашықтан оқыту бағдарламасы Қазақ радиосы арқылы да жүргізіліп, бұл әдіс көпшіліктің көңілінен шықты. Карантин жағдайымен тұспа-тұс келген отыз күндік ораза уақытында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қазақ радиосында «Берекелі Рамазан» деп аталатын бірлескен жоба жасап, ғибратты хабарлар таратты. «Nur Otan» партиясының қолдауымен және «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағымен» бірлескен онлайн бағытындағы радиоайтыс екі ай бойы тыңдарманды жалықтырмады.

«ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС-на қарайтын төрт радио –  «Қазақ», «Шалқар», «Астана» және «Классика» осы бір қиын қыстау кезеңде эфирді бір сәт тоқтатқан жоқ. Журналистер өз міндетін абыроймен атқарды. Тиісті ақпаратты тыңдаушыларға дер кезінде  жеткізді. Үйде отырып-ақ эфирге қосылып, сағаттап хабар тарату радио тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға еді. Оны да еңсердік.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, 2012 жылы «Қазақстан» телерадио корпорациясы толықтай  Елордаға қоныс аударды. Сол жылдың қазан айынан бастап радионың «Алматы» студиясы бастапқыда күніне бір-ақ сағат тікелей эфирге шығатын. Тіпті, 2016 жылы студия жабылып та қала жаздады.  Сол жылдары радио үйінің Алматыдағы ғимараты сатылуға шақ қалды. Кезінде ол жайында бұқаралық ақпарат құралдары егжей-тегжейлі айтқан болатын. Осындай олқылықтар 2017 жылдан бастап түбегейлі жөнделді. Бәрі өзінің қалыбына келді. Ол үшін ақпарат саласының бұрынғы  министрі Дәурен Абаевқа, «Қазақстан» телерадио корпорациясының бұрынғы басшылары Кемелбек Ойшыбаев пен Ерлан Қарин мырзаларға және қазіргі төраға Ләззат Танысбайға айтар алғысымыз зор.

Осы орайда «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС бұрынғы директоры Мәди Манатбектің де еңбегін айта кеткен жөн. Алматы студиясының техникалық құрал-жабдықтары толықтай жаңаланды. Корпорация басшылығының қолдауымен бұрынғы радио үйі жөндеуден өтіп, жаңа заманға сай  конференция залы іске қосылды. Осының барлығы алдағы жылы аталып өтетін «Қазақ радиосының» ғасырлық тойының қарсаңындағы дайындықтар.

Біздің Алматы студиясында техникалық қызметкерлерді қосқанда барлығы 20-ға жуық адам еңбек етеді. Өткен жылдың соңында қызметке келген «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС Бас директоры Ернұр Бураханның бастамасымен небір ілкімді істер қолға алынды. Ақпан айынан бастап қызметкерлеріміздің   жалақысы жиырма пайызға  артты. Бұл да болса,  журналистердің ынта-ықаласының артуына өз ықпалын тигізді.

Ғасырға жуық жол басқан Қазақ радиосының мерейі – елдің мерейі. 100 жылдықты атап өтуге байланысты жоба-жоспар жасалып, негізгі атқарылар жұмыстардың бағыт-бағдары айқындалып жатыр. Қазақ радиосының ардагерлерімен ақылдасу-кеңесу орайында кездесулер ұйымдастырылып, ардагерлеріміздің тізімдері тағы бір мұқият түгенделді.

1921 жылы Ахмет Байтұрсынұлы негізін қалап берген ұлт үнжариясының ғасырлық жолы ғибратқа толы. «Ғасырлық шежіре» атты кітап шығаруды, деректі кино түсіруді, «NUR OTAN» партиясының қолдауымен Халықаралық ақындар айтысын, тағы басқа тағылымды шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Еліміздің маңдайалды жоғарғы оқу орындарында  «Қазақ радиосы» аудиторияларын ашу, Елордадағы Қазмедиа орталығында «Қазақ радиолары» интерактивті-ақпарат тақтасын орнату, Қазақ радиосының «Алтын қорынан» сирек қолданылатын таспа хабарлар мен әндер жинағын шығару, «Алтын қорда» сақталған ноталық қолжазба партитураларын Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне тапсыру, Алматы қаласындағы Радио ғимаратында Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіш тақтасы мен «Қазақ радиосы» мұражайын ашу, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласындағы көшелерге «Қазақ радиосы» атауын беру, Әнуарбек Байжанбаев атындағы  жас дикторларлардың республикалық  байқауын өткізу және Қазақ радиосының алғашқы хабар таратқан күні – 1 қазанды «Радио күні» ретінде ресми бекіту сынды атқаруға тиіс басты шараларды айтсақ та жеткілікті.

Келер жылы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы. Радионың байырғы дикторының тойы мен ұлттық үнжарияның ғасырлық тойының тұспа-тұс келуі бізге де үлкен ой салып отыр. Оны абыроймен атап өту барлығымыз үшін ортақ міндет.

«Қазақ» және «Шалқар» радиосы Алматы студиясынан аптаның бес күнінде тікелей эфир арқылы хабар тарататыны баршаға белгілі. Үш сағат бойы тікелей эфирде бағдарлама жүргізу оңай шаруа емес. Сол қиындықты еңсеріп, халық пен биліктің арасына дәнекер болатын БАҚ саласының өкілдері дер едім. Оның ішінде радиожурналистерінің де қызметі орасан.

Жағымды үнімен тыңдаушының сүйіктісіне айналған Жанар Оразымбет, Оңғар Құралов,  Гүлмира Нәлібай, Аман Тасыған, Гүлбану Алпамысқызы, Бақытжан Жармұхамбет, Талант Арғынғали, Гүлбағыш Бостан, Гүлназ Шалабайқызы, Салтанат Смайыл, Нұржамал Хасанқызы, Мөлдір Жанбай, Ерасыл Серікұлы, үйлестіруші-әкімгер Сәттібек Рақымжан секілді әріптестеріміз радио көшін алға сүйреп келе жатқан шеберлер. Хабарларды музыкамен көркемдеушілер – Советхан Қоңырбаев, Ақзер Қазыбекқызы, Лашын Мұратқызы, Ерхат Қуанышұлы секілді майталмандар қандай құрметке де лайық жандар. Әлі күнге өз кәсібінен қол үзбеген майталман диктор Аманжан Еңсебайұлы жас әріптестерінен ағалық кеңесін аямайды.

Әуе толқыны арқылы ғасыр керуенін жалғастырып келе жатқан Қазақ радиосының атынан бұқаралық ақпарат құралдары саласында еңбек етіп келе жатқан барлық әріптесімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Қазақ» және «Шалқар» радиосы Алматы студиясының жетекшісі