ЖЫЛЫНА БІР РЕТ (әңгіме)

Уақыты: 23.07.2020
Оқылды: 1150
Бөлім: РУХАНИЯТ

Антон Чехов


Княгинаның үш терезелі кішкентай үйі мерекелік кейіпке кіріп үлгеріпті. Тура жасарып кеткен секілді. Айналасы жақсылап сыпырылған, қақпасы шалқайып ашылған, терезелеріндегі торлы перде шешілген. Жаңа ғана жуылған терезе әйнегінде көктемгі күннің сәулесі жылтырайды. Кіреберісте зерін қаракүйе мүжіп тастаған ливрей киген кәріліктен қаусаған швейцар Марк тұр. Оның таңнан бастап қалтыраған қолмен қырылған тікенді иегі, әбден тазаланған етігі мен гербті түймесі жылтырап көрінеді. Марк үйшігінен бекер шыққан жоқ. Бүгін княгинаның туған күні болатын, сондықтан ол келушілерге есік ашып, есімдерін айғайлап айтып тұруы керек. Алдыңғы бөлмеден әдеттегідей кофе мен етсіз сорпаның иісі емес, жұмыртқа сабынының жұпарын еске салатын әлдебір иіссу аңқиды. Бөлмелер тап-тұйнақтай жиналған. Қалың перделер түріліп, картиналарды жапқан жұқа кездеме алыныпты, көнерген тікенді еденге балауыз жағылған. Қабаған Жулька, балалы мысық және балапандар кешке дейін асүйге қамалыпты.


Үш терезелі үйдің иесі, белі бүкірейген және бет-аузы әжімге толған княгина үлкен креслода отырып, аппақ көйлегінің бүрмелерін түзеп қояды. Оның етсіз, арық кеудесіне қадалған жалғыз тал раушан гүлі әлемде жастықтың әлі де бар екендігін айтады. Княгина құттықтап келушілерді күтуде. Оған баласын ерткен барон Трамб, княз Халакадзе, камергер Бурластов, туған бөлесі генерал Битков және тағы басқа көптеген... жиырма адам келуі тиіс. Келушілер қонақ бөлмені сөзге толтырып, отырыстың көркін кіргізеді. Княз Халакадзе әлдебір әнге салса, генерал Битков екі сағат бойы қадалған раушанын сұрай береді... Мұндай мырзалармен өзін қалай ұстауды жақсы білетін оның әрбір қозғалысында тәкаппарлық, маңғаздық және кербездік кезекпен көрініс тауып жатады... Айтпақшы саудагер көпестер Хтулкин мен Переулков та келеді: ондай мырзаларға «әркім өз орнын білсін» деген желеумен кіре беріске арнайы қағаз бен қалам қойылады. Соған тілектерін жазып, қайта берсін...

Сағат он екіні соқты. Көйлегі мен раушанын түрткілей түзеген княгина: «ешкім қоңырау соқпады ма?» дегендей құлағын түруде. Тарсылы алысқа жеткен жеңіл арбаның зулап барып, тоқтағанына бес минут өтті.

«Бізге емес!» – деп ойлады.
Иә, сізге емес, қымбатты княгина! Өткен жылдардың оқиғасы қайталана бастады. Аяусыз, ащы ақиқат! Сағат екіде княгина былтырғыдай жатын бөлмесіне барып, мүсәтір иіскейді де көзіне жас алады.
– Ешкім келмеді! Ешкім! – деп дауыс салған княгинаның жанында кәрі Марк қана әбігерлене абыржиды. Ол да адамдардың бұзылып бара жатқанына назалы! Ертеректе қонақ бөлмеге шыбындай үймелейтіндер енді...
– Ешкім келмеді! – деп жылайды княгина. – Барон да, княз Халакадзе де, Жорж Бувицский де... Тастап кетті! Мен болмасам солардан не шығар еді?! Бақытты күндері мен биік лауазымдары үшін маған ғана қарыздар. Менсіз олардан ештеңе шықпас еді.
– Шықпайтын еді! – деп Марк жалбаңдайды.
– Алғыс айтуын сұрап жатқан жоқпын ғой... Оның керегі жоқ! Маған керегі сезім ғана! Құдайым-ай, қандай өкінішті! Тіпті, немере бауырым Жан да келмей қойды. Не себепті келмеді? Оған қандай жамандық жасаппын? Оның қарыздарын түгелдей төлеп, қарындасы Таняны жақсы адамға ұзатқаным болмаса. Осы Жан маған қымбатқа түсті! Оның әкесі, туған бауырыма берген сөзімнен таймадым... Оған мен қанша шығындандым... өзің білесің...
– Оларға әке-шеше секілді болдыңыз, былайша айтқанда, мәртебелім ата-анасының орнын толтырдыңыз ғой.
– Міне, міне... айтқан разылығы! О адамдар не болып кеттіңдер?!
Сағат үште өткен жылдағыдай княгинаның есірікті талмасы ұстап, құлайды. Мазасы қашқан Марк зер салынған қалпағын киіп, арбакешпен ұзақ саудаласып, ақырында княгинаның бауыры Жанға аттанады. Бір жақсысы Жан тұратын жиһазды бөлмелер аса алыста емес... Марк төсекте жатқан княздың үстінен түседі. Кеше кешкісін басталған ішістен жаңа оралған оның умаждалған бет-әлпеті алқызыл, маңдайы тершіген. Басы мең-зең, асқазаны лоқсулы. Ұйықтап кетуге құштар болса да шамасы келер емес, құсық қысып тұр. Оның жансыз көздері сабынды сумен лікілдей толтырылған қолжуғышқа ауған.
Лас бөлмеге кірген Марк жиіркене бүрісіп, төсекке ақырын жақындады.
– Бұл жақсы емес, Иван Михалыч! – дейді ол басын жаратпай шайқап. – Жақсы емес!
– Не жақсы емес?
– Бүгін әпкеңізді туған күнімен құттықтап неге келмедіңіз? Сол жақсы ма, сіздің ше?
– Жоғалшы-ей ары! – деп барқ етті көзін сабынды судан алмаған Жан.
– Әпкеңіз ренжімеді дейсіз бе? А? Эх, Иван Михалыч, қымбаттым! Ешқандай сезіміңіз қалмапты! Қашаннан бері оны ренжітетін болғансыз?
    – Ешкімге арнайы бармаймын... Солай деп айт! Ол үрдіс әлдеқашан ескірген... Ары-бері жүретін жайым жоқ. Істейтін істерің болмаса өздерің қыдырыңдар, мені мазаламаңдар! Енді, кете бер! Ұйқым келіп тұр...
– Ұйқысы келіпті... Бетіңізді бері қаратыңыз! Көзге тіке қарау ұят па екен!
– Қап... тсс... Оңбаған екенсің! Жаман неме!
Екеуі де үнсіз қалды. Аздан соң Марк:
– Сіз одан да әкем-ау, барып, құттықтап шығыңыз! – деп мейірлене сөйледі. – Төсектен тұрмай, ағыл-тегіл жылап жатыр... Ең құрымаса сіз аздап мейірім танытыңыз, құрмет білдіріңіз... Барып шығыңыз, қымбаттым!
– Бармаймын. Не үшін және уақытым жоқ... Оның үстіне кәрі қақпастың қасында не істеймін?
– Барыңыз, аса мәртебелім! Құрметтесеңізші, қымбаттым! Солай рақымшылық танытыңыз! Ол сіздің, былай айтқанда, опасыздығыңыз бен мейірімсіздігіңізге қатты ренжулі!
Марк жеңімен көзін сүртті.
– Мейірім танытыңыз!
– Гм... Коняк бола ма? – деді Жан.
– Болады, аса мәртебелі қымбаттым!
Көзін қысып қойған княз:
– Жүз сом шыға ма? – деп қайыра сұрады.
– Ол мүмкін емес! Біздің жағдай өзіңізге белгілі, мәртебелім, бұрынғыдай қаржымыз да қалмады... Туыстарымыз бізді шығынға батырды, Иван Михалыч. Ақшамыз барда бәрі құрметтеуші еді, енді келіп... Құдайдың бұйыртқаны осы болар!
– Былтыр арнайы барғаным үшін сіздерден... қанша алып едім? Екі жүз сом алғанмын. Енді жүз сом да жоқ па? Қалжыңың таусылмайды екен, кәрі қарға! Кемпірді тінтіп шық, табылып қалар... Одан да кете бер! Ұйқым келді.
– Мейірім танытыңыз, мәртебелім! Әпкең әбден қартайды, әлсіз... Рухы тәнінде әупіріммен жүр. Жаныңыз ашысын да, Иван Михалыч, аса мәртебелім!
Жан тастай қатып алған. Марк саудаласа бастайды. Сағат беске таман берілген Жан фрагын киген күйі княгинаға баруға жиналды...
– Ma tante1, – дейді ол дірілдеген дауыспен қолынан сүйіп.
Ақыры арқалықты сәкіге отырған ол былтырғы әңгімені қайта жалғайды.
– Мари Крыскина, ma tante, Ниццадан хат алды... Күйеуінен ғой! А? Қалай жазылған десеңізші?! Әлдебір әншіге бола, соның фамилиясын ұмытып қалдым, әлдебір ағылшынмен болған дуэлді суреттейді келіп...
– Шынымен бе?
Көзін бадырайтып, қолын шапалақтаған княгина асқан таңданыс әрі үрей басым дауысымен:
– Шынымен бе? – деп қайталайды.
– Иә... Дуэлге шығады, әншілерді айналдырады, әйелі болса мұнда... соның кесірінен қурап, үзіліп барады... Сондай адамдарды түсіне алмаймын, ma tante!
Бақыт құшағына бөленген княгина Жанға жақынырақ отыра түседі, сөйтіп, олардың әңгімесі созылып барады... Шәймен бірге коняк беріледі.
Жанның әрбір сөзінен бақытты княгина қуанып, шошынып, таңғалған сайын кәрі Марк өзінің сандығын ақтарып, несиелік қағаздарды жинап жатты. Өйткені, княз Жан үлкен жақсылық жасаған еді. Оған бар болғаны елу сом төлеу керек болатын. Бірақ сол елу сомды табу үшін жалғыз сандықты ақтару аздық етеді!

Аударған: Мәди Алжанбай

*Апатай (французша).