ГҮЛ МЕН КӨБЕЛЕК НЕГЕ ӘДЕМІ?

Уақыты: 28.07.2020
Оқылды: 5988
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жер жаралғанда қара топырақтың үстіне көк шөптермен бірге гүлдер де өсіп шығыпты. Қызғалдақ, сарғалдық, раушангүл дейсіз бе, гүлдер атаулы дала төсін құлпыртып, жайнатып жіберіпті. Гүлдер өздерін біз керемет әдеміміз, бізге жететін ешбір өсімдік жоқ деп масайрапты. Олар әбден мақтана берген соң бәрі олардан мезі болып, теріс қарап тұратын болыпты. 


Жер бетінде көбелектер жаралғанда барлық аң-құстар таңырқап: 
– Бұл не деген керемет?! Неткен ғажайып!  – деп сөз қылыпты. Өсімдіктердің сөзін естіп қалған көбелектер:
– Біз керемет емеспіз, біз көбелекпіз, – депті. 
– Жоқ, сендер кереметсіңдер! Біз сендердей әдемі жаратылысты көргеніміз жоқ, – деп таңдай қағады. Көбелектер қанатын қағып, көк шөптің үстінен бір ұшып, бір қонып, көз қызықтырыпты.  Гүлдер әдемі болып жаратылған тек өздері ғана емес екенін түсініп, ұшып жүрген көбелектерге қайран қалып, тамсана қарай беріпті. 
– Бұл қандай жәндік болды екен?! – Өздері әдемі екен, – депті Қалампыр. 
– Бұл көбелектер ғой, – дейді Лалагүл.
– Мүмкін, көбелектермен достасармыз, – дейді Шегіргүл. 
– Кім бізбен достасады? Біздей әдемі жаратылыс жоқ деп достарымыздың бәрінен айырылып қалдық, – дейді Бәйшешек. 
– Иә, бұл неткен ғажап жаратылыс?! Менің олармен достасқым келеді, – дейді Жауқазын. 
     Бір кішкентай көбелек қызығып, әдемі гүлдерге келіп амандасады. 
– Сәлем, мен көбелекпін, – дейді ол.
– Сәлем бердік, көбелек. Біз гүлдер бо-ламыз. Сенімен танысқанымызға қуаныштымыз, – дейді олар. 
– Мен де қуаныштымын. Сендер жайлы үлкен көбелектерге айтайын. 
– Иә, мүмкін, дос болып кетерміз, – дейді гүлдер. Кішкентай көбелек ұшып, көбелектер тобына барады. 
– Жүріңдер, мен сендерді жаңа достарыммен таныстырайын, – дейді. Көбелектер әсем гүлдерді көріп, солай қарай ұшып бара жатыр еді:
– Гүлдерге бармаңдар, – деп ескертеді Дәуіт. 
– Неге? Олар әдемі ғой, біз олармен таныссақ па деп едік, – дейді көбелектер.
– Иә, олар өте әдемі. Бірақ гүлдер өздерінен басқа ешкімді көзіне ілмейді, – дейді шегіртке. 
– Жоқ, олар мүлде мақтаншақ емес, – деп кішкентай көбелек ренжіп қалады. 
Бір күні көбелектер топтана ұшып жүргенде соңынан қараңғы үңгірден үркіп шыққан жарқанат қуады. Зәресі ұшқан көбелектер қай жаққа тығыларын білмейді.  Сол кезде кішкентай көбелек достарына:
– Жүріңдер, гүлдердің арасына барып тығылайық, – дейді. Көбелектер тез ұшып барып, гүлдердің арасына тығылып қалады. Ақ көбелек лалагүлге, көк көбелек шырмауық гүлдің астына тығылады. Жарқанат көбелектердің қайда кеткенін білмей, адасып ұшып кетеді. Сөйтіп, олар үлкен қиындықтан құтылады. Қауіп сейілген соң көбелектер қателескенін түсініп, өздерін қорғап қалған гүлдерге:
– Гүлдер, сендер жайлы нашар пікірде едік. Міне, қиындықтан құтқардыңдар, бізді кешіріңдерші, – дейді. 
– Көбелектер, біз сендермен тіл табысқанымызға қуаныштымыз. Иә, жан-жануарлардың айтқаны рас. Біз өзімізді ең әдемі жаратылыс санап, мақтанып кетіппіз. Қазір біз өз қатемізді түсіндік. Сендер бізден әдемі екенсіздер, – дейді гүлдер. Сөйтіп, көбелектер гүлдермен дос болып, әрдайым олардың жанында жүретін болыпты.  

Асхат БАҚЫТҰЛЫ
Қаратал ауданы