"АДАМДАРДА ƏЛІ ДЕ ЖҮРЕК БАР ШЫҒАР": ҚҰЛЫН МАХАББАТЫ

Уақыты: 19.07.2020
Оқылды: 2550
Бөлім: РУХАНИЯТ

Енесі балшыққа батып, өлуге таяғанда құлын адамдарды көмекке алып келеді. Бұл оқиғаның фото, видеосы тез тарап, желі қолданушыларын таң-тамаша етті. Оқиғаның қалай өрбігені жайлы журналист Қалбай Әділов фейсбук желісіне жазба қалдырды. Жазбаның мәтіні төмендегідей.

Ақтауда тұратын Нұрлыбек Мұсаев деген інім хабар салыпты. Анығы, оған бұл суретті, ақпарды сонау Қарақалпақ елінің Бозатау ауданында тұратын танысы жолдаған. Еріксіз елең еткізді. Сонымен...

Алыстан ватцаппен байланысқан ақсақал ішкі тебіренісін жасыра алмапты.

- Балам жеңіл көлігімен аудан орталығына асығып бара жатқан екен. Кəдімгі шаңы бұрқыраған даланың жайдақ жолы. Бір кезде құлдырыңдап шауып келген құлын көліктің алдын кес-кестей берген. Бала көлігінен түсіп, жолдан айдап салып, рөлге енді отыра бергенде əлгі тағы да көлденең тұрып алыпты, - деген ақсақалдың бала деп отырғаны зіңгіттей жігіт, əрине. - Бір пəленің болғанын сезген балам өзін қақпайлай берген бурыл құлынның соңынан ере берген. Екі жүз метрдей жүрген соң шалшық су, ұйық батпаққа тіреліпті. Бажайлап қараса, батпаққа батып, жон арқасы мен тұмсығы ғана көрініп бие жатыр екен. Ол дереу шалшықты кешіп жылқының басын көтерген. Сол кезде жарықтық солқ еткізіп терең дем алыпты. Дереу жақын маңдағы тамыр-таныстарына телофон шала бастаған. Ұйық шетінде тұрған құлын бір түрлі сай сүйегіңді сырқыратар дыбыс шығарумен болыпты.

Мұндай хабарды естіген адам төзіп жата алар ма? Бес-алты жігіт жетіп келіпті. Мал иелері де жанталаса жеткен. Биені күнде идіріп сауып жүрген келіншек келе құлынды құшақтап жылап жіберіпті. "Тайбурылым, жаным, жылама, анаң қазір тұрады," - деп аймалапты. Сыртқа шығарылған бие аз-кем сұлық жатқан соң, басын көтеріп жан-жағына қарап құлынын іздей беріпті. Бəрі биені айналып малдас құрып отырған екен. Тайбурылдың иесі - əлгі келіншек құтқарушы жігіттің қолын алып алғысын жаудырып жатқанда қызық оқиға жүз беріпті. Ақсақал: "Біздің бала келіншектің арқасынан қағып жұбата бергенде иығынан біреу түрткендей болыпты. Жалт қараса, құлын оның иығын тұмсығымен сипалап тұрыпты. Мұны көрген сол жердегі жиналғандар түгел көздеріне жас алған. Адамдарға мына заманда осындай мейірім шапағат бере гөр!", - дейді.

Ақсақалдың ішкі қыжылын түсіндік. "ОЙЛАНЫҢДАР, ПЕНДЕЛЕР!" деген сөз де осы кісінікі еді. Оны айдар қылып алдық.

Анасымен шұрқырап табысқан Тайбурылдың махаббатын тілмен жеткізу қиын. Сау бол, Тайбурыл, бағып-қағып аялайтын Құртқа анаң да, енең де енді жаныңда.

МӨЛТЕК ОЙ: Баяғыда Ғабит - Ғабаң болуы керек, ақын-жазушылармен сапарлап жүргенде ай далада жəй түсіп жайрап қалған құлынның үстінен түскен. Сонда ол ақындарға "Осы тақырып жырға сұранып тұрған жоқ па?", - деп қозғау салыпты. Сол сапардан құлын туралы керемет жырлар туып еді. Сағи аға мен Сырбай ағаның тамаша өлеңдері əлі есімізде.
Осы тақырыпта жақсы жырлар жазылып жатса қуанып қалар едік. "Адамдарда əлі де жүрек бар" шығар.

Фото жақсы шықпапты. Əйтсе де салдық.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"