"ӘЙЕЛІ БАР ЕРКЕКПЕН БИЛЕП ЖҮР": МАХАББАТ – МӘҢГІ ЕРТЕГІ...

Уақыты: 30.07.2020
Оқылды: 1766
Бөлім: РУХАНИЯТ

Белгілі театр сыншысы әрі зерттеушісі Әшірбек Сығайдың  «Театр үшін негізгі база – драматургия. Театр драматургиясыз не күн кешпек, ал жақсы пьесаның сахнадан көрінбей-ақ дербес көркем шығарма ретінде өмір сүруіне әбден мүмкіндігі бар» (Толғам. Алматы, «Парасат» журналы, 132 бет) дегені бар. Жазылған пьесаның бәрі сахнада қойыла бермейді. Қойылған күннің өзінде біраз уақыт өте келе шет қалып қоюы да ғажап емес. 

Шығармалары сахнада көп көріне бермейтін жазушы, драматургия атты ауқымды салада тер төгіп, еңбек етіп келе жатқан қаламгерлердің бірі – Сұлтанәлі Балғабаев. Жазған шығармаларының басым бөлігін әйелдер қауымына арнаған драматург әртүрлі жанрдағы пьесаларды дүниеге әкелді.  «Әйел – ана!  Әйел – қайраткер! Әйел – құрылысшы!» деп нәзік жандылар дүниесін зерттей білген және осы тақырыпқа аса қатты мән берген жазушы-драматург шығармалары еркек пен әйелдің арасындағы саналуан қайшылықтарды тұрмыстық-әлеуметтік хал-ахуал мәселелерін қамтыған. 
«Трагикомедия – көркем шығарма жанры, онда кейіпкердің қате басқан қадамы оның өзін де, оны қоршаған адамдарын да азап пен күлкі мазаққа салады»   (Б. Құндақбайұлы және бүгінгі өнертанудың өзекті мәселелері. Алматы, 2012. 144 бет) деп Шахимерден Құсайынов атамыз айтқандай, бұл мәселенің Сұлтанәлі Балғабаевтың «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек» атты екі бөлімді трагикомедиясында байқалатыны айдан анық. Әйел психологиясы арқылы шынайы өмір бейнеленетін мұңлы комедияда пендешілік пен адамшылықтың аражігі астарлы оймен баяндалады. Басты кейіпкерлердің бірі Алпан қоғамдағы ерлер бейнесінің жиынтығы іспеттес. Драматург «Ең жақсы еркек» атанған Алпан деген жігітті басты кейіпкер қылып,  соның төңірегіндегі барлық жағдайларды суреттеген. Алдымен, сол «Ең жақсы еркек дегеніміз кім?» деген сұраққа  аса бір назар аударып қарайық. Бұл сайыс қазіргі таңда әр аймақта жиі өткізілетін «Жігіт сұлтаны» байқауы. Автордың бүйрегі комедияға сәл жақын болған соң жарыстың атын өзгерткені оқырманның қызығушылығын танытады. 
«Жігіт сұлтаны» атанған адамның нәзік жанды аруларды өзіне арбап, соңында сол әдетінен опық жейтіні бесенеден белгілі. Сол себепті де әйелінен бөлек екі бірдей қыздың жүрегін жаулаймын деген басты кейіпкердің басы бәлеге қалады. Қайткен күнде де екі кеменің басын ұстаған адамның суға кететіні бәрімізге һақ.
Шығарма  идеясы,   тақырыбы,   сюжеті,   оқиғалар   желісі   бойынша өте тартымды. Өте шеберлікпен жазылғандықтан  кейіпкерлер бейнесі айқын, бір-біріне ұқсамайды. 
Драматургтың кейіпкерлеріне таңдап алған ерекше есімдері қазіргі таңда көп қолданыла бермейді. Кейбір әйел ныспылары қазақтың халық әні «Ағажан Ләтипадан» алынды ма деген ой туады. Өйткені, әуелеген әуезді ән жылдам темппен айтылып, көтеріңкі көңіл күй береді. Сондықтан да қаламгер Гүлмайдан, Ләтипа сынды бейнелерді иненің көзінен өткендей пысық қылып суреттейді. 
Шығарма барысындағы оқиғаның өрбуі «Әйелдер әлемі» клубы мүшелерінің Алпанның үйіне құттықтап баруынан бастау алады. «Ең жақсы еркек әйелінен  басқа өзге  ешкімге көз салмау керек» деген ұстанымды зерттеуші ұйым мүшелері жігіттердің психологиясының қандай екенін білу мақсатында келгені түсінікті.
Пьесада әйелдердің махаббатқа адал екенін аңғарамыз. Оған бірден-бір дәлел – Алпанның әйелі Гүлмайданның бейнесі.  Драматург өте жақсы аша білген осы кейіпкердің бойынан адал жар, сүйікті құрбы және жақсы адамға тән көптеген тамаша қасиеттерді байқадық. Мәселен, ол шығарманың басында ауырып жатқан жұбайының жағдайын ойлап уайымға батады, жазыла бастаған сәтінде еркелетіп, көңілін өсіруге тырысады.
Ескере кететін бір жағдай, күйеуі облыстағы ең жақсы еркек бола тұра өзін қарапайым әйел ретінде сезінуі Гүлмайданның бойында қазаққа тән қарапайымдылықтың, кішіпейілдіктің бар екенін аңғартады. 
Жоғарыда айтып өткендей, махаббатқа адал тағы бір нәзік жанның бірі – Алпанға ғашық қыз Ләтипа. Өлең жолдарымен жігітке сезімін білдіретін батыл аруымыз құрыққа оңай түседі екен. Саябақ бөктерінде сезім құшағына берілген қыз «Махаббат! Махаббат! Келсейші сен маған! Қайдасың, махаббат?» деген өлең сөздерімен сүйіктісін шақырады. Сонда бұл қыздың сезім шапағатына соншалықты зәру болғаны ма?  
Жарайды, махаббатын жан- ұшырып іздеген қыздың сезіміне шарпылған еркек не істейді? Әрине, «Мен мұндамын» деп күтпеген жерден тасадан шыға келеді. Қыз болса, біраз уақыт өткен соң жігіттің үйіне іздеп келіп тұратын жағдайға жетеді. 
Пьесада Ләтипаның басынан дәл осындай жағдай өтіп, соңында Алпанның үйіне келемін деп басы бәлеге қалады. Жоқ жерден бәйбіше мен клуб мүшелеріне жолығып, өзінің кім екенін айтуға тура келеді. 
Алпан үйіне сезімін өлеңдетіп білдіретін Ләтипаны ғана шақырған жоқ. Бишілік өнерімен Алпанды өзіне тәнті еткен Айләззат есімді ару да дәл осы күні көпшіліктің көзіне ілігеді. Сөйлеген сөздерінен биязы мінезді қыздың тым жас екені білінеді. Алпанды аға деп ардақтап, сыйлап, уайымдағанынан бойындағы ғашықтық сезімінің дертке ұласып бара жатқаны тайға таңба басқандай айқын байқалады.  
Айләззаттың «Ылғи түстен кейін, оңашада келіп билейтін ем» деген сөздеріне зейін салсақ, түбінде бір мағына жатқан секілді. Жас қыз оңашада әйелі бар еркекпен билеп жүр. Қисынға келеді, бірақ, не дегенмен де ұлттық менталитетке жат. Осы жерде драматург Айләззаттың мінезін, образын жан-жақты аша алмады-ау деген ойға амалсыз табан тірейсің. Жеңілтек қыз дейін десең, соңынан жүгіріп жүрген жігітке қарамайды. Қарамақ тұрмақ көзіне де ілмейді. Керемет қыз дейін десең, үйлі-баранды азаматтың үйінде би билеп жүр. Жұмбақ мінезді ару демеске амал жоқ... 
Әуелі еркек, кейіннен әйел болатын кейіпкеріміз – Ысфандияр. Махаббаттың уына бой алдырғаны соншалық, жынысын ауыстыратыны күлкі тудырады.  Бір қыздың сезімі үшін өз өмірін құрдымға жібергені еркек атаулының атына кір келтіреді. Еркек емес, ез десең де қателеспейсің. Бірақ, қаламгер-драматургтің ой-қиялына шек келтіре алмайсың. Бүгінде жігіттердің қызға, қыздардың жігітке айналуы өте өзекті болып бара жатқан мәселе. Бірақ, бұл мәселені осы шығармада қозғауы керек пе еді деген сұрақ тағы туындайды. Қызды өзіне қарата алмайтын ынжық жігіттің осындай қисыны жоқ іс-әрекетке бет бұруынан маңында жүрген жақындарының да опық жеуі мүмкін.  Осынау аса өзекті тақырып болашақта кеңінен талқыланады деген ойдамыз...
«Дуа жасап ауру етіп тастапты, дуасын алдырып ауруынан айығыпты, дуалап біреудің күйеуін өзіне қаратып алыпты, дуалап жолын жауып тастапты» деген сияқты әңгімені естімеген адам жоқ шығар, сірә! Жалпы, пьеса трагикомедия жанрында болғанымен ішкі  кейіпкерлеріне  байланысты осындай әртүрлі иірімдер кездеседі. Соның бірі – мистикалық образ тудырушы экстрасенс, тәуіп әйел  Мәдина-Магдалина. 
Иә, атының өзі кім екенін білдіріп тұр. Мифтік аңыздарға сүйенсек, христиан ілімінде Мария Магдалена деген әйелдің болғанын бәріміз білеміз. Ал шығармада ол дуалаушы әйел. Айтатын сөздеріне мән берсең көз алдыңа денесін тік ұстайтын, өмірі күлмейтін, өз айтқанынан қайтпайтын бірбеткей әйел елестейді.  Әсіресе, Алпанды дуалап жатқандағы кейпі керемет.
Сананы улап тастайтын гипноз басты кейіпкердің өткен өмірін ұмыттырып, болашағын түбегейлі өзгертеді. Одан жан жары Гүлмайдан да жапа шекті. Дуаның кесірінен Алпан қызғаншақ болып кетеді. Менікі ғана болып тұруы керек дейтін үрдіспен басқаның баршылығына қызғанышпен қарап, барын бағаламайды. Соның кесірінен «Ең жақсы еркектің» өмірі тас-талқан болмай қайтсін? 
Жалпы айтқанда, айрандай ұйып отырған отбасының шаңырағы шайқалды. Жігіт тарапынан да, клуб мүшелерінің тарапынан да кінә көп. Осылайша бір еркекті түзейміз деп барлық топ мүшелері өздеріне  өмірлік сабақ алады. 
Жігітті бір көргеннен ұнатқан қыздардың сүйген адамын үйіне іздеп келгендері шынайы сезімнің шырмауына түскендерінің анық дәлелі. Ұнатқан пенденің ұғымында тек бір ой ғана бар. Ол – жақсы көру. Бірақ, жақсы көрдім деп кім көрінгеннің айтқанымен жүре беруге тағы болмайды. Екі жастың арасына есі кеткен түседі. Осы шығармада есі кетіп тұрғандар – клубтың мүшелері. Қателік жігіттің есебінен де кетіп тұр. Әйелің бола тұра өзгеге көз салу адамзаттың табиғатына жат дүние. Өзектілігі айқын осы тақырып сахнадан көрініс табуы тиіс.  

Тәңірберген Ембергенов,
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті