АЩЫ ШЫНДЫҚ: КІТАБЫНЫҢ БЕТІН АШЫП ОҚИТЫНДАР АЗ

Уақыты: 25.07.2020
Оқылды: 1634
Бөлім: РУХАНИЯТ

Абайды таныған сайын оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек, сүңги беруің керек. Ал мен оның бетін ғана қалқыдым», – депті заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. Дана Абайды жарты әлемге танытқан Омарханның Мұхтары Абай руханиятының бетін ғана қалқыса, былайғы жұрт (ішінде өзім де бармын) біз әлі сыртынан ғана тамсанып, қызығып қана жүрген жан болмаймыз ба? Сөйте тұра, ел аузында жиі айтылатын данышпанның бірер сөзін жаттап алып, Абайды толық танығанның кейпін көрсеткіміз келеді. Абайын таныған адам өзін жаратқан Құдайын анық таниды. Ал Құдайын таныған пенденің, хәкім айтқандай, «толық адам» болып қалыптасуына кәміл сенімдімін. Абай мұрасын санасына тоқитындар былай тұрсын, кітабының бетін ашып оқитындардың аз екені ащы да болса шындық. Қазағына қалдырған хатын ашып оқымаса да атын айтып мақтанғанды абырой көріп жүргендер қаншама?! Дананың ұрпағымын деп мақтанудан бұрын алдымен қазынасын ақтару керек. Әр сөзінен ғибрат алып қалу керек те, содан кейін барып кеуде керіп шаттануға болады. Осылай таразыласақ, бүгінгі қоғам Абайдан қаншалықты алыс екенімізді көрсетіп береді. Төменгі сынып оқушылары (дәстүрлі өткізіліп жүрген Абай оқуларына қатысатын санаулы ұл-қыздан басқасы) мектеп бағдарламасындағы бірнеше өлеңнің аты мен бірер жолын білетіні болмаса, Абайдың кім екеніне толыққанды жауап бере алмайтыны да ақиқат. Студенттер әлемі де бұдан аса алшақ емес. Мектептегі жағдай жаңағыдай болса, сол партадан шыққан оқушы студент атанғанда абайтанушы болып кетпейтіні де шындық. Өкініштісі, данышпан Абай атамның көп жағдайда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандары ғана оқитын оқу құралына айналып бара жатқаны. Көңіл қойып, зер салып оқысаңыз адамзатқа ұстаз болуға лайықты Абай дананың ақылын өз қазағының керек қылмай жатқаны жанымды ауыртады. Ауырған жаныма ем іздеп, дана мұрасын аз болса да оқырманыммен бөлісіп, заңғар Мұхтар аманатын орындап, маржан ойын сүзіп алу үшін сіздермен бірге сүңгіп шықсам деген ниетпен Абай дарияның жағасына келдім. Шешінген судан тайынбас, бірге сүңгіп көрейік, ардақты оқырманым!

Абай атамның ақылын тыңдасақ, баяғыда-ақ ел болып кетер едік-ау! «Қазір не, ел емеспіз бе?», – деген сумақай сұрақ санаңызға сап ете қалуы мүмкін. Әрине, қу шөппен ауызды сүртуден аулақпын. Құрыдық, біттік, құрдымға құладық, енді қайта тұра алмаймыз деп қарасуды кері ағызғаным да дұрыс болмас. Дегенмен, сөз шындықтан бұзылмайды. Шер-ағам, ой түбінде жатқан сөзді шер толқыта айтатын Шерхан Мұртаза ағамнан қалған «БІР КЕМ ДҮНИЕ» дәл қазіргі жағдайда «МЫҢ КЕМ ДҮНИЕГЕ» айналып бара жатқаны ақиқат. Ертеңіме сенейін десем, сенген серкелер сенімімді селге ағызып, келешекке деген үмітіме үрке қарайтындай жағдайға алып келді. Өңешінен өтіп, өзегіне жегіқұрт болып түскен жемқорлықтың кесірінен бүгінім біртүрлі, болашағым бұлыңғыр. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық салтанат құрған заманда өмір сүріп жатырмыз. Кез келген аурудың емі табылатыны сияқты, жан дүниесіне жара болып жабысқан жемқорлық пен парақорлықтан да арашалап, аман алып шығатын ем-домы бар. Оның емі – данышпан Абайды оқу. Жүрегінде иненің жасуындай иманы, бетінде моншақтың тесігіндей ұяты бар болса, кез келген парақор мен жемқор Абай атамның мына бірауыз сөзін оқу арқылы адам болуға мүмкіндік алатын еді. «ҚҰДАЙДАН ҚОРЫҚ, ПЕНДЕДЕН ҰЯЛ». Алланың бұйрығы мен тыйымдары жазылған Құранды оқымайтын кез келген жанға жамандыққа бой алдырмай, бойындағы нәпсісін ояндырмай адам деген атқа лайықты өмір сүруі үшін Ибраһим хакімнің дәл осы бірауыз сөзінің өзі бағдаршам бола алатын еді. Амал қанша?!
Ақыры ақыл-дарияға сүңгіген екенмін, маржанын теріп, сіздерге де сыбаға беріп көрейін. Қоғамдағы кез келген жамандық атаулы, ол билікте мейлі қарапайым халық арасында болып жатсын – Құдайдан қорықпағанның нәтижесі. Әсілі, осы сөз кез келген шенді-шекпендінің қызмет бөлмесіндегі босағаның маңдайшасында жазылып тұруы керек. Қым-қуыт тірліктен шаршаған кейіп танытып, жұмсақ креслосына шалқая отырғанда көзі осы сөзге түсіп, өзі де тәубасына келетін шығар деп ойлап қоямын. Әйтпесе, Құдайын ұмытқан шенді-шекпенділердің құныққаны соншалық, ел басына екі талай күн туса да жемқорлығын қоймай отыр. Арасында ұсталып, абыройы айрандай төгіліп жатқандары қаншама?! Кейбір құрықталған жемқордың торға түскен балықтай бұлқынып,  ақталып жатқанын көресің, бірақ темір торға тоғытылыпты дегенін естімейсің. Керісінше, айналамызды жемқорлық жаулап алғаны соншалықты, парамен ұсталған адамның парамен бостандыққа шығып кеткенін естисің. Данышпан Абай атам-ай, шынымен Құдайдан қорықпаған неме пендеден ұялмайды екен ғой деп күйінгеннен басқа қолдан келер шара жоқ. Несін жасырайық, қазір биліктен қадір, былайғы жұрттан қанағат кетті. Биліктің қадірсіздігі – көп нәрсеге дәрмені жүрмей қалды. Пәрмені жетеді-ау, ендеше неге дәрменсіз?! Сананы күдік жаулағаны соншалық, «жең ұшынан жалғасқан жемқорлық та баяғы» дейтін күмән сумаң ете қалады. Өйткені, биліктің көп жағдайда болып жатқан қате-кемшіліктерге көз жұма қарайтыны жасырын емес. Ашынған жұрт айғайға басқанда ғана әрең бұрылатын тоңмойындығы тағы бар. Халық бір жағада суға кетейін деп жатқанда екінші жағада тұрып, қармағын арнаға тастап қойып, соны тамашалап отырған билікте қандай қадір болсын. Сондай қадірсіз кадрлардың салдарынан биліктегі саны аз болса да сапалы азаматтар көрінбей қалады. 
Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, халықтың да ішінде Құдай сүйер қылығы жоқ жандар да жетіп артылады. Қарапайым жұрттың да қанағатсыздығы жоқ емес. Ауадан ақша жасап, байлыққа белшесінен батқысы келеді. Құлағанды тұрғызып, жылағанды жұбататын қазақы қалпымыз әлдеқашан шытынап, жығылғанға жұдырық болатын жаман әдетке бой алдырғанбыз. «Өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын» қазақ едік, бұл қасиетімізге де сызат түсті. Біреудің үйі өртеніп жатса, өшірісудің орнына бас үйтіп, пайда көріп жүргендер де баршылық. Бұл да сол Абай атамыздан алшақтағанымыздың көрінісі. Абай тәлімінен тағылым алып, сол ақсақал қалдырған білімнен сусындасақ, адамдық болмысымызға дәл бүгінгідей көлеңке түспейтін еді-ау! Құдайдың құлы, Құнанбайдың ұлы «ПАЙДА ОЙЛАМА, АР ОЙЛА», демеп пе еді тағы да! Тарихқа көз жіберсек, ара-тұра бір тентегі шығып, сүйекке таңба салмаса да, көңілге сәл көлеңке түсіріп қоятыны болмаса, бәрінен АРЫН биік қойған ел емес пе едік? Енді қайда сол АРЫМЫЗ?!              
Байқап қарасақ, бес күн жалған өмірдің беталысы – беттің арын белбеуге түйіп қойып күн кешуге айналып барады. Обал-сауап дегеніңіз көп жағдайда ескерілмейтін болды. Кінәні кімге аударып, кімнен көреміз? Абай атамның асыл мұрасын ақтарып отырып, көңілге түйген бір мысқал ойым осы – шынымен де Құдайдан қорқуды, пендеден ұялуды қойып бара жатқандаймыз. Соның салдарынан жамандық атаулы жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келеді. Сонда замана көші тек осындай көңіл құлазытқан қу медиендей көрініспен өтіп кетпек пе? Онда жанталасып жүрген өмірдің мәні мен мазмұны қайда? Жылап келіп, кейіп өтеміз бе? Еңсеңді басып, түнеріп тұрып алатын қара бұлттай қалың ойдан Абай атам өзі суырып алды. Жоқ, өмір тек құлазудан тұрмайды екен. Қуанатын жағдай, қуантатын жандар болады екен. Абай атамның:
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Көңілде кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі, – дегеніндей жүрегінің көзі ашық, Хақтың сәулесі құйылған, яғни Алланың нұрына шомылған, кеудесі сыр-хикметке – жомарттық пен мейірімге толы жандар да бар екен. Солар таразының басын теңшеп, жамандықтың басып кетпеуі үшін жақсылықтың жүгін көтеріп, ізгілікпен із қалдырып жүреді екен. 

Біздің көңіліміз қалып отырған биліктегілер де оқыған. Соншалық биікке білімсіздігімен көтерілді дей аламыз ба? Жоқ, әрине. Мәселе, қандай білімде? Ең әуелі, Абай атам айтқандай, "Құдайдан қорқатын, пендеден ұялатын" білім керек. Яғни, арлы, ұятты, иманды, ибалы, намысты, жігерлі ұрпақ тәрбиелемек керек. Мұны бірауыз сөзбен  әл-Фараби бабамыз айтқан  тәрбиемен берілген білім  десек болады.

Жемқорлық шегіне жеткен, парақорлық арнасынан асқан қоғамда қар астындағы қарғалдақтай мінезі көркем, әрекеті әдемі жандардың қайырымды істері қайғы басқан көңілге сәуле болып құйыла кетеді осындайда. Дүние жақсы адамсыз емес. Ендеше, жақсылықтың тамырын тереңге салып, бұтағының бүр жарып, гүл ашуына үлес қосайық. Бұқараның билікке көңілі толмайтыны бүгінгі қоғамның ғана көрінісі емес. Адамзат жаралғалы бері келе жатқан пендеге тән кемшілік. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда да арандатушылар мен алаяқтар өмір сүрген. Адамның бойындағы жаман әдет өздігінен кетіп қалмайды. Оны жақсы әдетпен ығыстыру арқылы ғана жеңе аламыз. Сондықтан, билікке өкпемізді артып отыра бермей, жүрегінің көзі ашылған аз жақсының қасынан табылып, қатарын көбейтейік. Биліктегі жемқор мен айналамыздағы парақор көктен салбырап түскен жоқ, олар да осы ұлттың ұлдары мен қыздары. Осы орта тәрбиелеген, осы қоғамның жемісі. Сонда қайтпек керек? Данышпан Абайға жүгінейік. Жоғарыда айтқанымдай, оның атымен ғана мақтанбайық, қалдырған хатымен қауышып, содан ғибрат алайық. Адам өздігінен ақылды болып кетпейтінін, оның жақсы болуына жақсы ата-ана, жақсы орта, жақсы құрбының әсер ететінін де айтқан Абай атам. Ендеше Ибраһим дананың аманатына қиянат жасамай, лайықты амал етейік. Ол, әрине, Абай мұрасын оқумен ғана шектелмейді. Соған сай ұрпақ тәрбиелейік. «Елу жылда ел жаңа» деген қағиданы қатты ұстайтын елміз ғой. Тәуелсіз ел болғалы отыз жыл толды. Яғни, бізде жиырма жыл мүмкіндік бар. Бүгін мектепке барған ұрпақ жиырма жылда елдің тізгінін ұстайтын азаматқа айналады. Алдын алып жатса да бас бермес асаудай арындап келе жатқан жемқорлықты бүгін-ертең тізгіндей алмайтынымыз ақиқат. Ендеше қоржынымыздағы жиырма жылды сарқылмас қорымызға айналдыру үшін осынша уақытты тиімді пайдалануымыз керек. Қалай пайдаланамыз деген сұрақ мазаласа, Абай атамның ақылына амал етейік. 
«Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең –  оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?».
Құдайдан қорқып, пендеден ұялудың қандай екенін жоғарыда шамамыз келгенінше тәпсірледік. Дана бабам «балаңды оқыт» дейді. Шамасы келгені де, келмегені баласын оқытып-ақ жатыр ғой. Біздің көңіліміз қалып отырған биліктегілер де оқыған. Соншалық биікке білімсіздігімен көтерілді дей аламыз ба? Жоқ, әрине. Мәселе, қандай білімде? Ең әуелі, Абай атам айтқандай, «Құдайдан қорқатын, пендеден ұялатын» білім керек. Яғни, арлы, ұятты, иманды, ибалы, намысты, жігерлі ұрпақ тәрбиелемек керек. Мұны бірауыз сөзбен әл-Фараби бабамыз айтқан тәрбиемен берілген білім десек болады. Әйтпесе, не маған, не өзіне, не жұртына рахат көрсететін ұрпақ шықпайды.
«Ашынғаннан шығады ащы дауысым» дегендей, сөз басында өзім де біраз ашуымды айттым. Бірақ билікке ашынып, жемқор мен парақорға кіжініп, күйзеліске ұшырағаннан гөрі Абай атамның сөзін санама салып, соған қарай амал етейін. Сіз де сөйтіңіз, оқырманым! Абай атамды тыңдаңыз: «Жамандықты кім көрмейді, үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің! Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?!»

Жұматай ӘМІРЕЕВ